BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Бекболат Тілеухан білім министрлігіне: Баланың миын неге ашытып жатырсыздар?

Бүгін Мәжілісте «Орта білім берудің өзекті мәселелері» туралы дөңгелек үстел өтті. Осы орайда депутат Бекболат Тілеухан оқушылар жүктемесінің қиын екенін айтып, министрліктен «қазақстандық балалардың неліктен миын ашытып жатқанын» сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстанда бұдан ауыр жағдайды көріп тұрған жоқпын. Неге десеңіз, жаңартылған мазмұн деп вице-министр айтып жатыр. Ал шын мәнінде қараңыз, ғалымдардың айтуынша, қабілетті бала әліппені 22-24 күнде үйренеді. Қабілеті жоқ деген бала әрі кеткенде 60 күнде үйренеді. Ал менің 1-сыныпта оқитын балам 26 ақпанда әлі «ю» әрпінде жүр, 7 ай оқып жатыр. Балада еңсесін көтеріп, ойнайтын мүмкіндік жоқ. Таңертең мектепке 8:30-да кетіп үйге 5-те келеді. Не алып жатқан білімі жоқ, не бала болып демала алмайды, не түстен кейін дзюдоға бармайды, не домбырасын тарта алмайды. Бұдан асқан жүктеме, қиыншылықты көріп отырған жоқпыз», - деді Бекболат Тілеухан.

Депутат қазақстандық оқушыларға артылған жүктеме ауыр екенін айтты.

«Балалардың жағдайы өте қиын, жүктеме өте ауыр. Бүкіл назарды басқа жаққа аударып отырсыздар (БҒМ-ге – авт.), кері шауып кетіп бара жатырсыздар. Баламыздың миы ашып кетті деп жұрт бізден талап етіп отыр. Бұрындары таңертең 8-де кетіп күндіз 1-де қайтып келетін, малды да жайғап, ойнайтын, бәрін істейтін. Қазір ойнамайды, білім алып жарытпайды. 7 ай кеміріп жатыр, кеміріп жатыр, әлі әліппені толық өткен жоқ», - деді депутат.

Депутаттың сауалына Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өз баласын мысалға келтіріп жауап берді.

«Әліппе бойынша менің балам 2-сыныпта оқиды. Алдыңғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша балам әліппенің сол бағдарламасымен өтті. Қиын болды, бүгін оқу білмейді деп айта алмаймын. Ахмет Байтұрсынұлы жүйесі бойынша апробациядан өткізіп жатырмыз», - деп жауап берді ол.

Вице-министрдің бұл жауабына қанағаттанбаған Бекболат Тілеухан нақты жауап беруін талап етті.

«Неге менің баламның басын ашытасыздар. Қазақстандық балалардың миын неге ашытып жатырсыздар? Неге 40 күнде үйреніп, қалған уақытта түстен кейін бала неге дзюдосына бармайды, неге домбыра тартпайды, ойнамайды. Неге әке-шешесінің бауырында болмайды. Таңертеңнен кешке дейін менің балам мектепте. Өз баламды көруге мүмкіндігім жоқ, бала ретінде әке-шешесінің жылуын көруге мүмкіндігі жоқ», - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов болса Кеңес үкіметі кезінде әліппені 40 күнде үйренбегенін айтты.

«1970 жылы 10 желтоқсанда Бекболат Тілеухан әліппемен қоштасқан. Ал менің балам наурыз таяп қалды, әлі «ю»-да жүр. Соған жауап беріңіз», - деді депутат Бекболат Тілеухан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер