BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ардагер-ұстаз: Бүгінгі педагогиканың үлкен трагедиясы – балалар кітап оқымайды Эксклюзив

Мұғалім – құрметке лайық тұлға. Тек соңғы кездері ұстаздардан бедел қашты. Бұл жайында қоғамда жиі айтылып, жиі жазылып та жүр. Петропавл қаласында тұратын ардагер-педагог, ҚР білім беру ісінің үздігі төсбелгісінің иегері Әлия Ғалымқызы Малдыбаева «Baq.kz» аймақтағы тілшісімен бүгінгі білім беру саласы жайында ой бөлісті.

- Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мұғалімдерді түрлі шараларға қатыстырып, газет-журналдарға жазылуға мәжбүрлеуге тыйым салды. Сіз бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Өзіңіз еңбек еткен 43 жыл ішінде осындай жағдайлар болды ма? Мұғалім газетке жазылудан қашпай, мерзімдік басылымдарды іздеп жүріп оқу керек емес пе?

- Құмар Ақсақаловтың мұғалімдерге еріксіз газет жаздыруға тыйым салғандығы туралы жергілікті арналардан көріп, газеттерден оқыдым. Мені осы мәселе қатты ойландырады. Мұғалім күнделікті өмірден, жаңалықтардан ада болмауы керек. Оларды газет-журналдарға күштеп жаздырудың қажеті жоқ. Әрбір ұстаз мерзімді басылымдарды өзі алып, іздеп жүріп оқуы керек. Бала күнімнен қолымнан газет-журнал түспейді. Үйдегі тәрбие сондай болды. Мерзімді басылымдарды оқымау – жаңалықтардан мақрұм қалу деген сөз. Мектепте зорлықпен жазылған газеттердің беті де ашылмай, қоқысқа тасталып жатқанын талай көзім шалды. Мен мұғалімдердің газет-журнал оқымайтынына қарсымын. Ахмет Байтұрсынов бабамыз «Газет – халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» екендігін айтып кетті. Оны оқымайтын мұғалім – көзсіз, құлақсыз жүргенмен пара-пар.

- Білім Министрлігінің тыйым салғанына қарамастан, мектептерде ақша жинау әлі де тыйылмай тұр. Көптеген білім ордаларында ата-аналар сынып журналы, тақтаға жазатын бор, қағаз, балалар ішетін су мен стакандарға дейін сатып алады. Осының бәріне тосқауыл қою үшін не істеу керек?

- Қоғамда «мұғалімдердің жалақысы аз, олар ақшаға жарымай жүр» деген алып-қашпа пікір көп. Өз пәнін, өз ісін жақсы көрген адам жалақыға қарап жұмыс істемейді. Ол сабаққа кіргенде ақша туралы ойламауы керек. «Мектептерте бор, қағаз жетпейді, өздері сатып алады» деген әңгімелерді жиі естимін. Өз басым ешқашан ата-анаға қол жайған жоқпын. Шыны керек, бор, қағазды өзіміз сатып алған кездеріміз болды. Мектепке қатысты дүниенің бәрін мектеп қамтамасыз етуі керек. Бұл мәселе жоғары жақтан шешілуі тиіс. Мұғалімдерді ата-анаға қол жайдырып қойған дұрыс емес. Педагог оған тіпті бас қатырмауы керек деп ойлаймын.

- Қазір педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған түрлі курстар көбейіп кетті. Бір мұғалім кейде жылына осындай 3-4 курс оқып тастайды. Осының бәрі нәтиже беріп жатыр деп ойлайсыз ба? Мүмкін ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдаудың басқа да жолдары бар шығар?

- Мұғалімнің өмірі үш кезеңнен тұрады. Бірінші – мұғалім ізденуі керек. Екіншісі – сол ізденістің арқасында толығуы, толысуы керек. Үшінші кезеңде сол жинаған білімінің, тәжірибесінің арқасында үлкен табыстарға жетеді. Іздену, толысу, нәтиже беру – бұл мұғалімнің бүкіл ғұмырының жемісі. Қазір мұғалімдерге арналған түрлі курстар көбейіп кетті. Олардың мерзімдері де әртүрлі. Ұстаз оқу жылы кезінде өзінің сыныбын тастап, түрлі курстарға кетсе, оның соры қайнады дей бер. Оны алмастырған әріптесі оқушыларына дәл өзіндей білім бере алмайды. Өйткені оған көбіне қосымша ақша төленбейді. Сондықтан да орнына келген адам салғырт қарайды. Өздік білім көтеру деген бар. Педагогикалық басылымдар көп. Жақсы тәжірибелер өте көп. Мұғалім әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Ол – кәсіби шеберлігін арттырады. Бұрын кәсіби шеберлікті арттыру деген жылына бір рет қана болатын. Сол жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекет ұйымдастырған дайын әдістемені үйреніп келіп, сабақ беру – міндет емес. Әр мұғалім – күнде өзіне бір жаңалық қосу керек. Ізденбеген мұғалім – ешқандай нәтиже бермейді. Ол қоғамда өз орыны болса да, уақытын зая кетіріп жүрген адам деп ойлаймын.

- Бүгінгі ата-ана баласының қарым-қабілетіне, интеллектуалдық деңгейіне қарамай түрлі үйірмелерге беруге бейім. Уақыт пен ақша зая кетпес үшін балаларды үйірмеге бергенде нені ескеру керек, қалай дұрыс таңдау жасау керек? Бірнеше үйірмеге бару мектеп оқушысына зиянын тигізбей ме?

- Әркім өзінің баласының мектепте жақсы білім алғанын, нағыз азамат болып шыққанын қалайды. Әр ата-ана баласының сынып жетекшісімен тығыз байланыста боуы керек. Барлық пәнді жақсы көру – мүмкін емес. Біреу матемитиканы жақсы көрсе, екіншілеріның жанына тарих, үшіншісіне дене шынықтыру сабағы жақын. Баланы жан-жақты дамытамыз деп, музыка, сурет салу, робототехника, менталды арифметика сынды тағы басқа үйірмелерге сүйреу міндет емес. Бала мұндайдан мезі болады. Әр баланы қарым-қабілетіне қарай, мұғалімдерімен ақылдаса отырып бір үйірмені таңдап, сол бағытта жұмыс істеу керек. Сол үйірме – оның болашақ мамандығы да болып қалуы мүмкін. Бірақ, әр баланың спортпен шұғылдануы қажет екендігін естен шығармау керек.

- Мұғалімдердің аузынан «қазіргі балалар сөзге шорқақ, өз ойын еркін жеткізе алмайды» деген пікірді жиі естимін. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

- Мен бұнымен келісемін. Әсіресе, қала балалары қотыстырып, екі тілді қосып сөйлейді, ойын еркін жеткізе алмайды. Бұл проблеманың негізі – бастауыш сыныпта жатыр. Алғашқы ұстаз баланы қалай үйретсе, оны қалай жетектесе солай болады. Тіл дамытуды үйретсе, ол алып кетеді. Бүгінгі педагогиканың үлкен трагедиясы – балалар кітап оқымайды. Бәріміздің шамамыз келмей, әлсіздік танытып жүрген дүние ол. Осыдан 15-20 жыл бұрын сабақ үстінде кітап оқып отырған балалардың қолынан кітапты жұлып алатынмын. Қазір соным ағаттық екен деп ойлаймын. Бертінде бұл үрдіс азайып кетті. Оған Интернет те әсер етіп жатыр. Бастауышта сабақ беретін мұғалімнің ең басты мәселесі – шәкіртке кітап оқуды үйрету. Соған дағдыланса, 5-ші сыныптан балалар өздері ізденіп оқитын болады. Бұл ата-ана мен мектептің қосылып шешетін мәселесі. Қазіргі жаңалықтарға қарсылығым жоқ. Тек ескі педагогиканың ұтымды тұстарын да ұмытпауымыз керек. Кітап оқымаған, білімі таяз баладан болашақта мықты маман шығуы неғайбыл.

- Мектеп оқушыларына арналған түрлі конкурстар көбейіп кетті. Олардың бәріне қатысу үшін ақша төлеу керек. Тапсырмалары келген соң, оны оқушы ата-ана немесе мұғалімдерімен бірге орындайды. Оқушының шынайы білімі тексерілмейді. Ұйымдастырушылардың көздегені - ақша жинау. Ал мектеп басшылары мұғалімдерден оқушылардың осындай білім сайыстарына қатысуын қамтамасыз етуін талап етеді. Осындай білім сайыстарының балалар үшін пайдасы бар ма? Осындай жағдайларға қалай тосқауыл қоюға болады?

- Әр баланың білімін тексеру мақсатында мектепішілік олимпиадалар тоқсан сайын ұйымдастырылуы керек. Бүгінгі күні қашықтық олимпиадалар көбейді. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезде мен оған қарсы болдым. Бірақ ішімнен тынып жүретінмін. Оның тапсырмаларын пән мұғалімі мен оқушы қатар отырып істейді. Сосын табақтай диплом келеді. Оған мұғалім де, ата-ана да мәз. Білім бұлай сыналмайды. Оқушының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екенін көрсететін – облыстық, республикалық олимпиадалар. Ақша жинап, бәріне қатыстыра берудің қажеті шамалы. Саны көп, сапасы жоқ дипломдардың еш пайдасы жоқ. Ол тек босқа шығындалу. Бір балаға жылына бір жеңіс жетіп жатыр. Шәкірт соған жыл бойы дайындалса, қаншама рухани азық жинайды. Ғылыми жобалардың да уақыты өтіп бара жатыр. Оған барлық баланы тартудың қажет жоқ. Көбіне оқушылар мұғалімнің жетектеуімен жазады. Кез келген баланың ғымыммен айналысуға бейіні болмайды. 500 баланың арасынан 25-ін ғылымға баулыса, жеткілікті.

- Сіздің пікіріңізше бүгінгі күні мұғалімнің келбеті қандай болуы керек?

- Мұғалім өзінің жүріс-тұрысы, келбеті, үстіне киген киімі, қимылына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Ұстаздың қасиеті – оның киімінен де көрінеді. Ұқыпты, қарапайым киінсе, мұғалімге сол жарасады. Бала күнімде тәлім берген керемет педагогтар сол келбетімен есімде қалды. Қазір кейбір жас мұғалімдерге қарап, қарным ашады. Мұғалім шешен болуы керек, өз пәнін терең білуі керек. Оның бойынан жақсы қасиеттер табылуы тиіс. Мұғалім – өз қадірін еш уақытта жоғалтпауы керек. Ол мамандық – маңызын жоймайды. Соңғы кездері «Мұғалімнен бедел кетті» деген сөз жайылып кетті. Ол қалай кетеді? Мамандық таңдауда адам қателеспеуі керек. Мектепті аяқтаған кейбір жастар қайда барарын білмеген кезде жүрек қалауынсыз, ойланбастан мұғалімдікке барады. Қош, оқуын бітіріп шығады.Ісі өзіне ұнамағандықтан, жұмыс істеп жарытпайды. Жалқаулық та осыдан шығады. Он мұғалімнің ішінде осындай біреуі болса, басқаларының қадірін қашырады. Бұрын үлкендердің қолына су құйғанда «мұғалім бол» деп бата беретін. Мұғалімнің беделі – оның терең білімінде, өз қолында. Адам өзін тәрбиелеп, кемшілігін көріп, соны түзей білуі керек.

- Көпжылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде ізбасарларыңызға айтарыңыз?

Бүгінгі педагогтарға айтарым – адам бірінші еңбекті сүюі керек. Ол – өз пәніңе деген құштарлығың. Сол пәнге деген құштарлық арқылы мұғалім көп нәтижеге жетеді. Уақытты тиімді пайдаланып, өз бетімен іздену керек. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Бүгінгі заман талабына сай терең білімді, ізденімпаз ұстаз – көп нәтижеге жетіп, мектебінің мәрсебесін көтереді. Қоғамда мұғалім тапшы болып қалмаса екен деп ойлаймын. Мұғалімдерді сырттай оқытуға қарсымын. Күнде жаңа бағдарламалар шығып жатыр. Оны сырттай оқыған адам ешқашан меңгере алмайды. Білімі төмен мұғалім - балалардың болашағына балта шабады.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер