BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Билл Гейтс Альцгеймер ауруымен күреске 100 млн доллар бөлмек

Фото: Thomas Peter / AP

Microsoft компаниясының негізін салушы Билл Гейтс Альцгеймер ауруын зерттейтін стартаптар мен қорларға 100 млн доллар беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлайды. Ақшаның жартысын миллиардер Деменцияны зерттеу қорына аудармақ. Қалған $50 млн бұл ауруды зерттеудің аса танымал емес жолдарымен айналысатын стартаптарға бөлінеді.

Гейтс сонымен қатар деменция жөніндегі мәліметтердің жаһандық платформасын жасауға қосымша ақша беретінін айтты. Осылайша зерттеушілердің жұмысын жеңілдетуге болады деп есептейді ол.

Агенттікке берген сұхбатында миллиардер аталған аурумен күреске көмек беруге жеке мәселелердің де себеп болғанын айтты. Оның отбасында осы аурудан зардап шеккен ер адамдар болған екен.

«Өзің жақсы көретін адамдарды бұл ауру қалай ақылынан айырғанын көру өте қиын, мен мұны білем... Өзіңіз білетін адамның біртіндеп өліп бара жатқанын көріп отырғандай боласыз» деді Гейтс.

Әйтсе де ол аурумен күреске ақша бөлуіне себеп болып отырған тек бұл жағдай емес екенін айтты. «Альцгеймермен және деменцияның басқа түрлерімен ауыратындар саны өсіп келе жатыр. Өмір ұзақтығы өсуі себепті бұл аурудың эмоциялық және қаржылық шығындары арта түседі» деді миллиардер.

Альцгеймер ауруының дамуын тежейтін ем әлі табылған жоқ. Оған арналған дәрілер тек аурудың кей симптомдарын жеңілдете алады.

Гейтс ауруды зерттеуге көбірек ақша бөлудің арқасында оны емдеу әдістері табылады деп сенеді.

«Алдағы 10 жыл ішінде әсері күшті дәрілер жасалады деп үміттенем. Мүмкін жасалмайтын да шығар» деді ол.

Альцгеймер ауруы – алжудың ең кең таралған түрі. Жыл сайын онымен әлемде 50 млн ауырады. 2050 жылға қарай бұл ауруға 131 млн ұшырайды деген болжам бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер