USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Президент ізімен: Ең қымбат жоба. Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған білім ордасы Эксклюзив

Тәуеліздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ертіс өңірінде жұмыс сапарымен сан мәрте болғаны белгілі. Ресми сапар барысында ел Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысумен қатар, халықтың кәдесіне жарайтын нысандардың ашылу рәсімдеріне қатысуды игі дәстүрге айналдырған. Baq.kz агенттігінің Павлодардағы меншікті тілшісі облыс жұртшылығы «Тәуелсіздік тартуы» деп білетін әлеуметтік һәм өндірістік нысандардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп көрді.

«Елбасыға уәде еттік» - өңір шаруалары

Іс-сапарлары барысында Нұрсұлтан Назарбаев өндірістік өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың бастамаларын қолдап, дем бергені рас. Сондай жандардың қатарында бүгінде сапалы өнімі алыс-жақын шетелге «Сағып» брендімен танылған кәсіпкер Төлеу Құшманова бар.

«Өз басым Елбасымен төрт рет кездестім. Жүздесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлына қазағымыздың қымызын шетелге танытамын деп уәде берген едім. Бүгінде бұл арманға да қол жеткіздік. Бүгінде ұлттық сусынымызды Ресей, Біріккен Араб Әмірліктеріне де тасымалдаймыз. 25 жыл бұрын кім едім? Мен бие сауған қарапайым әйел едім. Ал бүгінде нәзік жанды кәсіпкер атанған жайым бар. Тәуелсіздікпен бірге түлеген шаруашылығымда 500-ге жуық бие бар. Ендігі мақсат – қазақтың құртын әлемге таныту. Әзірге Қытайға экспорттап жатырмыз», - дейді Төлеу Құшманова.

(Фото: Ақорда сайтынан алынды)

Елбасы үстіміздегі жылғы қыркүйектің 29-ы күні Ертіс өңірінде болып, агроөнеркәсіп саласының дамуымен танысқан еді. Облыстың аулы шаруашылығының әлеуетін паш ететін арнайы көрме барысында Елбасы Қазақ еліне танымал Лебяжі ауданында өсірілетін қарбыздан дәм татты. Ауданның құнарлы жерінде «Қарбызшы» атанып кеткен Қайрат Шапуов жыл сайын тәтті жидектің 92 сұрыбын егеді екен.

«Елбасымен кездескен сәтте қарбыздан бөлек, асқабақтың шемішкелерін өңдеуді жоспарлап жатқанымды жеткіздім. Нұрсұлтан Әбішұлы қолдау білдірді. Президеніміздің сенімін ақтау мақсатында, міне, діттеген мақсатыма да жеттім. Өңдеудің осы түрімен елімізде бірде бір шаруа айналыспайды екен», - дейді Қайрат Шапуов.

Бірегей. Жалғыз.

2007 жыл. Елбасының Павлодарға іс-сапары. Дәл осы кезде Павлодар облысында ғана емес, Қазақ елінде бірегей алюминий өндірісі бастау алды. Өңірде «Қазақстан электролиз зауытының» алғашқы кезегі бой көтерді. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы және жалғыз жоғары таңбалы бастапқы алюминий өндіруші болып табылады. Отандық металлургияның флагманы болып есептеледі. Айта кетейік, дүниежүзіндегі осындай 200 алюминий алпауыттары арасындағы үздік ондыққа кіреді. Сапалы өнім Ресей, Белорусь, Украина, Өзбекстанға экспортталады. Қазіргі таңда бұл зауытты 2500-ден астам адам еңбек етеді.

Павлодардың алғашқы металлы осылай алынып, түсті металлургия кластерінің қалыптасуына серпін берді. Бүгінде зауыт быр жылда 250 мың өнім шығарады.

(ФОТО: Ақорданың сайтынан алынды. 18 қыркүйек 2012 жыл)

- Мен сіздерді заманауи анодты зауыттың ашылуымен құттықтаймын. Бұл - мүлде жаңа бірегей технология. Енді сіздерде тұрақты жұмыс және жақсы еңбекақы бар. «Қазақстан электролиз зауытының» жоспарында келешекте құю өндірісін кеңейту қарастырылған, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, электролиз зауыты биылғы жылды табысты көрсеткіштермен бастады. Олай дейтініміз, кәсіпорында 100 мыңыншы анод шығарылды. Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, анод, яғни, электрод алюминий өндірісіне қажетті бір тонна «қанатты» металл алу үшін 500 килограмм анод керек.

Бұрын Қазақстан электролиз зауытында Қытайда шығарылатын анодтар қолданылған. 2014 жылдың күзінде, Еуразиялық топтың 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан электролиз зауыты анод шығара алады.

Айта кетерлігі, жоғары технологиялық және экологиялық жағынан қауіпсіз өндірістің бірі – Қазақстан электролиз зауытының электродтар шығаратын цехы Павлодар облысындағы алюминий кластерін қалыптастырушы буынның біріне айналды. Мұнда зиянды заттарды 99,5 пайызға тазартатын өте тиімді газтазалау құрылғысы орнатылған.

Тәуелсіздікке тарту. Бірегей көпір

Биылғы жылы Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азиядағы теңдесі жоқ көпірдің құрылыс барысымен танысқан болатын. Құрылысшы ардагерлер нысанды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай атау туралы ойларын жеткізді. Ниет қабыл болды. Енді алып көпір Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріледі.

(ФОТО: Ақорданың сайтынан алынды)

«Көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда бұл жерде мыңнан астам өндірістік кестеге сай жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан пайдалануға берілген соң нысан арқылы тәулігіне 7 мыңнан астам көлік қатынайды деп күтілуде. Бұл – біз үшін зор жетістік», - дейді құрылысшылар.

Айта кетейік, құрылыс материалдарының барлығы дерлік елімізде шығарылған. Бұл нысанды салуға 10 мың тонна металл, 12 мың тонна бетон мен 17 мың тонна қосалқы материал қолданылған.

Ең қымбат жоба

Павлодар облысында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 79 ілкімді жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

(ФОТО. Ақорда сайтынан алынды)

Павлодар облысының экономикалық дамуыне зор серпін берген жобалардың бірі – Бозшакөл кен байыту фабрикасы. Елбасы сапары барысында кәсіпорынның каолин балшығы бар кендері өңдейтін фабрикасы іске қосылды.

Қазақстан Президенті жиналғандарды осы тарихи жаңалықпен құттықтап, жаңа өндірістің іске қосылуы Павлодар облысының индустриялық-инновациялық әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

– Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

(ФОТО. Ақорда сайтынан алынды)

Еске сала кетсек, 2015 жылдың желтоқсан айында Бозшакөл КБК-ның жылына 25 млн тонна сульфидті кендерді өңдеуге қуаты жететін байыту фабрикасында іске қосу және реттеу жұмыстары басталған болатын. Ал 2016 жылдың ақпан айында мұнда алғашқы мыс концентраты өндірілді. Ал өңдеу қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайтын жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жалпы жылдық өңдеу көлемі 30 млн тонна кенге жетеді.

«Жаңа фабрикада каолин балшығы бар кеннен тауарлы мыс концентратын өндіру 2016 жылы басталады деп көзделіп отыр. Каолин балшығы бар кендер толығымен өңделгеннен кейін кәсіпорын сульфидті кен байыту фабрикасы болып қайта жарақталады.

Кеңестік дәуірде Бозшакөлдегі кен қазу жұмыстары мұндағы құрамында сазы жоғары кеннің көп болуынан қиындаған. Каолин балшығы бар кендерді өңдейтін технологиялар жоқ еді. Технологиялардың дамуы арқасында бозшакөлдік қорларды өңдеуге қол жетті. Биылғы жылдың соңына дейін Бозшакөлде катод эквивалентіндегі 45-55 мың тонна мыс және құйма эквивалентіндегі 50-60 мың унция алтын өндіріледі», - деп хабарлады кәсіпорыннан.

Бүгінде өндіріс ошағында 1500 жуық адам жұмыс еңбек етеді.

Дарындылар мекені

Осыдан төрт жыл бұрын Екібастұз қаласында 650 орындық музыкалық мектеп қолданысқа берілді. Бұған дейін Екібастұздың құрметті азаматтары шаһарға музыка мектебі керектігін Елбасына хат арқылы жеткізген. Осылайша, білім ошағы Президенттің тікелей тапсырмасымен салынды. Сәні мен сәулеті келіскен өнер ордасының Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Араға бірнеше жыл салып Президент оқушылардың шығармашылығымен танысып, мектептің тыныс-тыршілігімен танысқан еді.

Мектеп директорының орынбасары Виктория Рахманинованың айтуынша, қазіргі таңда 7-17 жас аралығындағы дарынды ұл-қыздар білім алуда.

«Мектеп ашылғалы бері 1500-ге жуық музыкан түлеп ұшты. Бүгінде олардың бір бөлігі мектебімізде ұстаздық етсе, қалғаны еліміздің үздік шығармашылық ұжымдарында еңбек етуде. мектепте домбыра, прима-домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, баян, аккордеон, флейта, гитара, шертер сыныптары, сонымен қатар, ұлттық аспаптар, вокал-хор, ішекті аспаптар сынды бөлімдер бар», - дейді Виктория Рахманинова.

Жалпы, 25 жылда 100 жылға татитын істер атқарылды. Бұл сөздерді Елбасы жаңа көпір басында кездесуінде айтқан болатын.

«Павлодарлықтарға бұдан артық баға керек емес», - дейді зиялы қауым.

Ермек ЕЛЕМЕС

Фото автордікі

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады