BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Латын әліпбиі: Астаналық мұғалімдер Ұлттық комиссияға өз ұсыныстарын жолдайды

Елордалық мұғалімдер латын әліпбиінің соңғы нұсқасындағы кейбір әріптерге қатысты өз ұсыныстарын Ұлттық комиссияға жолдамақ, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша біліктілігін арттыру курсын» өткізуде. Оған шаһардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін 80-нен астам мұғалім қатысып жатыр.

Семинарда дәрісті Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, доцент Құралай Күдеринова, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры Әлімхан Жүнісбеков оқыды.

Құралай Күдеринова аталған семинардың қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндіріп берді.

«Семинарға 80-нен астам ұстаз қатысып жатыр. Шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – қазақ әліпбиін латынға көшірудегі негізгі мақсатты түсіндіру. Себебі, мұғалімдер мектеп оқушыларын және жалпақ жұртшылықты латын әліпбиімен жазуды үйретеді ғой», - деді ғалым.

Сондай-ақ профессор семинар барысында ұстаздар латын қарпімен жазуды үйреніп жатқанын айта келе, алдағы уақытта шешуді талап ететін мәселе бар екенін атап өтті.

«Семинарда мұғалімдерге тапсырмалар берілді. Олар кириллица таңбасымен берілген мәтіндерді латын қарпімен жазды. Бірақ ұстаздар латын әліпбиіндегі «у» (ý) және «ы» (у) бір таңбамен берілуі қиындық тудыратынын айтады. Өйткені, соңғы нұсқадағы «у» әрпі аккут таңбасымен «ý» берілген. Ал «ы» әрпінде «у» акут таңбасы жоқ. Біреуі қысаң дауысты дыбысты берсе, екіншісі дауыссыз дабысты береді. Бұл ертең оқушыларды оқытқанда қиындық тудырады. Осы мәселеге қатысты ұстаздар өз ұсыныстарын айтып жатыр. Соның негізінде біз әдістемелік топ мүшелерімен бірге сараптама жасап, ұсыныстарды Ұлттық комиссияға жібереміз», - деді Құралай Күдеринова.

Оның айтуынша, аталған қиындықтарға қарамастан ұстаздар қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бастамасына қолдау білдіріп отыр.

«Бүгінгі семинарға орта жастағы мұғалімдер қатысып жатыр. Олар қазақ әліпбиін латынға көшіруге қарсы емес. Олар өзгерісті оң қабылдауда», - дейді ғалым.

Сөз соңында Құралай Күдеринова латын әліпбиінің емле ережесі дайын болған уақытта мұғалімдерге арналған тағы бір семинар ұйымдастырылатынын атап өтті.

«Біз орфографиялық ережелерді дайындап жатырмыз. Оны түсіндіретін келесі семинар күзде ұйымдастырылады. Осы мұғалімдерді күзде қайтадан жинаймыз. Оларға орфографиялық ережелерді түсіндіреміз», - деп түйіндеді сөзін профессор.

Айта кетейік, аталған семинар 18 сәуірде аяқталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер