USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Көкшетауда Конфуций институты ашылады

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне Қытайдағы Конфуций институтының өкілдері келді. Іссапар кезінде оқу орнында Конфуций институтын құру туралы үш тілдегі екіжақты келісімшарт жасалып, қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Аталмыш делегацияның құрамында Шыңжаң өлкесіндегі Конфуций Үрімші аграрлық институтының өкілдері Жи Жиан Вын, Йаң Жианлин болды.

Кездесуге білім ордасының проректорлары мен факультет декандары, дайындық бөлімінде оқитын Қытайдан келген студенттер қатысты.

«Делегацияның Көкшетауға келудегі мақсаты – университет қызметімен танысып, тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату. Студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, тағылымдамалар ұйымдастыру, кеңестер беру»,–дейді университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.

Қытай әлемнің көптеген елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де экономикалық, мәдени, саяси, білім, ғылым салаларында мықты әріптестік қарым-қатынас орнатқан мемлекет. Бұл елге деген қызығушылық күннен-күнге артуда. Қазіргі уақытта қытай тілін отыз мыңнан астам адам оқып үйрену үстінде. Көптеген білім беру мекемелері қытай тілін негізгі тіл ретінде оқу үдерістеріне жаппай енгізуде.

Бүгінде Қазақстанда төрт Конфуций институты қызмет етеді. Орталықтың басты міндеті – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін үйрету. Сондай-ақ қытай мәдениеті мен әлеуметтік өмірі, экономикасы туралы ақпараттар беру және екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту болып табылады.

«Конфуций Институтының штаб-пәтері – Хань-Бань қаласында орналасқан. Оқу орны аграрлық, экономикалық, туризм, көптілділік сияқты негізгі 4 бағытта жұмыс істейді. Конфуций институтының мақсаты: Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту, Қытай тілін сапалы және жүйелі оқыту, Қытай мәдениетін насихаттау, халықаралық конференциялар өткізу»,–дейді Конфуций институтының өкілі Жи Жиан Вын.

Кездесу барысында Қытай делегациясы университеттің Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі мамандығының зертханасын, Университет тарихы мұражайын, қазақ филологиясы кабинетін, орыс филологиясы, ағылшын тілі мен лингафон кабинеттерін, химия және биотехнология кафедраларының оқу зертханаларын, Су ресурстары, ЯМР-спектроскопия ғылыми зертханасын, мейрамхана сервисі және қызмет көрсету технологиясы және С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық иснтитутында орналасқан зертханаларды аралады. Сондай-ақ жоғары оқу орнының бас оқу ғимаратында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы мұражайға барып, онда құрметті қонақтарға арналған кітапқа өз қолтаңбаларын қалдырды.

Кездесу соңында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Конфуций институтының штаб-пәтері арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Конфуций институтын құру туралы үш тілдегі екіжақты келісімшарт жасалып, оған қол қойылды.

Кездесуден кейін Қытай делегациясы өкілдері үшін жер жаннаты – Бурабайдың әсем табиғатына саяхат ұйымдастырылды.

Ақмарал АЙҒАРА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады