BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Елімізде мектеп оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы жарық көрді

Фото: Автор

Биылғы оқу жылынан бастап 5,6,7 сынып оқушылары төрт пән бойынша деректермен қамтылған «Өлкетану» оқулығын пайдалана алады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бүгін «Алматы кітап» баспасында «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті. Жиын барысынада оқулықтың авторлары өз пікірлерімен бөлісіп, атқарған істері бойынша баяндап берді.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Осының негізінде мемлекет «Өлкетану» оқулығын жасады. Бұл жалпы білім беру жүйесіндегі қосымша оқыту құралы болмақ. Аталған бағдарлама бойынша 20 сағат бөлініп отыр, әрі ол 5, 6, 7-сыныптарды қамтиды. Алматы қаласының «Өлкетану» құралы ҰҒА академигі Карл Байпақовтың басқаруымен және қала әкімдігінің көмегімен әзірленді. Авторлардың барлығы білікті мамандар әрі жыл мұғалімі атанған Алматының үздік оқытушылары. Өздеріңіз білесіздер, өлкетану деген – өзіңнің тұрып жатқан мекеніңді тереңірек танып, білуге, оны жақсы көруге сүйемелдейді. Сондықтан біз кітапта патриоттық материалдардың көптеп болғанын жөн көрдік», - дейді «Алматы кітап» баспасы бас редакторының орынбасары Альмира Үмбетова.

Сонымен қатар ол әр облыс бойынша «Өлкетану» кітабы басып шығарылатынын, негізгі бөлігін «Алматыкітап»баспасы шығаратынын айтып өтті.

«Әр баспа екі облыстан алды. Біз осы салада тәжірибеміздің молдығына қарай 5 облыс пен екі қаланың оқулығын шығарамыз. Олар: Алматы облысы, Ақтөбе облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Қарағанды облысы және Астана мен Алматы қалалары. Алайда әр облыс оқулықты өздері дайындайды, бізде тек басылып шығарылады», - дейді ол.

Авторлардың айтуынша, 2017 жылдың 10 тамызында мемлекет аталған бағдарламаны мақұлдап, оқулықты әзірлеуге рұқсат берген. Оқулыққа география, қазақстан тарихы, музыка және қазақ әдебиеті пәні бойынша деректер енген.

Алматы «Өлкетану» оқулығы авторларының бірі Гүлмира Асанбекова, өз оқулықтарының өзге облыстікінен иллюстрациялық жағы озық тұрғанын айтады.

«Алматы қаласының «Өлкетану» оқулығын әзірлеуде сегіз автор қамтылды, төрт пән кіргендіктен әр пәнге екі автор жұмылдырылды. Барлығы 20 сағат болса, оның 12-сі тарих пәніне арналған. Өзге аймақтарда жасалып жатқан «Өлкетану» оқулықтарын интернет арқылы бақылап отырамыз, осы тұрғыда иллюстрациялық жағынан Алматы қаласының «Өлкетану» оқулығына жоғары баға беремін. Өйткені онда иллюстрациялық материалдар көп қамтылған, әрі ондағы материалдардың көбі бұған дейін басқа жерлерде жарияланбаған тың мәліметтер. Бұл оқушыларға да ата-аналарға да пайдалы оқулық. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы пәні бойынша қамтылмаған тың материалдар осы оқулыққа кірген. Оқулықты жазу барысында тапсырмаларға аса мән бердік. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыратын тапсырмаларды көп қамтыдық, сондықтан бұл оқулық балалардың көңілінен шығады деген ойдамын», - дейді ол.

Қазақ әдебиеті пәні бойынша құрастырған автордың бірі Гүлмира Рысгелдиева оқушыларды ойландыратын, ізденуге итермелейтін тапсырмаларды көптеп бергендіктерін айтады.

«Бұл оқулықтың құрылымдық жағын авторлар ойлана келе таңдадық. Онда «Ой серпін, «Ой қазық» «Ой қазына», «Біліп жүр» деген айдарлар кірді. Мәселен, «Ой серпін» айдары оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталса, «Ой қазық» негізгі тақырыпқа қатысты материал, «Ой қазына» сол тақырыпқа қатысты тереңдетілген мәліметтер, «Біліп жүр» айдарында оқушыны селт еткізетін қызықты деректер берілді. Әдістемелік жағы оқулықтың талаптарына сәйкес құрастырылды. Ондағы тапсырмалар қазіргі білім беру бағдарламасына сәйкес жеке, жұптық және топтық жұмыстармен қамтылды», - дейді автор.

Тағы бір автор Нұрзия Мұхамедалиева оқулықта музыка пәні бойынша әр сыныпқа бір сағаттан ғана бөлінгендігін жеткізді.

«Мен 6 сыныптың музыка сабағын дайынададым. Ол жердегі тақырып «Туған жердің таланттары». Әрине бір сағатта барлық музыка таланттарын қамту мүмкін емес. Қолымыздан келгенінше қазақтың музыка тарихында аты қалған атақты адамдарды қамтуға тырыстық. Жыл сайын Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді мойындатып жатқан дарынды жастарымыз көптеп шығуда. Дегенімен біз сонау халықымызбен жасасып келе жатқан, ең бірінші халық ауыз әдебиеті, оның ішінде жыршылар, термешілер, күйшілерді қамтыдық. Одан кейін кәсіби музыканың іргетасын қалап, театрларымыздың сахнасында өнер көрсеткен есімдерді алдық. Уақыт бір орнында тұрмайды, сондықтан алдағы уақытта мәліметтер тағыда өзгеріп отыратын шығар деген үміттемін», - дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер