USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Тұңғыш Президент күні қарсаңында арнайы дәрістер оқылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Менің Тұңғыш Президентім» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған тәрбие сағаты және «Топ – 25 қызықты кітаптар» көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Іс-шара барысында «Н. Назарбаев – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негізін қалаушы», «Ұлы Дала Елі және тарихтағы тарихи сана хаһында» тақырыптарында дәрістер оқылды.

ҚР БжҒМ Мемлекет тарихы институтының мамандары – тарих ғылымдарының докторы, профессор Қарасаев Ғани Мұқашұлы және жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Ерімбетова Құндызай Мырзашқызы арнайы дәріс оқыды.

«Өмір болмыстан құралады. Болмыстан ақыл туады, ақылдан ой туады. Осы бір үш ғажайып нәрсе адамның тұғырын теңселтпей ұстап тұрады. Сол үш ғажайып нәрсе біздің Тұңғыш Президентіміздің бойында бар деп сеніммен айта аламын. ...Біз осы айтылған нәрлі сөздердің барлығын да Елбасының бойынан таба аламыз, және соны үлгі етеміз» - дейді дәріске арнайы шақырылған жазушы Марат Мәжитов.

Сонымен қатар, «Топ – 25 қызықты кітаптар» тақырыбымен кітап көрмесі қойылды. Мұнда түптеу өнері, полиграфиялық үлгісі, көркемдік безендірілуі жағынан сирек кездесетін кітаптар мен СD-дискілер, шағын көлемді басылымдар ұсынылды. Бұл қатарда «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың халық әндері», «Қазақтың батырлық дастандары» тәрізді кітаптар мен CD-дискілерден тұратын ұлттық антологиялар, «Жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшысы. Ұлт көшбасшысы», «Сенім. Дәстүр. Транспаренттілік. Төзімділік» кітаптары, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бар.

«Онлайн-режімдегі дәрісті еліміздің түрлі аймағынан кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары тыңдады. Айталық; Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» әмбебап ғылыми кітапханасы, Алматы қаласындағы №40 орта мектеп, Шымкент қаласындағы №22 «Ақжар» орта мектебі қатарлы рухани орталықтар мен білім ошақтары біздің кітапханада өткен дәрісті онлайн режимде тыңдауға мүмкіндік алды» - дейді кітапхана қызметкері.

Сонымен бірге, бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Біздің Президент. Көшбасшылық феномені» тақырыбындағы кітап көрмесінің ашылу салтанаты өткен болатын.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады