BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Халықаралық зерттеулер Қазақстан мектептеріндегі білім беру сапасын бағалайды

Халықаралық зерттеулердің негізгі мақсаты – білім беру саласындағы себеп-салдарлық байланыстар туралы ақпарат алу. Бұл ақпарат, өз кезегінде, білім беру саласын жетілдіру үшін пайдалы болмақ, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Сондай халықаралық зерттеулердің бірі – ICILS (International Computer and Information Literacy Study). Бұл мектеп оқушылары арасындағы IT білімнің қалыптасу деңгейін анықтайтын әлемдегі алғашқы зерттеу. Зерттеудің мақсаты – ақпарат толқыны салтанат құрған заманда оқушылардың оқуға, жұмысқа және өмірге дайындықтарын бағалау; 8 сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылықтарын анықтау; осы саладағы оқуды дамытуға ұлттық және халықаралық деңгейде ықпал ету. Ағымдағы жылғы сәуір-мамыр айларында қазақстандық 2 мыңға жуық мұғалім және 4 мыңға жуық 8 сынып оқушылары әлемнің 12 елімен қатар ICILS-2018 халықаралық зерттеуіне алғаш рет қатысты.

Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, желіде көп отыру мен балалар арасындағы жалғыздық, депрессия сезімдері арасында өте тығыз байланыс дәлелденген. Осы орайда қоғам «Қазақстандық мектептер заманауи талаптарға қалай жауап беруі керек?», «Компьютерлік және ақпараттық сауаттылыққа қандай факторлар әсер етеді?» сынды сұрақтарға жауап іздей бастайды. Аталмыш өзекті сұрақтарға жауап іздеу мақсатында оқу жетістіктерін бағалау бойынша IEA Халықаралық ассоциациясымен 2013 жылдан бастап әрбір бес жыл сайын ICILS зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Мәселен, 2013 жылы жүргізілген ICILS зерттеулері білім беру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы кемшін тұстарды анықтауға мүмкіндік беріп, анықталған кемшіліктерді түзетуге қажет нұсқаулықтарды жасап шығаруға жәрдемдескен. Қазақстанда биыл жүргізілген ICILS зерттеу жұмыстары қазақстандық оқушылардың цифрлық сауаттылығының қалыптасу деңгейі туралы маңызды ақпарат беріп, білім беру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы кемшін тұстарды анықтауға мүмкіндік береді және білім беру саласын жақсарту бойынша маңызды шешімдер қабылдауға негіз болады деп күтілуде.

Екінші маңызды халықаралық зерттеу - TALIS (Teaching and Learning International Survey). Қазақстан биыл әлемнің 46 елімен қатар алғаш рет оқыту мен білім беруді зерттеумен айналысатын халықаралық TALIS‑2018 зерттеу жұмыстарына қатысты. Зерттеудің көздеген негізгі мақсаты – мұғалімдердің кәсіби деңгейін, мектептегі жалпы жағдай мен көшбасшылық деңгейін бағалау. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері мектеп мұғалімдері мен директорларына ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Кездейсоқ іріктеме әдісі арқылы еліміздің 16 өңірінен таңдалған орта мектеп мұғалімері мен директорлары (5-9 сыныптар) TALIS-2018 сауалнама сұрақтарына жауап берді. Сауалнама нәтижесінде алынған қорытындылар шетелдік әріптестерімен салыстыра келгенде қазақстандық мектеп мұғалімдері мен директорларының әлсіз тұстарын анықтауға, орта білім беру ұйымдарындағы оқыту мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындылары еліміздегі педагогикалық корпусты жақсарту бойынша нұсқаулықтарды жасап шығаруға мүмкіндік береді.

Аталмыш халықаралық зерттеу жұмыстары бойынша жасалған қорытынды 2019 жылғы маусымда жарияланатын болады.

ICILS-2018 және TALIS-2018 бойынша толығырақ ақпаратты ҚР БҒМ «Ақпараттық-сараптамалық орталығы» АҚ сайтынан алуға болады http://iac.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер