Оқушыға жаңа бағдарламаның жұмыс дәптерлерiн пайдалану мiндеттi емес - БҒМ - Білім & ғылым|07 Тамыз 2018, 14:11
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Оқушыға жаңа бағдарламаның жұмыс дәптерлерiн пайдалану мiндеттi емес - БҒМ

Фото: ашық дереккөзден

Бүгiн Үкiмет үйiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Асхат Аймағамбетов жаңа бағдарламамен оқып жатқан оқушыларға арнайы жұмыс дәптерлерiн пайдалану мiндеттi емес екенiн айтты. Дегенмен, жаңа оқу бағдарламасы енгiзiлген жылы жұмыс дәптерлерi баршаға мiндеттелген болатын. Себебi, оқулықтар мен жұмыс дәптерлерi бiр-бiрiмен тығыз байланысты. Онсыз пәндi түсiну әрi үй жұмысын орындау ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар үшiн қиынға соғады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Қазiргi таңда Алматы қаласының тұрғындары, 1-2 сынып оқушыларының ата-аналары көптеген пән бойынша жұмыс дәптерлерiн сатып алуға оларды мiндеттеп жатқанын айтып шағымдануда. Жұмыс дәптерлерiн сатып алған ананың бiрi олардың бағасы 12,5 мың теңгеге жеткенiн айтқан. Ал, былтыр сатып алынған дәптерлердiң жартысы мүлде пайдаланылмаған. Соған қарамастан биыл да оларды жаңа дәптер сатып алуға мiндеттеген.

«Бiз нұсқама-әдiстемелiк хат пен алда өтетiн Тамыз кеңесiнде барлық педагогтар, мектеп директорлары, бiлiм бөлiмi мен бiлiм басқармасының басшыларына «ата-аналарға жұмыс дәптерлерiн сатып алу мен пайдалану мiндеттi емес, яғни оларды алудың қажеттiлiгi жоқ» деп айтамыз. Яғни, жұмыс дәптерi - оқуға арналған қосымша материал, қосымша құрал. Сондықтан, кiм жұмыс дәптерлерiн пайдаланғысы келсе, оларды қолдана алады. Ал, егер кiмде кiм жұмыс дәптерлерiн сатып алуды талап етсе, бұл заңсыз екенiн бiлiңiздер. Бiз осындай жағдай туындаса тиiстi шаралар қабылдаймыз», - дедi Аймағамбетов.

Вице-министр оқушы сөмкесiнiң ауыр болуын да осы жұмыс дәптерлерiнен көрдi. Оның айтуынша, дәптерлер пiшiнi мен салмағы бойынша оқулықтамен бiрдей, кейде тiптi одан да үлкен болады.

«Жұмыс дәптерiнсiз оқулықпен ғана тиiстi бағдарламаны игеруге болады. Ал, «жұмыс дәптерi болмаса үй жұмысын жасай алмаймыз, мектепте сабақ оқи алмаймыз» деген ой негiзсiз деп санаймын. Бұл бұрынғы кiтаптар. Оның жалпы ештеңесi өзгерген жоқ, тек методикасы өзгердi. Жұмыс дәптерiнде қосымша ғана ақпарат бар. Ал, барлық керектi ақпарат, мектептiң бағдарламасына сәйкес ақпарат бiздiң оқулықтарда қамтылған», - деп жауап бердi Baq.kz тiлшiсiнiң сұрағына Асхат Аймағамбетов.

Вице-министрдiң айтуынша, жұмыс дәптерлерiн кейбiр жергiлiктi әкiмдiктер сатып алса, кейбiр әкiмдiктер мектептерге сатып алмауы мүмкiн. Сондықтан, олардың оқушыларға тегiн берiлу-берiлмеу мәселесi жергiлiктi әкiмдерге байланысты болып тұр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер