BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Татьяна Скоробогатова: Медбике болу үшін төзім керек

Фото: Автор

Қазіргі қоғамда медбике болу сұранысқа ие мамандықтың біріне айналып отырғаны жасырын емес. Бұл кәсіпті таңдағандардың арқалаған жауапкершілігі мен атқаратын жұмысы да бір басына жетіп артылады. Осы медбикелер науқастың ауруханаға келген сәтінен бастап, дертінен сауыққанша бәйек болатыны тағы бар. Дәл осындай маманның бірі – Қостанайдың іргесіндегі Қашар қалалық ауруханасында бейіндік кабинетінің медбикесі болып жұмыс істейтін Татьяна Скоробогатованы айтуға болады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Кейіпкеріміз Қашар орта мектебінде медицина қызметкері ретінде 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1981 жылы Ресейдің Қорған облысындағы медучилищені фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, 5 жыл сол жердегі фельдшерлік-акушерлік пунктте жұмыс істеді. Қазір Қашар қалалық ауруханасында да абыройлы қызмет атқаруда.

Ал келесі жылы бейнетінің зейнетін көрмек. Ал әзірге бар күш-жігерін өзінің сүйікті ісіне арнаудан шаршамақ емес. Татьяна Вениаминовнаның айтуынша, медбикелердің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Екпе жұмыстарын беріп, дәрісін уақытылы береді, жалпы халін назардан тыс қалдырмайды. Күні-түні науқасқа қарайтын медбикелер ғой. Жақсы сөз жанға дауа болғандықтан, ем-домға кіріспес бұрын науқастың көңіл-күйін көтеретін жылы сөздер айтамын. Жас медбикелерге де әрдайым бұл туралы айтып отырамын. Аурухананың жұмысы өте қиын. Күн сайын неше түрлі диагнозбен түскен науқастарды көруге тура келеді. Отадан соң ауыр халде жатқан науқастарға ерекше күтім қажет. Кейбір медбикелердің төзімі жетпей, ауысып кеткен жағдайлар болды», – дейді Татьяна Скоробогатова.

Науқас шын пейілмен қарауды, жанашырлықты қажет етеді, сондықтан медбикелер өз ісін сүйе білуі және жұмыстағы бар ауыртпалықты көтере білуі керек. Осының барлығы да медбикенің бойынан табылуы тиіс қасиеттер.

Кейіпкеріміз кей жағдайларда ақ халаттылардың емі қонбай, науқастардың өз дертімен бетпе-бет қалған сәттерінде олармен бірге жаны ауыратынын айтады.

«Ауруы әбден меңдеген науқастарды жылы сөзбен де жұбата алмайтын сәттеріміз болады. Ауыр дертіне мойынсұнған, тағдырдың жазғанына көнген пациенттерге көмек қолын созуға дәрменсіз болатын кездеріміз де болады. Халық арасында «Денсаулықты сатып ала алмайсың» деп тегін айтылмаса керек. Оған өзім қаншама рет куә болдым, сондықтан Құдайдан отбасымның амандығын, ізімді қуған қызым Марина мен кішкентай жиенім Софияның дендерінің сау болуын тілеп жүремін, – дейді Татьяна Скоробогатова.

Қашар ауруханасында күн сайын дертіне шипа сұраған сан қилы тағдырлар тоғысады. Барлығын біріктіретін тек бір ғана нәрсе бар. Ол – ертерек сауығып, отбасына оралу.

Ал Татьяна Вениаминовнасекілді білікті мебдикелер әдеттегідей, дәрігерлермен қатар, күні-түні өздеріне міндеттелген жұмысты абыроймен атқарып жүр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер