USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Президент ізімен. Елбасымен кездескен Ерден Эксклюзив

2002 жыл...
Қыркүйектің 23-27-сі Елбасының қабылдауында болған әрбір дарынды шәкірт пен олардың ұстаздарының есінде мәңгіге сақталары анық. Өйткені осы уақыт аралығында екінші рет еліміздің түкпір-түкпірінен республикалық, халықаралық білім, өнер бәйгесінде, спорттық сайыстарда топ жарған жас таланттар Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу үшін Астана төріне жиналды.

Олардың қатарында Оңтүстік өңірінен екі дарынды оқушы бар еді. Оның бірі бүгінде әсем даусымен талайды мойындатқан жас әнші Ерден Жақсыбеков болатын. Ерден ол кезде Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы
№65 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы еді. Сол жылдары облыстық, республикалық, халықаралық ән байқаулардың бас жүлдегері атанып, еліміздің атын бірнеше мемлекетте асқақтатты. Осылайша талантты оқушы ретінде Елбасымен жолығуға, алдында ән салуға мүмкіндік алды. Оны дауыс ырғағын жетілдіріп, вокалдан мектепте дәріс беретін ұстазы Роза Әміре Астанаға жетектеп келді.

"Ерден кішкентайынан өзгелерден ерек, дарынды болды. Айтқаныңды бірден қағып алатын. Қағілез. Ол Президентіміздің алдында "Елім менің" әнін орындайтын болған. Бірақ Астанаға барғанымызда өзге бала ән салатын болып, менің шәкіртімді сызып тастапты. Екі күн дайындықтан кейін ұйымдастырушыларға Ерденнің дауысын тыңдап көруін өтіндім. Алғашқы шумағын айтып бастағаннан-ақ Ерденнің ерекше дауысы жиналғандарды тебірентіп, қол шапалақтатты. Содан кейін Елбасының алдында әнді Ерден шырқайтын болып шешілді. Төрт күн дайындық болды. Межелі күн жеткенде 60 оқушы, 40 мұғалім Назарбаевтың қабылдауында болдық. Кіп-кішкентай Ерденнің орындау шеберлігіне риза болған Елбасы құшағына қысып, батасын берді. Сөйткен Ерденім ержетіп, қазақ эстрадасының жарық жұлдызына айналып келеді. Шымкентке келгенінде келіп, амандасып кетеді. Концерттен теледидардан көрсем, мәз боламын. Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен артық бақыт, қуаныш жоқ ғой", - дейді 40 жылдан бері жас таланттарды ән өнеріне баулып жүрген Роза Әміре апай.

Ал бұл сәтте алған әсерін Ерден көпке дейін сыныптас достарына айтып жүріпті.

"Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім. Сондықтан болар ән әлеміне құштарлығым бала кезінен оянды. Роза апайым мені байқауларға дайындап, Армения, Болгария, АҚШ, Литва елдерінде өткен халықаралық байқауларда топ жардым. Осының нәтижесінде Елбасымен кездесу бақытына ие болдым. Ол кезде менің жасым 12-де еді. Тек теледидардан көріп жүрген Президентіміз мейірлене құшағына қысқанда өзімді бақытты сезіндім. Сол кездесуде айтқан әрбір сөзі санамда ерекше жатталып қалды. Менің ғана емес, сол басқосуда болған барлық бала мен ұстаздар ұмытпайды деп ойлаймын. Елбасы бізге арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар тапсырды. Мен үшін ең құнды, бағалы сыйлық олар", - дейді жас әнші.

14 жыл бұрын Елбасымен кездескен әр өңірдің үздіктері бүгінде түрлі салада еңбек етіп, озат атанып жүрген болар. Басқа дарынды шәкірттер мен олардың ұстаздары қайда жүр екен?

Үш жүздің басын қосқан Ордабасыда Елбасы үш рет болған

"Ордабасы ел жүрегі, жер кіндігі". Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген бағасы бұл. Қиын қыстау заманда қазақтың басын біріктіріп, мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырған Ордабасы тауының әрбір қазақ баласы үшін қадір-қасиеті ерекше.

1993 жылдың 28-29 мамырында Ордабасы тауының биігінде Ұлы жиын өтті. Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және басқа да ТМД елдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен 150 мыңға жуық адам береке мен бірліктің бастауы болған мекенге жиналып, Тәуелсіздікке тәубе десті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігіне ерекше тоқталып, Ордабасы төбесі енді "Ордабасы" ұлттық-мәдени және табиғи қорыққа айналғандығы туралы Жарлығын жария етті. Салтанатты жиынға сол кездегі Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Каримов пен Қырғызстан Республикасының президенті Асқар Ақаев қатысқан.

Сол кездегі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт Ордабасыдағы ұлы жиынды бүгінде сағынышпен еске алады. Жас буынға Ордабасының жайын айтудан жалыққан емес.

"Ордабасы түбiндегi қиыршық тас зауыты 1992 жылдың соңына қарай тоқтады. Ордабасы тауының бір бүйірі үңірейіп қалды. Ал келер жылы Ордабасыда ұлы жиын өтетіні жайлы ақжолтай хабар келді. Елбасының шешімімен Тутөбеде Төле, Әйтеке, Қазыбек билерді еске алатын болып шешілді", - деп бастады әңгімесін Мархабат аға.

"Бірақ бұл жиын қай жерде өтеді деген мәселе тұрды, Ұлытауда ма, Ордабасыда ма? Өйткені ұлт болып ұйысу жолында Ұлытаудың да маңызы үлкен, Ордабасының да мәні терең. Кейін Ордабасыда өтетін болып шешілді. Біздің бұл жиынға дайындалып үлгеруімізге бар-жоғы бір айдан астам ғана уақытымыз бар еді. Содан Республика Премьер-министрiнiң орынбасары Қуаныш Сұлтанов пен Министрлер Кабинетi аппаратының жауапты қызметкерi Сауытбек Абдрахмановқа Ордабасы ауданының сол кездегі әкімі Еркін Сатқанбаев екеуміз барып, үйіп-төгіп тапсырма алып қайтқанбыз. Күні-түні көз ілмедік. Аз уақыттың ішінде орасан тірлік атқарылды. Межелі күн жеткенде Ұлы жиынға 150 мыңға жуық адам қатысты. 20 шақты елден арнайы делегация аттың басын бұрды. Адам деген сыймай кетті. Мұндай жиын әлі күнге дейін болған емес. Тұңғыш президентіміз "Береке басы бірлік" деген баяндама жасады.

«Береке басы – бiрлiк. Бiрлiгiмiз берiк болса, болашағымыз баянды болары даусыз. Лайым, ынтымағымыздан айырмасын. Толық Тәуелсiздiкке жетудiң ұлы жолында бiздi халқымыздың үш данасы, үш көсемi, қасиеттi бабаларымыз – Төле бидiң, Қазыбек бидiң, Әйтеке бидiң аруағы қолдап жүрсiн!», - дедi Президентiмiз.


Сондай-ақ, сақ, ғұннан басталатын еліміздің тарихы, жүріп өткен жолы, алауыздықтың келтірген зияны, алдағы уақытта істелінетін жұмыстар, тәуелсіздікті нығайтудың жолдары, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы да сол жерде айтты.

Үш елдің басшысы Тутөбе биігіне шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы туды биікке көтерді. Сол Тутөбеге Нұрсұлтан Назарбаев көгалды жасыл беткейменен туды көтеру үшін өрлеп бара жатқан кезде 150 мың адам демін ішіне тартып, сілтідей тынды. Көтерілген сәтте толғаныс, тебіреніс үні шықты. Осы күнге дейін қатысқандар "гуіл ме, әуен бе, тербеліп тұрды" деп айтады. Көп адам "Ойпырмай, бізде ел болдық-ау, туымыз көкке көтерілді-ау деп көздеріне жас алды. Елбасы "Ордабасы ел жүрегі, жер кіндігі" десе, ұлы ойшылымыз, жазушы Әбіш Кекілбайұлы "Ордабасы қазақ рухының қағбасы " деп баға берген", - дейді Мархабат аға.

Ал 1997 жылы Ордабасы төбесiне биiктiгi отыз метрге жуық монументтi ескерткiш орнатылады. Ашылу салтанатына Елбасымыздың өзi келген. Ал үшінші рет 1998 жылдың күзінде ат басын бұрыпты.

Биыл ел Тәуелсiздігінің 25 жылдығын тойлайтын болсақ, ал Ордабасы жиынына, Тутөбе басында байрағымыздың желбiрегенiне 290 жыл толмақ.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз Ордабасыны ұмытып кеткен сияқтымыз. Бұл мәселені Мархабат Байғұт аға да жиі көтеріп, басылым беттерінде "Ордабасыға оралайық, Ордабасыны ойланайық" деп қалам тербеп жүр.

"Ордабасыда кейбір жасалған белгілер тозып бара жатыр. Егілген ағаштар қурап қалады жыл сайын. Басшылар да ат ізін салмайтын болған. Ордабасының рухын көтеретіндей, ұлттық намыстың биігі ретінде оны еске алып, үлкен-үлкен жиындар өткізіп тұруымыз қажет", - дейді ол.

Алты алаштың басын қосқан, Бірлік басқосуы өткен Ордабасыға назар салып тұруды енді ұмытпасақ екен.

Әйгерім БЕГІМБЕТ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады