USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Енді отандық кәсіпкерлер шағын несиелер арқылы өз бизнесін кеңейте алады – Қ.Бишімбаев

Фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысында қалалардағы кәсіпкерлік қызметті кеңейту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста Қуандық Бишімбаев «Өнімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлік» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге бизнесін кеңейту мақсатында шағын несиелер беру қарастырылғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша жыл сайын азаматтарға 2 500-ден астам қарыз беру жоспарланып отыр. Оның 20%-ы стартап жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Кәсіпкерлік дағдысына 15 мың азаматты үйрету көзделген.

«Жаңа кәсіп орындар мен жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге 6%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 16 млн теңгеге шағын несие беріледі. Операторы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Шағын несиелер екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдар арқылы тікелей беріледі», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі бүгінде қаржы институттарының осы бағдарламаға қатысу шарты әзірленгенін атап өтті.

«Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдіктің көлемі шағын несие құнының 85%-ын құрайды. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіп орындар үшін – 50%. Енді отандық кәсіпкерлер өз бизнесін шағын ниесиелер арқылы кеңейте алады», - деді Қ. Бишімбаев.

Сондай-ақ, министр «Өнімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлік» бағдарламасының нәтижелі болуы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тікелей байланысты екендігін атап өтті.

«Бағдарламаның нәтижелі болуы жергілікті атқарушы органдардың өзара тиімді жұмысына байланысты», - деді ол.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады