BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

ҚарМУ әлемнің ең озық білім ордаларының қатарына енді – ректор

Фото: автор

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «QS World University Rankings» әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтінгіне еніп, 4000-нан астам білім ордасының арасынан 601-орынды иеленді. ҚарМУ-дың жоғары мектеп саласында жеткен жетістіктері мен білім беру саласындағы жаңашылдықтары жайлы университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Қиноятұлы Көбеев айтып берді.

Еркін Қиноятұлы, білім ошағының соңғы жылдары жеткен жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз?

Тарихы 1972 жылдан бастау алатын академик Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – классикалық білім беру дәстүрін және академиялық еркіндік қағидаларын табысты қамтыған еліміздегі іргелі көпсалалы университеттердің бірі. Бүгінде ҚарМУ-дың Қазақстан Республикасы ЖОО-ның бас рейтингінде және бірнеше жыл қатарынан әлемдік деңгейдегі университеттердің рейтингін анықтайтын «QS World Universities Rankings» бойынша, сонымен қатар «Webometrix» рейтингінде көшбасшылар қатарынан көрінуі, QS «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» рейтингінде ең үздік 200 білім ордасының ішінде 104-ші орынды иеленуі – үлкен жетістік. ҚарМУ – әлемнің жетекші университеттерін біріктіретін халықаралық қауымдастықтардың толыққанды мүшесі. Киелі қара шаңырақтың «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталғанын ерекше атап өткім келеді. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы Қазақстанның үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде ҚарМУ үшінші орынға ие болды.

Бір сөзіңізде ҚарМУ «QS World University Rankings» әлемнің үздік жоғарғы оқу орындары рейтінгіне еніп, үздік унверситеттер қатарынан көрінгендігі жайлы айттыңыз. Осы жайлы толығырақ тоқталсаңыз.

Әлемдегі ең ықпалды QS рейтінгісін құрастырушылар жоғары оқу орындарының академиялық ортадағы беделі, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми жарияланымдарының дәйексөзділігі, студент пен оқытушылар санының ара салмағы, жұмыс берушілердің түлектерге қарым-қатынасы, сондай-ақ, университтегі шетел ұстаздары мен студенттердің ара салмағы шарттары бойынша үздік университтерді анықтайды. Биылғы жылы ҚарМУ аталған рейтингте позициясын 74 пайызға жақсарып, 601+ кластеріне енді.

Қазіргі таңда ҚарМУ қарқынды дамып келеді. Біз бакалавриаттың 82, магистратураның 53, PhD докторантураның 12 мамандығы бойынша жоғары білікті мамандарды дайындауды жүзеге асырамыз. ҚарМУ әлемнің жетекші университеттерімен, академиялық орталықтарымен білім беру және ғылым саласында тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Университет қабырғасында жақын шетелдерден, Қытайдан, Еуропадан, сондай-ақ АҚШ-тан келген жүзден астам шетелдік студент білім алады.

Білім алушыларымызға сапалы білім беру – біздің басты бағдарымыз. ҚарМУ - 10 оқу ғимараты, 6 жатақханасы, 1,8 миллион кітап қорын қойнауына сыйдырған ғылыми кітапханасы, бірнеше электронды ресурстар залы, спорт залдары, санаторий-профилакторийі, студенттерге арналған тұрмыстық кешені, қоғамдық тамақтану комбинаты бар іргелі оқу орны. Университетіміздің қала сыртындағы тәжірибе базасы мен демалыс аймағы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған.

Білім ордаларының басты игілігі жоғары білікті профессорлық-оқытушылар құрамы екені белгілі. Осы орайда ҚарМУ-да қандай мақсатты шаралар жүзеге асырылуда?

Бүгінде университетте ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар, оқыту тәжірибесін жетік меңгерген оқытушылар қызмет етеді. ҚарМУ ғалымдарының ғылыми жетістіктері әлемдік қауымдастықпен мойындалған. 149 «Жоғары оқу орынының үздік оқытушысы» атағы иегерінің ҚарМУ-да қызмет етуі -- бұл білім ордасындағы профессорлық-оқытушылар құрамының мықты жасақталғанының айқын көрінісі. Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі заманда үнемі білім жетілдіріп отыру – бүгінгі күннің басты талабы. ҚарМУ профессорлық-оқытушылар құрамы осы талап бойынша қызмет етеді. Біз әлемнің жетекші университеттерімен, академиялық орталықтарымен ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеміз. ҚарМУ қызметкерлері тәжірибе алмасу, машықтану арқылы білім жетілдіреді. Білім беру үдерісінің инновациялық сипаты іргелі зерттеулерге негізделген. Ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық базаны жаңартып, жабдықтап отыру басты назарда. ҚарМУ білім мен ғылымды тиімді ұштастыра отырып оқытуды оң жолға қойған бірден-бір оқу орны. Білім жетілдіру мақсатында жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарының жетекші профессорлары ҚарМУ-ға арнайы шақыртылып, профессорлық-оқытушылар құрамына және білім алушыларымызға дәрістер оқиды.

Қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру үрдісіне сіз басқаратын оқу орны қаншалықты атсалысуда?

Қазақстан халқы үшін аса маңызды стратегиялық бастаманы қолдап, жаңа әліпбилі қазақ жазуын жүзеге асыру мақсатында университетімізде «Қазақ тілін латын графикасына көшіру және дамыту орталығы» ашылды. Аталған орталықта тіл мамандары, ғалымдарымыз облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдерімен бірлесіп латын әліпбиі турасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік тілді латындандырудың өзекті мәселелері бойынша біршама шаралар атқаруда. «Латын графикасы» пәні университет педагогтарымен әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етіліп, университеттің оқу үдерістеріне енгізілу жүзеге асып жатыр. Жаңа әліпбиді пайдалану мен бейімдеуге қатысты техникалық мәселелерді тиімді шешуді қамтамасыз ету аса маңызды перспективалы міндет. Осы мақсатта математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ғалымдары кирилше жазылған қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыратын авторлық бағдарлама жасап шығарды. Болашақта бұл бағдарлама өз жемісін береді деп сенеміз.

ҚарМУ профессорлық-оқытушылар құрамы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу шараларына қаншалықты дайын?

Айтулы игілікті іске бастамашы болып, атсалысуға ғалымдарымыздың, тіл мамандарының ізденістері, біліктілігі, көп жылғы жұмыс тәжірибесі жеткілікті деп ойлаймын. Теориялық зерттемелер мен педагогикалық тәжірибеге ие ҚарМУ ғалымдары жаңа буынға оқулықтар құрастырып, латын графикасын үйрету курстарын ұйымдастыра отырып, жаңаша көзқарасқа ие білімді, білікті мамандар, бірінші кезекте мұғалімдерді даярлауға тікелей қатысады.

Елбасының студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне басымдық бергені мәлім. Аталған мәселе Қарағанды мемлекеттік университетінде қаншалықты оң шешім тауып отыр?

Біз қашанда студенттің сапалы білім алуымен қатар жайлы тұруын да басты назарда ұстаймыз. Университет қарамағында 2245 орындық тоғыз қабатты 6 жатақхана бар. Жатақханаларымыз күрделі жөндеуден өткен. Жылдан-жылға өзге өңірлерден келіп оқитын студенттер саны артып келеді. Осы жылы тек «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарламасы бойынша 582 студент ҚарМУ-ға оқуға түсіп отыр. Оқу жылының басына дейін олардың барлығын жатақханаға орналастырдық. Шалғай, алыс жерлерден келген жастарымыздың барлығы жатақханамен қамтамасыз етіледі. ҚарМУ жатақханаларында студенттердің білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалынған. Бұл балаларымыздың баспана мәселесіне алаңдамай, сапалы білім алып, шығармашылық табыстарға жетуіне оң әсерін тигізеді.

Еліміздегі бірегей жоба «Мәңгілік ел жастары − индустрияға» - «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша ҚарМУ-да қанша студент білім алады?

Бұл бағдарлама бойынша білім ордасында бүгінгі таңда 1302 серпіндік студент білім алып жатыр. Жаңа жоғарыда айтып өттім, оның 582-сі университетке биыл түсті. Серпіндік студенттер шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етілген, олардың үйлеріне барып-қайту жол шығындары төленеді. Келесі жылы алғашқы түлектерімізді қанаттандырамыз. Олардың мықты маман болатынына сеніміміз зор. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылады.

Елбасымыз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында түлектердің жұмыспен қамтылу мәселелеріне қатысты пікір білдірді. ҚарМУ студенттерінің диплом алғаннан кейін жұмыспен қамтылуы қандай деңгейде?

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алу – жарқын болашақтың кепілі. ҚарМУ түлектерінің жұмысқа орналасудағы рейтингтік көрсеткіштері жоғары. Бүгінгі күні жұмыс берушілердің сауалнамасы негізіндегі рейтингтік көрсеткіштер мен жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің жұмысқа орналастырылуындағы талдаулар университеттің қызметін бағалауда зор маңызға ие. Жақында «Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жұмысының аясында жүргізілген рейтинг бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті өз мамандықтарының сапасы, өзектілігі мен заманауилығы бойынша ең жоғары баллдарды көрсете отырып, қазақстандық жоғары білім көшбасшыларының үштігіне енді. Біз жастарға ғаламдық өлшеммен білім беруді көздейміз. Мамандарымыздың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі біз үшін аса маңызды. Біз жан-жақты білім алған, келешекті кеңінен ойлайтын, отансүйгіштік қасиетке ие жалынды жастарды тәрбиелеп шығарамыз. Университет ұжымы Елбасының Жолдауын басты назарда ұстай отырып, жұмыс берушілермен қарым-қатынас жасау арқылы түлектерді табысты жұмысқа орналастыру жолдарын анықтап, бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын енгізуді алдағы уақытта да жалғастыратын болады.

Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер