BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Петропавлда Үндістаннан келген 46 студент білім алып жүр

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті биылғы оқу жылынан медицина саласына мамандар даярлауға кірісті. Жаңадан ашылған бөлімде 108 студент білім алып жүр. Олардың 46-сы Үндістаннан келген жастар.

Бүгінгі күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия сынды тағы да басқа алыс-жақын шет мемлекеттерден келген 200-ге жуық студент оқиды. Амир Кхан Үндістан Республикасының Джайпур-Раджистан қаласынан келген. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған жас жігіт Қазақстанда білім алу мүмкіндігі туғанда көп ойланбапты. Енді ол Петропавлда 5 жыл оқиды. Шетелдік студентке Қазақстан ұнаса керек.

«Бала кезімнен өзгелердің дертіне шипа жасауды армандайтынмын. Дәрігер – қастерлі мамандық. Қазақстанға бірінші рет келуім. Адамдар өте қонақжай екен. Қазақ студенттерімен танысып, достасып үлгердік. Ауа-райы салқын болғанымен, әзірге мен үшін жағымды. Болашақта хирург болғым келеді», - дейді ол.

Үндістаннан келген студенттердің оқу ақысы жылына 850 мың теңге. Бұл сома қазақ жастарының төлемақысынан 30 пайызға жоғары. Шетелдік студенттердің Қазақстанға келуінің бір себебі – Үндістанда медицина мамандарын даярлайтын оқу орындары тапшы әрі оқу құны орта есеппен 10 есе қымбат.

«Жуық арада жоғары білімді кадрларды әзірлеу мақсатында замануи техника сатып алынады. «Физиология, анатомия және морфология», «Гистология және жасушалық биология» жаңа инновациялық зертханаларын ашу жоспарда бар. 3Д стимуляторлар – оқыту бағдарламалары, медициналық оқулықтар сатып алынады. Бұл мақсатқа университет бюджетінен 100 млн теңге бөлінген», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Медицина жоғары мектебінің директоры Әсет Ізденов.

Университет тарапынан шетелдік студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Жатаханадан орындар беріліп, ыстық тамақ ұйымдастырылған. Үнділік қыз-жігіттер ет жемейтіндіктен оларға арнайы ас мәзірі де әзірленген. Студенттерге жергілікті ұстаздармен қатар, Иорданиядан арнай шақырылған оқытушы дәріс оқиды. Жуық арады Солтүстік Қазақстанға Үндістаннан тағы 100 студент келмек.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер