BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Менталды арифметика: жарқыраған жарнамаға сенуге бола ма?

Фото: Автор

Менталды арифметика! Небәрі 2-3 айда балаңыз күрделі сандарды ойша қосып-азайтуды үйренеді. Бір жылда ұрпағыңыз данышпан болады... Жарқыраған жарнама шындыққа қаншалықты жанасады? Менталды арифметика кімге пайдалы, Baq.kz ақпарат порталының СҚО-дағы тілшісі зерттеп көрген еді.

Менталды арифметика курсы 10-12 деңгейден тұрады. 4 пен 16 жас аралығындағы балалар оқытылады. Петропавл қаласының тұрғыны Алма Қалиеваның тұңғышы Бекзаттың менталды арифметика курсына барып жүргеніне 1,5 жыл болыпты.

«Балама менталды арифметика ұнайды. Ол бұған дейін баяу ойлап, баяу қимылдайтын. Қазір аздап жылдамдық пайда болды. Менталды арифметика баланың есте сақтау қабілетін жақсартады деп ойлаймын. Оқуды жалғастыра береміз», - дейді Алма Қалиева.

Петропавл қаласы бойынша менталды арифметика курстарының ақысы орта есеппен 7-15 мың теңге аралығында. Сабақ аптасына 1 рет өтеді. Жаттықтырушылардың айтуынша сұраныс бар.

«Менталды арифметикамен 5-16 жас аралығындағы балалар айналысады. Бұл жастағы балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Біздің мақсатымыз бүлдіршіндерді менталды арифметика арқылы оқуға, білімге, ой ұшқырлығын дамытуға баулу», - дейді менталды арифметика жаттықтырушысы Айнагүл Жолаушина.

Әр таяқтың екі ұшы бар. Бұл жерде де педагогтар қауымының пікірі қаққа жарылды. Бірі менталды арифметика білім көзі десе, екіншілері қаражат пен уақытты босқа шығындау деп есептейді.

«Менталды арифметиканың көмегімен балаға тез қосып, азайтуды, көбейту-бөлуді үйретуге болады. Бірақ негізгі математикалық амалдарды үйренгенімен, бала теңдеу-теңсіздіктерді шешуде айқын нәрселерді ажырата алмай қалуы мүмкін. Оқушы тек белгілі бір шаблон арқылы жұмыс істеуге дағдыланады. Математиканы шаблон арқылы оқуға болмайды. Менталды арифметика арқылы сыни тұрғыдан ойлау, логикалық тапсырмаларды орындау, тағы басқа математикалық аспектілерді зерттеу мүмкін емес. Математиканы дәстүрлі тәсілмен үйренген дұрыс», - дейді «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Нұрдаулет Шаяхмет.

Математика пәні мұғалімдерінің пікірінше, менталды арифметиканы оқыған бала есепті ойша шығарады. Тек оны қандай жолмен шығарғанын түсіндіре алмайды. Петропавл қаласының тұрғыны Жанат Мұхаметжанов та менталды арифметикаға көңілі толмайтындардың бірі.

«Балам Нұртілеу Мұхаметжан менталды арифметика курсына барды. 1,5 ай оқыдық. 2 сағатқа жалғасқан 1 дәрістің құны 4 мың теңге болды. Балам үйге берілген тапсырманы небәрі 15 минутта орындап жүрді. Менталды арифметиканың не екенін зерттей келе, оның тиімсіз тұстары көп екендігіне көзім жетті. Баланың логикалық ойлау қабілетіне кері әсерін тигізеді. Көптеген ғалымдардың, оның ішінде белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевтің пікірін ескере келе, менталды арифметикадан бас тарттық. Баламызды басқа бағытқа бұруды жөн санадық», - дейді Жанат Мұхаметжанов.

Нұртілеу менталды арифметиканы шет тілі курсына алмастырыпты. Ата-анасының айтуынша ол қолы қалт етсе, қазақ және әлемдік балалар әдебиетін оқиды. Кез-келген ата-ананың өз ұрпағының білімді болуын қалайтыны заңды құбылыс. Менталды арифметика сол білімді бере ала ма?


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер