BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 431.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Сағынтаев «Еуразиялық апта» форумында экономиканы цифрландырудың маңызын түсіндірді

Фото: inform.kz

ЕАЭО бірыңғай цифрлық кеңістігінің әзірленіп жатқан жобасы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің, адамдар мен капиталдың еркін қозғалысын қолдайтын негізгі элементтердің біріне айналуы тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Астанада өтіп жатқан жыл сайынғы «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумы барысында мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі strategy2050.kz-ке сілтеме жасап.

«Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша экономиканы цифрландыру әлемдік экономика ландшафтын түбегейлі өзгертеді және 2025 жылға дейін әлемдік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін қамтамасыз ете алады. Қазір ЕАЭО бірыңғай цифрлық кеңістігінің жобасы белсенді дамып келеді, ол тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің, адамдар мен капиталдың еркін қозғалысын қолдайтын негізгі элементтердің біріне айналуы тиіс. ЕАЭО цифрлық тәртібі біздің өз әзірлемелеріміз ғана емес, сонымен қатар ең жаңа әлемдік жетістіктер де енетін жинақтаушы база болмақ», - деді премьер-министр.

Осы ретте спикер Қазақстан өзінің цифрлық тәртібі бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Біз жуық арада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен таныстырамыз. Оның мақсаты – экономиканың базалық секторларындағы әлеуетті іске асыру және әртараптандыру, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және жаңа технологиялық тәртіп салаларын құру. Қазақстанда цифрландыруды дамыту үшін экожүйені жүйелі дамытуды, экономика салаларын өзгертуді, электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен креативті қоғам құруды көздейтін кешенді тәсіл қолданылуда», - деп қосты Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Белгіленген тарифтердің бекітілген қағидалары туралы да айтып өтті.

«Сондай-ақ, бүгінгі пікірталастың негізгі бағыттарының бірі жасыл экономиканың бәсекеге қабілеттілікке әсері болмақ. Жаңартылатын энергия көздері секторы Қазақстанда жасыл экономиканы дамытудың маңызды бағыты болып табылады. Белгіленген тарифтер жүйесі арқылы іске асырылатын мемлекеттік қолдау жүйесі әзірленді. Бұл механизм өзінің өзектілігін көрсетіп, жел, күн және басқа да энергия түрлерінің қолданылуымен электр энергиясын өндіру жобаларын іске асыруға мүмкіндік берді», - деп қорытындылады Қазақстан Премьер-министрі.

Еске сала кетейік, Астанада еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырған жыл сайынғы «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумы өтуде.

Еуразиялық аптаға қатысу үшін елордаға 42 елден мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнс қауымдастықтардың өкілдері келді. Еуразиялық апта бағдарламасына ЕАЭО жалпы нарығы үшін стратегиялық маңызды экономиканың 13 саласын қамтитын 30-дан астам пікірталас іс-шарасы кіреді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер