BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Ата-аналар жиналысынан аларымыз мол

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы Қазақстандағы әр отбасы үшін маңызды шара. Сондықтан шараға барынша мән-мағына берген абзал. Бұл күні барлық ата-ана жаппай мектептерге келіп, балаларының сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Ата-аналар жиналысының көздеген басты мақсаты – әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын арттыру, баланың жақсы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата-аналармен бірлесе қарастыру, сондай-ақ білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты талқылауға ата-аналар қауымын кірістіру. Негізінде мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелілігінің бір ұшы ата-аналар мен мектептің бірлескен әрекетінде екені белгілі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі, парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру, білім беру - бүгінгі таңда отбасының, балабақшаның, мектептің, барша елдің, халықтың міндеті екендігін айтады. Шынымен де, тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. Өйткені адамзат бесігін тербеткен баланың басты ұстазы ата-ана. Ой санасы дамыған, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата-ананы да әрқашан толғандырып келеді. Бүгінгі таңда балалардың сапалы біліп алып, олардың бәсекеге қабілетті, болашақтары жарқын болулары үшін жаңартылған мазмұн енгізіліп, еліміздің мұғалімдері арасында педагогтардың біліктіліктерін арттыру бағдарламасы шеңберінде жаппай оқыту жүргізіліп жатыр.

Биылғы ата-аналар жиналыстарында әрбір мектепте жұмыс істейтін қамқоршылық кеңестерінің міндеттері, қағидасы мен қызмет тетіктері талқыланады деп жоспарлануда. Мектеп өмірімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын қамқоршылық кеңестерінің көздеген басты мақсаты – білім беру сапасын арттыруда бірігіп жұмыс істеу, мүмкіндігі зор әрі шығармашыл әлеуеті жоғары білім беру ортасын қалыптастыру екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Осы ретте қамқоршылық кеңестерінің қатысушылары ретінде ата-аналар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері белгіленіп отырғандығын айта кеткен жөн.

Ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы биыл Халықаралық отбасы күнімен сәйкес келіп отыр. Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Сондықтан туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да баянды болашағының айқын кепілі. Осы ретте ата-аналар қауымы мамырдың 15 жұлдызында өтетін жалпыұлттық жиналысқа белсенді қатысады деген сенімдемін. Өйткені ата-аналар жалпыұлттық жиналысқа қатыса отырып, мазалап жүрген сауалдарына мардымды жауаптар алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жиналыстың оқу жылының соңына орай ұйымдастырылуы қуантады, өйткені бұл ата-аналар үшін өз бүлдіршіндерінің оқу жетістіктерімен жылдық қорытынды баға шықпай тұрып танысуына мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда әлем өзгеруіне байланысты балалар мен ата-аналардың көзқарастары да өзгерді. Сондықтан мектеп алдына қойылатын талаптар да өзгертілуі тиіс. Бұрынғыдай мұғалімнің монологіне құрылған жиналыстан гөрі, топтық жұмыс арқылы ата-аналардың бірлесе әрекет етіп, проблеманы талқылағаны әлдеқайда тиімді. Баланың ең алғашқы тәрбиешісі ата-анасы екені анық. Отбасы қандай болса, өсіп келе жатқан ұрпақ та сондай болады, бала әке-шешесінің үлгісінде тәрбиеленеді. Ендеше өскелең ұрпақ ел тізгінін ұстайтындай азамат болсын десек ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың жаңаша бағыттарын қарастырып, келешекте жас ұрпақ болашақ еліміздің тұтқасы болуына мектеп, ата-ана, ұстаз болып ықпал ете білу маңызды.

Отбасы – тәрбие көзі, мектеп оны шыңдаушы. «Тәрбиесіз берілген білім – тұл» деп ұлы ғұлама Әл-Фараби атап көрсеткендей, білімді ұрпақ тәрбиелеудің ата-ана мен мектептің тығыз байланысында өтуі биік нәтижеге жеткізеді.

Сандуғаш Баймишева,

Ата-аналар қауымдастығының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер