BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қазақстанның ең үздік жас ғалымы анықталды

«Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасындағы NURINTECH-2017 республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жоба өткен жылы Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Оның басты мақсаты – ел жастарының ғылым-білімге және инновацияға деген қызығушылығын арттыру.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы марапаттады. Партия төрағасының Бірінші орынбасары отандық жас ғалымдар мен өнертапқыштар Елбасымыздың инновацияны дамытуға бағытталған саясатының басты қолдаушылары және негізгі жүзеге асырушылары болуы тиіс екенін атап өтті.

"Биыл екінші рет өткен байқауға қатысуға мыңнан астам өтініш келіп түсті. Ниет білдірушілер IT және әуеғарыш технологиясы, энергетика, энергия көзін сақтау, химиялық технология, нанотехнология, агроинновация, табиғи қорды тиімді пайдалану, ресурстарды сақтау, робототехника, 3D индустрия және тағы басқа түрлі салалар бойынша өздерінің инновациялық жұмыс жобаларын жіберген екен" - дейді ұйымдастырушылар.

Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы Байқау комиссиясы құрылып, оның құрамына Қазақстанның белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері енді. Барлық жұмысты тыңғылықты зерттеу нәтижесінде ең үздік әрі сұранысқа ие, экономикалық жағынан тиімді 25 жоба таңдалып алынды.

«Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» аталымында металлургия саласында ресурстарды сақтау технологиясын ойлап тапқан Қарағанды облысының өкілі Ербол Шабанов;

Аса тиімді күн коллекторының жобасын ұсынған жамбылдық Гауһар Смағұлова екінші орын;

Кесу құралдарын бекітетін инновациялық технологияны ойлап тапқан шығысқазақстандық Бауыржан Рахадилов үшінші орын.

Одан бөлек, «Техностарт», «Жастардың инновациялық жобасы», «Перспектива», «Әлеуметтік маңызы бар инновация» аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталды.

Байқаудың арнайы сыйлығы Mbionics компаниясының негізін салушы, жасанды қол жасаумен айналысатын 23 жастағы Мәулен Бектұрғановқа берілді.

Сонымен қатар биыл байқаудың маңызды бағыттарына қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты латынша жазуға қатысты бағдарламалар мен қосымшалардың инновациялық жобалары да қосылды. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне орай «жасыл» энергетика мен экологиялық инновацияға бағытталған жобалар да байқауға қатысты.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Әр аталымда топ жарған жеңімпазға – 1 миллион теңгеден, екінші орын иелеріне – 500 мың, ал үшінші орын алған жастарға 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Жас ғалымдардың өздері мұндай байқаулар жаңа биіктер мен белестерді бағындыруға ерекше күш беретінін айтып, жастарды үнемі қолдап келе жатқан Елбасына шексіз алғыстарын білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер