BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ақмолада жаңа оқу жылында 4 мектеп пайдалануға беріледі

Фото: автор

Жаңа оқу жылында Ақмола облысының Біржан сал, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында 4 жаңа мектеп ел игілігіне беріледі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қазір облыс мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық барысы қарқынды жүруде. Биыл 669,1 млн теңгеге 9 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілсе, 551 мектеп 350,8 млн теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті.

«Жаңа оқу жылында оқушылардың кең сарайдай әдемі де жарық мектепте білім алуын қамтамасыз ету – басты мақсат. Биыл өңірдегі Біржан сал ауданының Невское селосында 80 орындық, Сандықтау ауданының Балқашин селосында 200 орындық, Целиноград ауданының Қаражар селосында 120 орындық, Көкшетауда 900 орындық жаңа білім ордалары қолданысқа беріледі», - дейді облыстық білім басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Валерий Гамазов.

Облыс орталығы Көкшетау қаласыныӊ бет-бейнесі соӊғы жылдарда қалай өзгергені жергілікті тұрғындардыӊ көз алдында. "Сарыарқа" шағын ауданында құрылысы аяқталған 900 орындық жаӊа мектеп осыныӊ бір айғағы іспеттес. 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған аталмыш жобаға 1 408 263 мыӊ теӊге қаражат бөлінген.

Мектеп жеті блокты болып салынды. Аумағы 2,7 гектарды құрайды. Білім ордасы үш сатылы, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім сатысы бойынша және үш қатарлас сыныпқа арналған. Құрылыс 2016 жылдыӊ 18 шілдесінен басталды. Бүгінгі күні мектеп ғимараты құрылысының ішкі жұмыстары аяқталып қалған. Нысанды жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделіп отыр. Сыртқы келбеті көзтартарлық жаңа мектеп қала тұрғындарына керемет тарту болары сөзсіз.

«Қазіргі уақытта мектептің айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмысшылардыӊ барлығы да өздеріне тиесілі жұмысты ықыласпен орындауда. Мектеп қабырғасыныӊ қаӊқасы монолиттен құрастырылып, кірпішпен қаланған. Кәріз және жылу құбырлары тартылды. Құрылыс материалдарыныӊ барлығы дерлік отандық өнімдер. Мектеп заманауи үлгіде болғандықтан, химия, физика, математика кабинеттері мен зертханасынан бөлек, спорт залы, стадионы да болады», - дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

Биыл Ақмола облысында 14,2 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер