BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Әнуар Жанғозин: 20 жыл ішінде Астанадағы мұғалімдер саны 5 есе артты

Фото: Sputniknews.kz

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық білім беру жүйесін дамыту перспективалары негізінде белгіленген басым міндеттер: Астанамыздың бүгінгі даму қарқынына сай инфрақұрылымды жетілдіріп, дарынды мұғалімдерді тарту, олардың әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау және сапалы білім беру. Биыл жаңа оқу жылы қандай өзгерістермен басталды және болашақта қандай өзгерс күтпек? Білім саласындағы осы және басқа да сұрақтарға Астана білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозинмен әңгіме өрбіттік.

2019 жылда әрбір сыныпқа Wi-Fi желісі өткізіледі

BAQ.KZ: Жаңа оқу жылы білім саласында қандай өзгерістермен, қандай жаңалықтармен басталды?

Әнуар Жанғозин: Биылғы оқу жылында қалалық мектеп жан басына қаржыландыру әдісіне көшті. Бюджетті тиімді бөлу арқылы әрбір мектеп өзінің үстемелік қорын ұлғайтуға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта Астана қаласында бастауыш және орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуін қамтамасыз ету үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Жаңартылған білім беру мазмұнына биыл 3,6,8 сыныптар қосылды. Келесі жылы 4,9,10,11 сыныптар да көшеді.

2018 жылдың қаңтар айында Білім басқармасының бастамасымен Астанадағы Білім беруді жаңғырту орталығы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Оның мақсаты – білім берудің барлық деңгейіндегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек пен қолдау көрсету.

BAQ.KZ: Қағазбен байланысты жұмыстарды қысқарту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Әнуар Жанғозин: Биыл қала мектептері робототехника кабинеттерімен, компьютерлік, интерактивті және STEM зертханаларымен жабдықталды, ал 2019 жылда әрбір сыныпқа Wi-Fi желісі өткізіледі. Қағазбен байланысты жұмыстарды қысқарту мақсатында электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі енгізілді. Ата-аналар үшін осы жылдан бастап ұялы қосымшасы жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде. Өткен жылы 375 орындық арнайы мектеп-интернаты ашылса, түзету мекемелерінің саны 3-тен 6-ға дейін артты. Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің 75 пайызы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған. Биылғы жылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың бірыңғай электронды базасы аяқталып, іске қосылмақ.

Елордада «Самғау» жобасы іске асырылуда

BAQ.KZ: Астанадағы білім мекемелерінде мұғалімдер саны жеткілікті ме?

Әнуар Жанғозин: 20 жыл ішінде Астанадағы мұғалімдер саны 5 есе, яғни 3 мыңнан 16 мыңға дейін артып отыр. Алдағы бес жылда жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуын ескере отырып, мамандардың қажеттілігі тағы 5 мың адамды құрайтын болады.

Биыл алғаш рет елордамыздың дамуына аса қажетті мамандықтар бойынша республиканың 13 жоғары оқу орындарына әкімдік тарапынан 700-ден астам грант бөлінді. Жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша сұранысы көп мамандықтар анықталды, соның ішінде: білім беру, медицина, туризм, IT, дизайн, кәсіпкерлік, ірі деректерді талдау, құрылыс саласы, көліктік салалары бар.

BAQ.KZ: «Ақылды» қала жобаларына тоқталып өтсеңіз?

Әнуар Жанғозин: «Ақылды» қала үшін маңызды жобалардың бірі – қаланың өсуін тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретін Big Data (үлкен деректер) технологиясы пайдаланатын жобалар, мысалы, мектептер мен ауруханаларды ең ықтимал және қажеттілігі бар орындарда салу және т.б.

Осыған орай Астана қаласының әкімдігі бұл мамандыққа биыл 14 білім беру грантын бөліп отыр. Сонымен қатар «Кәсіпкерлік саласындағы бизнесті басқару» мамандығына тағы 34 грант тағайындалды. Бағдарлама жаңадан бизнесті құруға қабілетті, кәсіпкерлік ойлау қабілеті дамыған балаларды оқытуға, өңірдегі кәсіпкерлік экожүйені дамытуға бағытталған. Қазірден бастап бірінші курсқа қадам басқан грант иегерлері елорданың даму стратегиясын зерттеп, болашақта Астананың одан әрі әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне ықпал ететін мәселелер мен тақырыптарды зерттеуге кірісті.

Елордада «Самғау» жобасы іске асырылуда. Бұл ерекше даму траекториясы анықталған 13 мектеп. Әрқайсысы өзі үшін ықтимал бағыт таңдап, сол бойынша серіктестермен бірігіп жұмыс жасайды. 13 мектепте медицина, ақпараттық технологиялар, ғарыш, қолданбалы өнер, дизайн, бизнес және т.б. сияқты дамудың басым бағыттары анықталған.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңына қатысты жұмыс тобы құрылды

BAQ.KZ: Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Елбасы Жолдауында айтылған Педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеуге дайындық басталғанын мәлімдеген болатын. Бұл жаңа заңның ерекшелігі не болмақ?

Әнуар Жанғозин: Астана қаласының Білім басқармасымен «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ұсыныстарды қалыптастыру бойынша жұмыс тобы құрылды, онда бұдан әрі жұмыс істеудің негізгі басымдық бағыттары анықталды (еңбекақы жүйесіне өзгерістер енгізуден басқа): әлеуметтік кепілдіктерді өзектілендіру және педагогикалық жоғары оқу орындарын іріктеуде кандидаттардың академиялық жетістіктеріне, олардың қарым-қатынас дағдылары мен оқытуға ынталандыруға, мұғалімнің жоғары миссиясын белсенді түрде алға жылжытуға, үздік оқытушылар мен тәлімгерлердің жетістіктеріне ерекше назар аудару. Бұл жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылауында.

BAQ.KZ: Астана қаласы бойынша қанша мұғалім аттестациялауға қатысып, қаншасы өтті және үстемақыға ие болды?

Әнуар Жанғозин: Ағымдағы жылы 26-28 мамырда ұлттық біліктілік тестілеуге 1907 мұғалім қатысты.Өтпелі деңгей жинап, екінші кезеңге 1424 (74,6 %) мұғалім жіберілді.

Аттестаттаудың екінші кезеңі қорытындысы бойынша 88,69 % мұғалімге (1263) біліктілік санаттары берілді (педагог-модератор» - 321, «педагог-сарапшы» - 385, «педагог-зерттеуші» - 494, «педагог-шебер – 63).

Аттестаттаудың жаңа моделіне көшу жалақыны арттыру шараларының бірі болды және педагогтардың біліктілік санаттарын арттыру үшін жаңа мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен педагогтар үшін 30-дан 50 % дейінгі лауазымдық айлықақы белгіленді.

педагог-шебер – 50%;

педагог-зерттеуші – 40%;

педагог-сарапшы – 35%;

педагог-модератор – 30%.

Аттестаттау ережесіне сәйкес ұлттық біліктілік тестілеуге 3-4 қарашада 1989 педагог өтініш берді.
​Қатысқандар саны 1884 (94,72%).
​Өтпелі деңгейден 1301 адам (69 %) өтті («педагог-модератор» – 366 (28,1%), «педагог-сарапшы» - 374 (28,7%), «педагог-зерттеуші» - 515 (39,5%) және «педагог-шебер» - 46 (3,5%)).

Астана қаласында апатты мектептер жоқ

BAQ.KZ: Астана қаласында неше апатты жағдайдағы мектеп бар?

Әнуар Жанғозин: Бүгінгі таңда Астана қаласында апатты мектептер жоқ. Елордалық орта білім мекемелері бүгінгі таңда 106 мекемені құрап отыр. Ол 85 мемлекеттік, 16 жекеменшік, және тағы 4-уі республикалық физика-математика және Назарбаев Зияткерлік мектептер. Жаңа оқу жылында Астаналық мектептерде 161 мыңнан астам бала оқиды, оның 22 мың баласы – бірінші сынып оқушылары. 1 сыныпқа қабылдау электронды және қағаз жүзінде жүріп жатыр. Бүгінгі таңда e.astana.kz жүйесі арқылы 16 мыңнан астам өтініш тіркелген.

Ол жалпы өтініштер санының 80% құрап отыр.

BAQ.KZ: Астана қаласында неше жаңа мектеп салынуда және құрылыс жұмыстары қашан аяқталады деп жоспарланған?

Әнуар Жанғозин: Астана қаласында 2019 жылы 8 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады, сонымен қатар №24,28,40,57,64,68 мектептердің жанынан 6 кеңейтім (пристройка) салынады.

BAQ.KZ: Қаладағы барлық білім мекемесіне бейнебақылау камералары орнатылған ба?

Әнуар Жанғозин: Астана қаласының білім беру саласында «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, барлық объектілерде бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда оны пайдалану және заманауи интеграция қызметтеріне қол жеткізу үшін білім беру мекемелері бойынша талдау жұмыстары жүргізілді. Әрбір сыныпта (мектепте) және бөлмелерде (мектепке дейінгі ұйымдарда) камераларды орнату қажеттілігін, сондай-ақ барлық нысандардағы көпшілік жиналатын жерлерде қосымша камераларды орнату қажеттілігі есептелді. Соңғы ақпарат бойынша қажеттілік 10 мың камераны құрап отыр. Бұл көлемдегі жабдықтау мен орнату шараларын 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Бұдан басқа, Астана қаласында турникеттік жүйе арқылы (қалалық мектептер негізінде) бақылаудың бірыңғай жүйесіне сәйкес пилоттық жобалар іске қосылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер