BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қазақстан Doing Business-тегі рейтингін көтермек – Сағынтаев

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елордада өткен Қазақстан-Эстония бизнес форумында айтты.

«Жақында Дүниежүзілік банк «Doing Business-2019» рейтингін жариялады. Онда біз алғаш рет үздік 30 елдің қатарына кірдік. Еліміз бірден 8 сатыға көтеріліп, 28-орында тұрмыз. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз. Ал Эстонияның 16-орында екенін білеміз. Мақсатымыз – келесі жылы одан да жоғары көтерілу», - деді ҚР Премьер-министрі.

Сағынтаев бұған аталған рейтингте көтерілуге кедергі жасаған факторларды атады.

«Қазақстанды «Doing Business»-те ұстаған индикаторлардың бірі халықаралық сауда болатын. Басында халықаралық сауданы теңіз портынан қаншалықты алыс екеніне қарап қарастыратын. Әрине, біз теңізге шығатын жолы жоқ елміз. Бірақ қазір есептеу әдісі өзгерді. Енді тауарларың шегарадан қаншалықты тез шығуына қарайды. Бұл жерде көп жұмыс атқардық», - деді үкімет басшысы.

Айтуынша, халықаралық сауда бағытындағы тиісті заңнамалық құжат қабылданды.

«Қытаймен шегарада «Астана-1» құжаты жіберілді. Электронды есепшоттар қазір электронды түрде рәсімделеді. Қазір жүктің 80%-ы «жасыл дәліз» бойынша Қазақстан мен Қытай шегарасынан өтеді. Биыл жасалған реформа келесі жылы толық іске асырылып, Солтүстік банк тарапынан үлкен реформа ретінде есептеліп, рейтингте Эстонияның қасында боламыз деген үміттемін», - деп бөлісті Сағынтаев.

Эстониялық Премьер екі ел арасындағы маңызды салаларды атады.

«Ең алдымен, сіздің Премьер-министрмен өте маңызды және нәтижелі кездесу болды. Біз Қазақстан мен Эстония арасындағы ынтымақтастықты, сонымен қатар цифрландыру, білім, ауыл шаруашылығы саласын талқыладық. «Бір белдеу, бір жолды» да қозғадық. Эстония бұл бастамаға қатысуға ниетті, себебі ол - екі ел арасын біріктіретін теміржол», - деді Ратас.

Оның айтуынша, екі елдің халық саны бойынша айырмашылығы үлкен болса да, екіжақты экономикалық ынтымақастықты нығайтатын бағыттар көп.

«Қазақстанның 18 млн халқы, мұнай және маңызды сауда байланысы бар. Ал Эстонияда 1,3 млн тұрғын бар. Алып орман мен хайтек бағытымыз мықты. Дегенмен, аталған айырмашылықтарға қарамастан, екі ел арасында ІТ, транспорт, логистика, ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар мен қалдықтарды басқаруда ынтымақтастығымыз бар. Бұл тізімды болашақта ұлғайтамыз деген ойдамын», - деп қосты эстониялық премьер.

Эстония – Солтүстік Еуропадағы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2018 жылдың 8 айында екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 21,8 млн долларды құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда эстониялық капиталдың қатысуымен 70 компания жұмыс істейді.

Қазақстан мен Эстония өзара тауар айналымды арттыру мақсатында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтасты жандандыруға ниетті. Сондай-ақ транзиттік және көлік саласындағы ынтымақтастықты, экологиялық және энергия үнемдеу технологияларын, су үнемдеуді, ІТ-технологияларды дамытуда ынтымақтастықты арттыру көзделіп отыр. Бұл салалар бойынша Эстония Еуропалық одақта айрықша орын алады.

Бизнес-форумның негізгі мақсаты – жаңа іскер серіктестер табу, Эстонияның бизнес өкілдерін Қазақстандағы инвестициялық климаттан хабардар ету, еліміздегі инвесторларға көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды жеткізу.

Іс-шара барысында «KazakhInvest» АҚ өкілдері Қазақстанның инвестициялық жобаларын ұсынды, ал өз кезегінде «Enterprise Estonia» инвестициялық агенттігі эстониялық жобаларды көрсетті. Сонымен қатар, екі ел арасындағы бизнес серіктестік мәселелері, әсіресе цифрландыру саласы талқыланды.

Бизнес-форум соңында екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Дегенмен, қазіргі уақытта екіжақты сауда көрсеткіштері жоғары емес, оған әлемдік экономикадағы дағдарыс әсер етті.

Соңғы үш жылда ҚР мен Эстония арасында Қазақстанға импорт 29 % қысқарды, сондай-ақ Эстонияға экспорт та 26% азайды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 31,638 мың долларды құрады (эскпорт- 11,104 мың доллар, импорт 20,534 мың доллар). 2018 жылдың І жартыжылдығында екі ел арасындағы тауар айналымы 19,192 мың долларды (импорт – 14,712, эспорт – 4,480) құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Эстонияға мұнай майларын және битуминоз минералдардан алынған (шикі мұнайдан басқа) майларды, мыс, рафинадталған және мыс ерітінділері, өңделмеген алюминий, светодиодты лампалар және т.б. экспорттайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер