BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

2020-2021 жылдары мектеп оқулықтары толығымен жаңа мазмұнға көшеді

Фото: Автор

Биылғы оқу жылынан бастап 3, 6 және 8 сыныптар жаңа мазмұнға көшіп отыр. 2020-2021 жылдары мектеп оқулықтары толығымен жаңа мазмұнға көшеді. Бұл жайында «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбітгүл Каримова БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап білім беру жаңа мазмұнға көшкен, ол кезде бірінші сыныпқа жаңа бағдарламалар енгізіліпті.

«2017-2018 оқу жылында 2, 5 және 7 сыныптар жаңа білім мазмұнына көшті. Биылғы оқу жылынан бастап 3, 6 және 8 сыныптар көшіп отыр. 2020-2021 жылдары біз жаңа мазмұнға толығымен көшеміз. Оқу сапасын және сараптама жұмыстарын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдануда. Яғни, оқулықтарды әзірлеудің әдістемелік нұсқаулығы дайындалып, оқулықтар пилоттық мектептерде сынақтан өткізілуде. Сонымен қатар қоғамдық бағалау жұмысы жүргізілуде», - дейді ол.

Сонымен қатар ол, оқулықтардың салмағына қатысты нақты ұсыныстар жасағандықтарын айтты.

«Қазіргі ереже бойынша бастауыш сыныптарда, яғни 1-4 сыныптарда оқулық – 300 гр аспау керек, 5-6 сынып – 400 гр, 7-9 сынып – 500 гр, 10-11 сыныпта – 600 гр. Дегенмен көпшілік оқушылардың сөмкесі ауыр деп жатады, өйткені нормативтік талаптар тек оқулыққа ғана қойылған. Біз өз кезегімізде Министрлікке оқушы сөмкесінің нақты салмағын анықтауды қосуды жүктедік. Сондай-ақ, оқушының жұмыс дәптерінің салмағына да нормативтік тәртіп енгізуді сұрап отырмыз. Баспалармен келісе отырып, оқулықтардың пішінін де өзгертуді сұрадық», - дейді Б. Каримова.

Аталған орталық жаңа мазмұнға көшу барысында 2017 жылдың қараша айында кітап авторларымен бірге еліміздің 16 аймағын аралап, мұғалімдермен кездесіп, олармен пікірлескен. Және жасалып жатқан кітап бойынша қоғам пікірінбілу үшін оқулық макетін сайттарына іліп қойған.

«Сайтта да талқылау жүрді, оған 4 мыңнан аса ұсыныс хат келді. Қазір келесі жылы жаңадан енгізілетін 4, 9 және 10 сыныптардың оқулығы сайтымызда тұр. Ол әлі баспаға кеткен жоқ. Сондықтан оны әркім көріп, өз ұсынысын білдіре алады», - дейді ол.

Сонымен қатар ол, тасымалдаушылардың кесірінен оқу жылы басында кейбір өңірде кітап жетіспеушілігі орын алатындығын айтып өтті.

«Әр аймақ қанша оқулық керек екендігі жөнінде баспаларға тапсырыс береді. Баспалар уақытымен шығарады. Алайда оқулықтың мектептерге жетуіне келгенде қиындықтар туындап жатады. Өйткені тасымалдау жұмыстары тендер арқылы жүргізіледі. Ісіне жауапсыз қарайтын кәсіпкерлердің кесірінен кейде оқулықтар уақытында жетпей қалып жатады. Үкімет осы жағын қайта қарап, бұл істі жұмыс істей алатын кәсіби мамандарға тапсырса деген ұсынысымыз бар», - дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер