USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Тәуелсіздік жылдары игерілген «Теңіз» кеніші ширек ғасырда әлемдегі алып кәсіпорындардың біріне айналды

Еліміз егемендік алысымен сонау 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда қазақстан мен АҚШ арасында «Теңіз» кенішін бірлесе игеру туралы шартқа қол қойылды. Ол кезеңде тәуелсіздікке қол жеткізгеніне екі-ақ жыл толған біздің еліміз әлі аяғына тұрып кете алған жоқ-ты. Президент Н.Ә.Назарбаев көмірсутегі шикізатын игеруге сырттан мүмкіндігі мол, салмақты компанияларды тарту қажеттігін, олармен бірлесіп еңбек ету керектігін сол кезде айтқан болатын. Ал, мемлекет басшысының таңдауы түскен «Шеврон» алғашқы күннен-ақ сенімді серіктес әріптес екендігін көрсетті.

Ал бүгінде ең еңсесін көтеріп, дербес мемлекетімізге 25 жыл толған кезеңде Елбасының мұхиттың ар жағына өзі сапарға шығып, сондағы кен орындарымен жеке танысқандағы мақсаты – сенімді әріптес іздеу екендігіне, және қателеспегеніне куә болдық. Қазір бірлескен компания ұлттық экономикамызға елеулі үлес қосуымен қатар, эколоиялық тепе-теңділікті сақтау, жергілікті халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне жете мән беріп, қомақты қаражат құйып отырған ірі кәсіпорындардың бірі. Кезінде «Ғасыр келісімі» аталған бұл жоба әлемдегі ең танымал компаниялардың қатарында.

Бірлескен кәсіпорында қазіргі таңда мұнай мен газды кешенді дайындайтын 2 ірі зауыт жұмыс істеп тұр. Енді үшініші зауыт салу мақсатындағы жаңа жобаларға 36,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып отыр. Әрине бұл қаражаттың қайтарымы боларына мемлекет те, инвестор да, мамандар да сеніп отыр.

«Қазіргі таңда өндіретін мұнай көлемі 26-27 млн тонна жылына болатын болса біз тағыда 12 млн тоннаға көбейтеміз. Сонда есептеп қарағанда бұл жоба іске асқаннан кейін біздің жоспарымыз жылына 38-39 млн тонна өндіру. Қазір үшінші зауыттың құрылысында 11 мың адам жұмыс істеп жатыр. Жоба құрылысы қызған кезде 20 мың жаңа жұмыс орны шаылатын болады»,- дейді Қазақстан-АҚШ бірлескен кәсіпорнының Үкімет және бұқарамен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Жаңа жоба бойынша кен орнынан алғашқы мұнай алу 2022 жылға жоспарланған. Соның нәтижесінде Теңізде мұнай өндіру тәулігіне 260 мың баррельге артады. Немесе жылына 38-39 млн. тоннаны құрайды. Шарықтау шегінде бұл көрсеткіш тәулігіне 900 мың баррельге жетеді. Қазақстан халықаралық ірі компаниялардың мұнда инвестиция салып, еш алаңсыз жұмыс жасауына болатындығын тағы да дәлелдеді. Елбасының көздеген бағыты мен ұстанған саясаты да осы болатын. Осы орайда «Теңізшевройл» компаниясының ұзақ жылдарға межеленген тағы бір ірі жобаны қолға алуы – мемлекет басшысының инвесторларға қолайлы ахуал жасау туралы тапсырмасының нақты жүзеге асырылуы деп бағалауға болады.

Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан өзінде бар көмірсутегі шикізатының мол қорымен алдағы уақытта әлемдегі «қара алтынды» ең көп өндіретін алдыңғы қатарлы бес елдің қатарына кірмекші. Бүгінде қазақстандық геолог-ғалымдар республикада әлі де игерілмеген қыруар кеніш бар екенін дәлелдеді. Оларды кәдеге асыру – келер күннің үлесі»- деген болатын.

Ия, Президент болжамы айнымай келді. Бүгінде жер қойнауын игеруші бірлескен кәсіпорын 1993 жылдан бері 20,8 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға қазақстандық сервистік компаниялардың қызметі мен қазақстанда шығарылған тауарды тұтынған, Бұл да отандық кәсіпорындардың дамуына үлес қосып отыр. Сонымен компанияда жұмыс істейтін қазақстандық мамандар шетелдерде білім алып, өз ісін жетік білетін отандық инженерлер құрамы жасақталды. Қазір компания қызметкерлерінің 85 пайызы отандық жоғары санаттағы мамандар. Біріккен кәсіпорынның отандық экономикаға қосар үлесі алдағы уақытта да молая түспек. Серіктестіктің тағы бір басымдылығы әлеуметтік салаға көмегі. Компания «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы бойынша биыл өңірге қажетті мектеп, балабақша және басқа да нысандар құрылысына 25 млн, оған қосымша денсаулық сақтау, білім беру саласының сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік инвестициялық бағдарлама жасап оған 1 млн Ақш доллары көлемінде қаржы бөлді. Ал жаңа жоба құрылысына қатысуға 1600 ге жуық қазақстандық кәсіпорын инвесторлардың таңдауынан өткен. Қазір кен алаңының басында негізгі инфрақұрылымды салу жөнінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей араласуымен жүзеге асырылған ғасыр жобасы 25 жылда осындай белеске көтерілді. Алдағы уақытта да бірлескен кәсіпорын әлемдік деңгейдегі алып жобаның бірегейі бола бермек.

Автор: Айдос ШӘРІПХАНҰЛЫ

фото- «Теңізшевройл» компаниясының мұрағатынан алынды

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады