Павлодар қаласы мереке қарсаңында түрлене түсті - Тәуелсіздік күні|05 Желтоқсан 2017, 17:20
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.71 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 411.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.38
Астана:

Павлодар қаласы мереке қарсаңында түрлене түсті

Фото: Автор

Ертіс өңірінде Павлодар қаласын сәулеттік жарықтандырудың арнайы бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бүгінде мереке қарсаңында облыс орталығының көшелері түрлене түсті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Осы күндері Павлодар көшелеріне жарықдиодты шамдар мен шырақтар орнатылып, шаһардың шырайын аша түсті. Қаланың келбеті әсіресе түнгі уақытта адам танымастай өзгерді.

Бүгінде қалаға жарықдиодты сәулеттік шамдарды орнатумен бірнеше мердігер компания айналысуда. Сала мамандарының айтуынша, бұл электр құралдарының барлығы энергия үнемдеу саясаты аясында орнатылды.

«Біз спорттық, мәдени және спорт нысандарына басымдық бердік. Арнайы топ әр ғимараттың қайталанбас дизайнын жасады. Бұл жұмыс шығармашылық пен ыждаһаттылықты талап етеді. Компаниямыз энергияүнемдегіш жабдықтар қолданады. Мәселен, флекснеон, лед-шырақтар және жарықдиодты ленталар бар. Құралдардың барлығы экологиялық таза әрі үнемді», - дейді мердігер Алексей Прозоров.

Әсіресе, облыс орталығындағы 10 шақырымдық ең ірі көшені абаттандыру мен жарықтандыруға басымдық берілді. Абаттандыру жұмыстарына 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, жарықтандыруға бюджеттен 180 млн теңге жұмсалған. Бұл іс қосымша шығын келтіретіні сөзсіз. Павлодар қаласының бас сәлетшісі Назар Жұмабековтың, айтуынша, жоғары технологияларды қолданудың арқасында энергияға төленетін қаржы небәрі 5%-ға ғана көбейеді.

«Жарықтандыру барысында энергияүнемдеу саясатын ұстандық. Сонымен қатар, әр ғимаратты безендірудің бірегей дизайнын жасадық. Бұл мәселелерді комиссия барысында жіті қарастырып, мақұлдадық. Шаһарды жарықтандыруға мемлекеттік мекемелер ғана емес, жекеменшік ұйымдар да атсалысты. Бүгінде бір ғимаратты жарықтандыруға 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржы қажет. Мыңдаған жарықдиодты шамдар мен шырақтар қаланың тарихи бөлігіндегі музейлер мен театрлардың көркіне көрік қосты», - дейді Назар Жұмабеков.

Айта кетейік, сәулеттік жарықтандыру Павлодар қаласының 30-ға жуық білім беру, спорттық және мәдени нысандарында пайда болды. Алдағы уақытта сәулеті келіскен ғимараттардың қатары тағы 34 нысанға артады.

Фото: Автор

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер