BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Оқушылар баға үшін оқып келген – маман

Жаңартылған білім беру мазмұнындағы өзекті мәселелерді талқыға салу үшін 400-ге жуық ұстаз Астанаға келді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін «Қазмедиа» орталығында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен 2017-2018 оқу жылын қорытындылау бойынша «Крийтериалды бағалау жүйесі: тәжірибе, мәселелер, келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтуде.

Семинар-тренингте білім беру мазмұнын жаңарту жөніндегі мектеп координаторлары, 5 және 7-сыныптарға сабақ беретін ұстаздар, облыстар мен Астана, Алматы қалалаларының білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, облыстық, қалалық, аудандық әдістемелік орталықтарының жетекшілері қатысып жатыр.

Жиында жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу және критериалды бағалаудың қорытындылары талқыға салынады.

Республикалық семинар-тренингте сөз сөйлеген білім және ғылым вице-министрі еліміздегі білім ордаларын жаңартылған білім беру мазмұнына көшіру жұмысы жалғаса беретінін атап өтті.

«Жаңартылған білім беру мазмұнына баяу көшіп жатырсыңдар дейді. Бірақ бұл процесті тез жүргізу мүмкін емес. Бізге уақыт керек. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің графигі бар. Осы кесте бойынша жұмыс істейміз. Сіздердің тәжірибелеріңіз мол. Сондықтан сіздерді осы семинарда айтқан әрбір сөздеріңіз біз үшін өте құнды. Өз пікірлеріңізді еркін айтыңыздар», - деді Асхат Аймағамбетов жиналған мұғалімдерге.

Ал БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова республикалық семинарға қанша ұстаз қатысып жатқанын, жиында қандай мәселелер талқыға салынатынын жеткізді.

«Осы жиында жаңартылған білім беру мазмұнына көшу, критериалды бағалау бойынша жеткен жетістіктер, оқушылардың білім көрсеткіштері, білім сапасы қаншалықты көтерілді деген сұрақтарға жауап іздейміз. Сондай-ақ бүгін осы мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Бүгінгі семинарға еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық мұғалім қатысып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар Шолпан Каринова критериалды бағалау жүйесінің ерекшелігіне тоқталды.

«Биыл мектептерге критериалды бағалау жүйесі бірінші рет енгізіліп отыр. Бұл – жаңартылған білім мазмұнына кіретін талаптың бірі. Бұрынғы бағалау жүйесі бес балмен есептелетін. Бұл кеңестік білім беру жүйесінен алынған. Енді осы жүйенің ескіргендігі байқалды. Оны ұстаздар бірнеше жыл бойы айтып келді. Ал критериалды бағалау жүйесі оқушыны нақты жетістіктерге жетелейді», - деді ол.

Оның айтуынша, осыған дейін ұстаздар оқушыларға «2,3,4, 5» деп баға қойған. Бұл оқушылардың нақты білім деңгейін көрсетпейді. Енді қазақстандық оқушылардың білімі критериалды бағалау жүйесімен бағаланады. Яғни белгілі бір пәннің тарауын оқушылар өткеннен кейін мұғалім олардан сабақ сұрап, емтихан алып отырады. Осылайша, оқушылар балл жинайды. Пән бойынша қорытынды баға соның нәтижесінде шығарылады.

«Критериалды бағалау жүйесіне көшкен оқушылардан қорытынды емтихан алынбайды. Ол алынып тасталған. Соны ата-аналар түсінбей жатыр. Крийтериалды бағалау жүйесінде белгілі бір пәннің тарауын өткен кезде оқушылардан емтихан алынады. Бірнеше тақырыптар жинақталып, емтихан жүргізіледі. Нәтижесінден мұғалімдер қорытынды бағаны қояды, басқаша айтқанда тоқсандық жиынтық бағалауды жүргізеді», - деді департамент директоры.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы білім беру мазмұнын жаңарту жөніндегі жетекші мектептердің координаторы Нұржанат Еркінбаева критериалды бағалау жүйесі оқушының біліміне объективті баға береді деген ойда. Оның пікірінше, осыған дейін оқушылар баға үшін оқып келген.

«Ашығын айтқанда, жаңартылған білім мазмұнына оқушылар дайын болған жоқ. Өйткені, оқушылардың білімі кеңестік бағалау жүйесімен бағаланды. Осыған дейін балалар баға үшін оқып келді. Ал жаңартылған білім беру мазмұнында оқушының білімі арнайы критерийлар бойынша бағаланып, тоқсандық жиынтық бағалаумен сәйкестендіріледі. Мысалы, жаңартылған мазмұнына көшу арқылы біздің облыстың 5-7 сыныптардағы білім сапасы 20%-ке өсті. Ал жалпы облыста білім сапасы 60% болса, қазір ол көрсеткіш 75-80% артты. Сондай-ақ ата-аналар тарапынан ризашылық бар», - деп түйіндеді сөзін Нұржанат Еркінбаева.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер