2018 жылы «Болашаққа» қанша стипендия бөлінеді - Білім & ғылым|07 Желтоқсан 2017, 18:55
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

2018 жылы «Болашаққа» қанша стипендия бөлінеді

Келесі жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 555 стипендия беру қарастырылған, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп атап өтілгенін жеткізді.

Мемлекеттік хатшы білімнің жаһандық экономикасында бәсекеге түсе алатын үміткерлерді сапалы іріктеп алу үшін тиісті шара қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын ескере отырып, меритократия қағидатын ұстану қажет.

Отырыс барысында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ «Болашақ» стипендиясының іске асырылуына қатысты бірқатар мәселе қарастырылды.

Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамытудың 2018-2025 жылдарға арналған жоспары мақұлданды, 2018 жылғы Басым мамандықтар тізбесі бекітілді. Жаңартылған тізбе еліміздің Үшінші жаңғыруының міндеттерін іске асыруға бағытталған 160 мамандықтан тұрады. 2018 жылға 555 стипендия бөлу көзделді.

Биыл стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 309 үміткерге тағайындалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер