BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Енді мектептер пәнді өздері таңдайды – БҒМ

Фото: Зарина Әбілмәжінова

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева енді білім ордалары қандай пәнге басымдық беруді өздері шешетінін мәлімдеді.

ҚР Парламенті Сенатында өткен Үкімет сағатынан соң вице-министр журналистерге білім беру саласындағы реформаларды түсіндірді. Ол мектептерге енгізіліп жатқан типтік оқыту бағдарламасының маңызына тоқталды.

«Біз типтік оқыту бағдарламасын әзірлеп, мектептерге бердік. Осылайша, білім ордалары оқыту бағдарламасын өздері таңдайды. Мысалы, мектепте математика пәні сағатын көбейтеміз бе, әлде ана тілі пәнінің сағатын арттырамыз ба? Енді, мұны мектептер өздері шешеді. Мұндай бұрын болмаған», - деді Эльмира Суханбердиева.

Осы орайда вице-министр аталған бағдарлама бойынша дарынды балаларға арналған мектептер мен «Білім-инновация» лицейі (бұрынғы «Қазақ-түрік» лицейі) жұмыс істей бастағанын атап өтті.

«Физика-математика бағытындағы білім ордалары типтік оқыту бағдарламасын алды. Ал қарапайым мектептер аталған жүйені енгізуді қорқып отыр. Бірақ кейбірі аталған бағдарламаны алды. Алдағы жылы барлық мектептер аталған жүйені енгізеді деп ойлаймын», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Эльмира Суханбердиева пәнді таңдауда оқушылардың пікірі ескерілетінін жеткізді.

«Мұнда оқушылар мен ата-аналардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Ата-аналар мен педагогикалық кеңес қандай пәнге басымдық беруді ақылдасып, өздері шешеді», - деп аяқтады сөзін вице-министр.

Айта кетейік, осыған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалім мәртебесі туралы заңды дайындауға кіріскенін, биыл қанша ұстаздың жалақысы өскенін және 5 мыңға жуық ұстаздың төрт пәнді ағылшын тілінде оқытып жүргенін жазғанбыз. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап информатика пәні 1-сыныптан оқытылатынын, мектептерде жаңа курс енгізілетінін хабарлағанбыз. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі үш ауысымды мектептер мәселесін қалай шешетінін жазғанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер