BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Мамандыққа адалдықты өмірлік қағидаға айналдырған Нұрмағанбетовтер әулеті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Жас буынға білім беру мен тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерен. Осы мәртебелі мамандыққа отбасының бір ғана емес, бірнеше буыны саналы ғұмырларын арнап, ұстаздық етуден жалықпаған әулеттердегі ең басты құндылық – кәсіпке адалдық. Қарағандының Қарқаралы ауданы, Мартбек Мамыраев ауылында тұратын Нұрмағанбетовтер әулеті осындай отбасылардың бірі.

Ынтымағы берік, татулығы жарасқан отбасының мүшелері өзгелерге үлгі болған мұғалім мамандығын ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастарып, кәсіп етіп келеді. Әулеттің тірегі Байдүйсен Нұрмағанбетов пен оның жұбайы Дәмеш Сыздықованың жұмысына адалдығы, көпке үлгілі еңбек жолдары, ел арасындағы беделі олардан тараған ұрпақтың да осы жолды таңдауына түрткі болған.

Сұрапыл соғыс бұл отбасын да айналып өтпеген

Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Байдүйсен ата қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Мартбек Мамыраев ауылында туған.

«1930 жылы 28 қарашада дүниеге келіппін. Әкем есімді білер-білмес шағымда, екі-үш жасымда өмірден ерте өтті. Жасым 13-ке келгенде ағам майданға шақыртылып, соғыстан қайтып оралмады. Ол кезде ер адамдардың барлығы соғыста, елдегі барлық қиын жұмыс әйелдердің және мен сияқты жеткіншектердің мойнында еді. Елімізде «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұран болды. Анаммен бірге менде ауылдың барлық жұмысына қатыстым, тылда еңбек еттім», - деген Байдүйсен ата қарт анасы мен өзінен кейінгі екі бауырына қарайлағандығын айтады.

Ол соғыс уақыты ауылымыздағы, жалпы еліміздегі ең қиын кезеңдердің бірі болғанын айтады.

«Үйдегі естияр ер бала ретінде 12-13 жасымнан еңбекке араластым. Қарт анам мен екі бауырыма бас-көз болдым. Соғыстан кейінгі жылдар да қиын еді. Дегенменде, оқуға деген құштарлық мені алға жетеледі, болашаққа деген талпыныс білім алуға итермеледі», - дейді жастық шағын ерекше толқыныспен еске алған қария.

Жалғыз сиырдың пұлы өміріндегі жаңа кезеңге жол ашты

Байдүйсен Нұрмағанбетов соғыс аяқталғаннан кейін қалаға оқуға бару үшін үйдегі жалғыз сиырды сатуға тура келгендігін айтады. Осылайша 16-17 жастағы бозбала Байдүйсен сиырдың ақшасын жолына, керек-жарағы мен киіміне жаратып, арман қуып, Қарағандыға аттанады.

«Соғыстан кейін анамның батасын алып, Қарағандыға келдім. Онда екі жылдық мұғалімдер институтына түсіп, 1948 жылы бітірдім. Осылайша үлкен өмірге жолдама алып, мұғалімдік қызметке кірістім. 1951 жылдан бастап Қарқаралы ауданының Нүркен Әбдіров атындағы орта мектебінде мұғалім болдым. 1953 жылдан 1982 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанға дейін бұрынғы Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылындағы (қазіргі Мартбек Мамыраев ауылы) №12 орта мектеп директоры лауазымында еңбек еттім», - дейді Байдүйсен ата.

Үлкен отбасының алып емен ағашындай тірегіне айналған Байдүйсен атаның өнегелі өмірі балалары ғана емес немерелеріне де азық болған. Атасының қандай жан екендігін немеренің үлкені Ерлан Нұрмағанбетов ерекше сезіммен айтады.

«Атам өмірде көп қиындық көрген жан. Әкеден ерте жетім қалса да, өзінің зеректігінің, алғырлығының, табандылығының арқасында осындай дәрежеге жеткен, үлкен отбасының асыраушысына, еліне сыйлы адамға айналған. Оқудың, қызметіне адалдығының нәтижесінде ғана абыройлы болатындығын түсініп, оны ұрпақтарына да сіңіре білген деп ойлаймын. Атам елу жылға тақау уақыт ұлағатты ұстаз болды. Оның жиырма жылдан астамында ауылдық мектептің директоры қызметін атқарды. Талантты, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Қазір олардың көпшілігі лауазымды қызметте отыр. Бүгінде ел сыйлаған, қадір тұтқан, жұрттың ыстық ықыласына бөленген атам мен әжем сүйегі асыл адамдар. Олар бізді «тек ғана адал еңбектің арқасында жетістікке жетесің» деген қағидамен өсірді. Әрқашанда, «қызметіңді өзің емес, елің бағалауы керек, сонда ғана абыройың артады» деп айтады», - дейді Ержан Нұрмағанбетов.

Ұстаздық қызмет жағатын әулет

Нұрмағанбетовтер әулетінде 7 мұғалім бар. Олардың жалпы жұмыс өтілі – 197 жылды құрайды. Білім беру саласындағы еңбектері үшін педагогтар құрмет ордердерімен, мадақтамалармен, алғыс хаттармен марапатталған.

«Мұғалімдік біздің отбасымызға Алланың берген сыйы. Ұстаздық қызмет біздің әулетке жағатын мамандық. Мен де мұғаліммін, бәйбішем де мұғалім. Балаларым да осы жолды таңдады. Ең ұлы мамандықты таңдау, оған адал қызмет ету біздің әулетті ерекше құрметке бөледі», - дейді Байдүйсен ата.

Байдүйсен Нұрмағанбетовтың жұбайы Дәмеш Сыздықова 1933 жылы 20 тамызда туылған. 1952 жылы Қарағанды педагогикалық училищесін бітірген соң зейнет жасына дейін Қарқаралы ауданы, Мартбек Мамыраев ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.

Байдүйсен ата өмірлік жары Дәмеш әже екеуі бес бала өсіріп, тәрбиеледі. Балаларының барлығы мұғалімдік жолды таңдады. Олар бес баладан оннан аса немере мен жиырмаға тарта шөбере сүйді. Бүгінде ордалы отбасыға айналған Нұрмағанбетовтер әулетінің ұрпақтары тарих, журналистика, мұражай ісі, сонымен қатар әлеуметтік салаларда қызмет етеді.

«Әлібек Бүркітбаев атындағы ЖББ орта мектепте еңбек еткеніме 35 жыл болды. Оқушыларымның алды жоғары білім алып, өзіммен бірге мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Шәкірт тәрбиелеу, балаларға ұстаздық ету өмірдегі ең қасиетті іс деп ойлаймын. Жас буынды үлкен өмірге бейімдеп, білім беруде мұғалімдердің еңбегі орасан екендігі белгілі. Осы саладағы қызмет атқаратын әрбір педагогтың еңбегі бағалауға тұрарлық», - дейді Күлзия Байдүйсенқызы.

Нұрмағанбетовтар отбасындағы ең басты қағида – адалдық. Байдүйсен ата мен Дәмеш әже балалары мен немерелерін ең алдымен осы қасиетке баулыды, отанына, еліне, істеген қызметіне, кәсібіне, мамандығына, айналасындағы адамдарға адал болуға тәрбиеледі. Өтірік айтпау, өзгенің ала жібін аттамау сияқты жалпы адами жақсы қасиеттірді бойларына дарытты.

«Мен отбасындағы ең үлкен немеремін. Жастайымнан атамның әрбір өсиетін, ақыл-кеңесін бойыма сіңіріп өстім. Атам тарих пәнінің мұғалімі. Менің де тарих саласын таңдауыма түрткі болған жан. Ол кісінің нұсқауымен Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Бүгінде Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қызмет етемін. Осы мекемедегі еңбек жолым 15 жылды құрайды. Оның жеті жылында осы мұражайды басқарамын», - дейді Ержан Нұрмағанбетов.

Бүгінде бала-шағалары өсіп-өнген ордалы отбасы, ырысы мен ынтымағы жарасқан, қанатын кеңге жайған әулетке айналып, өмірлерінің жалғасы жас буынның болашағының жарқын болуын тілейді.

«Ұрпақтарыма тәуелсіз Қазақстанға қызмет ету бақыты бұйырғанына ризамын»

«Тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Еліміздің әрбір жас буыны тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы екеніне шүкірлік етіп, осы бақты бағалауы керек. Егеменді елімізге, тәуелсіз отанымызға қызмет ету үлкен бақыт, сол бақыттарыңа бола жақсы қызмет жасаңдар, жақсы адам болыңдар», - дейді қазыналы қария.

Байдүйсен атаның немересі Ержан Нұрмағанбетов атасымен пікірлескенді, оның өмір жайлы ойларын, толғаныстарын үнемі тыңдайтындығын айтады.

«Әркімге өзінің жастық шағы, алғаш еңбек жолын бастаған жылдары ыстық қой. Атамыз да осыдан елу жыл бұрын алғаш жұмысқа кіріскен кездерін керемет бір ыстық сезіммен есіне алып отырады. Сол кезеңде еліне, ауылына, мектебіне жасаған істері жайлы үнемі айтады. Мұғалім мамандығы арқылы қоғамның, ауылдастарының, айналасындағы адамдардың ерекше құрметіне ие болғандығын еске алады. Қазіргі кезде мұғалімдердің мәртебесінің кеңес заманына қарағанда түсіп кеткендігіне, кейде ұстаздардың ұлан-асыр еңбегінің тиісінше бағаланбай жататындығына қынжылыс білдіреді. Президент Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында мұғалімдерге, педагогтарға ерекше статус беру жайлы айтқан пікірін естіп, ерекше ықыласпен қабылдады», - дейді ақсақалдың немересі.

«Елбасымыздың осы мәселені көтеріп, ұстаздарға ерекше мәртебе беруі, мұғалімдердің аса сыйлы, құрметті мамандық иелеріне айналдыру қажет деген пікірі олардың қоғамдағы беделін, рөлін, ісін одан әрі арттырады деп сенемінн», - дейді Байдүйсен ата.

Қарашаңыраққа деген құрмет

Нұрмағанбетовтар әулетінде аса маңызға ие қағида, бұлжытпай орындалатын заңдылық – отбасы құндылықтарын сақтау. Отбасы мүшелері үлкендерге құрмет көрсету, бауырларына қамқорлық көрсету, бір-бірімен сыйластықта болып, өзара қолдау, еңбексүйгіштік пен білімге баулы сияқты қасиеттерді дамытуды басты назарда ұстайды. Байдүйсен ата мен Дәмеш әженің бес баласынан тараған ұрпақ бүгінде бірлігі бекем іргелі отбасыға айналған. Әулеттің ынтымақ-бірлігі туғандардың бір-бірімен сыйластық қарым-қатынасында дейді отбасы мүшелері.

«Біздің отбасымыздың ерекшелігі – қандай да бір мерекені, қуанышты күндерді, адам өміріндегі жақсы кездерді, қандай да бір жетістіктерді, не болмаса жақсы хабарды әрдайым атам мен әжемнің шаңырағында, үлкен үйде атап өтеміз. Әулет мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі, сыйластығы осындай жиындардан, кездесулерден, бір дастарханан дәм татудан басталады деп ойлаймын. Әулеттің барлық үрім-бұтағының бас қосатын киелі жері – қарашаңырақ. Оның ішінде «9 мамыр - Жеңіс күнінде» біз міндетті түрде ауылға барамыз, сол күні атамыздың жанында боламыз. Бұл бір қарағанда жазылмаған заң тәрізді. Мен ес білгелі осылай болатын. Маған дейін де солай болған, бізден де кейінгі ұрпақта осы дәстүрді, қарашаңыраққа деген құрметті бойларына сіңіріп келеді. Атамыз әрқашанда «отбасы деген өзіндік жеке әлем, осы әлемде әрқашанда тыныштық болу керек, отбасы мүшелері ешқашанда бір-біріне ауыр сөз айтпай, өнегелі, үлгілі болулары керек деп отырады. Отбасы болудың ең басты қағидасы осы деп ойлаймын», - дейді Ержан Нұрланұлы.

Байдүйсен Нұрмағанбетовтың тарих пәнінің мұғалімі. Ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, тарихын жетік біледі және білгенін ұрпақтарына үйретуден талмайды.

«Атамыз дәстүрді құрметтеуді, салтты сыйлауды үнемі ұрпақтарына өнеге ретінде айтып отырады. Бала-шағасынан ұлттық құндылықтарды сақтауды сұрайды. Әжемізді де осыған міндеттейді. Мысалы, ұлттық тағамдарды пісіру, Наурыз мерекесін қарсы алуға дайындалу сияқты нәрселерді балаларға үйренуге қажет деп санайды», - дейді отбасы мүшелері.

Байдүйсен ата әулеттің тірегі болса, шаңырақтың ұйытқысына айналға Дәмеш әженің қолынан Ескендір Хасанғалиев, Роза Бағланова сияқты елге танымал тұлғалар, игі жақсылар дәм татқан.

«Әжеміз мен ес білгелі адам баласына дауыс көтеріп, айғайлағанын көрген емес. Ол кісі ерекше ұстамды, мейірімді адам. Өмірде небір жағдайлар, қандай да бір қиыншылықтар болса да бала-шағасына байыппен түсіндіріп, қолдау көрсетеді. Құлаққа жағымды қоңыр даусымен ақылын айта отырып, тәрбиелейді. Үйімізді хан ордасы болмаса да, хан түсетін шаңыраққа айналдырған әжем мен атам өздерінің осындай мінездері арқылы балаларына жақсы тәлім-тәрбие беріп, олардың өмір атты үлкен жолда адаспай түзу жүріп, ел үшін қызмет етіп, абыройлы азаматтарға айналуына септігін тигізді деген ойдамын», - дейді Е.Нұрмағанбетов.

Тамыры тереңге тартқан әулеттің үрім-бұтағы жайқалып өсіп, Байдүйсен ата мен Дәмеш әже жапырақ жайған емен ағаштай осы ұрпақтарына сая болды. Әке мен ана салған сара жолмен жүрген балалар да өмірден өзіндік орнын тауып, Нұрмағанбетовтердің қарашаңырағындағы киелі оттың сөнбеуіне, ұрпақ жалғасының үзілмеуіне барын салып жүр.

Фотолар: Нұрмағанбетовтер отбасының жеке мұрағатынан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер