USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Металлургтен мемлекет басшысына дейінгі Елбасы өміріне саяхат Арнайы тапсырма

Фото: автордікі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Теміртау қаласында Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталық ашылған болатын. Бүгінде аталған орталық тек Қарағанды өңіріне ғана емес, республика жұртшылығына танымал кешенге айналды, деп жазады Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Теміртаудың төрінде орын тепкен кешен алыстан көзге бірден түседі. Қазақтың киіз үйінің дизайнына ұқсастырып салынған ғимараттың табалдырығын аттағанда ең бірінші байқағанымыз, сыртқы сәулеті келіскен кешеннің іші де көз тойдырарлықтай әдемі екен. Орталық қызметкерлері де қонақжайлылығымен бірден келушілерді өзіне баурап әкетті.

«Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында мәдени-көпшілік және қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізуге арналған залдар орналасқан. Мұнда концерттер, форумдар өткізіліп, бейнефильмдер көрсетіледі. Конференц залда ғылыми конференциялар, съездер, мәжілістер, сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаларды, ұлттық және әлемдік мәдениетті насихаттайтын шаралар өткізіледі. Кітапханада ҚР Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметі туралы ақпарат беретін кітаптар жинақталған. Сонымен қатар, кітапхана қорында тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, қалыптасуы және даму жолдарын ашып көрсететін Н.Ә.Назарбаевтың авторлығындағы кітаптар қойылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде құру мен дамытудағы рөлін ашып көрсетуді мақсат тұтатын орталықта Елбасымыздың өмір жолы мен Теміртау қаласының тарихынан сыр шертетін құнды мұралар жинақталған», - деп таныстырды орталық директорының негізгі істер жөніндегі орынбасары Нәзира Ілиясова.

Орталықтың екінші қабатында экспозициялық алты зал бар. Бұл залдар ең жаңа шығармашылық және техникалық шешімдерді қолданып жабдықталған. Мұражайға келушілер әрбір залда орналасқан Touch Screen электрондық бағаналары арқылы экспонаттар жайлы толық ақпарат пен қосымша фото, бейне материалдарды көре алады екен.

«Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын бірінші залда Астананың макеті орналасқан. Макетте елордамыздың көзтартар орындарының, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттарының кішірейтілген нұсқаларын көруге болады.

«Өз заманының перзенті» залында Елбасының балалық шағы, жастық шағы және отбасы жайында айтылып, тұлғаның жақындары мен туыстары арасында қалыптасу кезеңі бейнеленеді. Мұнда есімдері күміс және алтын жіппен кестеленген Нұрсұлтан Назарбаевтың шыққан тегінің шежіресі қойылған. Осы залда Елбасының өміріне маңызды әсерін тигізген ғимараттардың макеттерін көруге болады.

«Тұлғаның ерен қабілеті» залында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған «Қазақстан Магниткасының» тарихы көрсетілген. Мұнда Қазақстан Магниткасының құрылысы, зауыт салу идеясынан бастап, металлургиялық комбинат жұмысын толық өндіріс циклына шығаруға дейінгі кезеңді көруге болады.

Ал металлургия өндірісінің жұмысын бейнелейтін «Қазақстанның құрыш келбеті» залында металлургия комбинатының мыңдаған есе кішірейтілген нұсқасы салынған. Бұл залдағы көрсетілген цехтар, құрал-жабдықтар, залдың жарықтандырылуы, тіпті едені мен төбесі де тура металлургия комбинаттағыдай деп сендірді орталық қызметкерлері.

«Уақыт ағымы» залында Нұрсұлтан Назарбаевтың партия көшбасшысынан ҚР Тұңғыш Президентіне жеткенге дейінгі 20 жыл өмірі туралы әңгімеленсе, «Қазақстан жолы» көрме залында Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл бойы қалыптасуы туралы мәліметтер ұсынылған. Сонымен қатар, үлкен экран арқылы еліміздің барлық облыстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Орталық директоры Саида Саргизованың айтуынша, мәдениет және өнер нысаны ретінде орталық қазақстандықтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың, патриотты болуына ат салысады.

«Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы Ұлт көшбасшысының жарқын өмірі мен қызметі үлгісінде азаматтарды, әсіресе жастарды патриотизмге, Қазақстан халқының ауызбіршілігін сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, бүкілқазақстандық мәдени кеңістікті дамытуға шақырады. Сондай-ақ қазақ ұлттық мәдениетін насихаттай отырып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке танытуға септігімізді тигізгіміз келеді», - дейді С.Саргизова.

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында да Елбасының өткен ғасырдың 60-80 жылдары аралығындағы жас жұмысшы, металлургтен мемлекет басшысына айналуы мен өсіп-жетілуін көрсететін көптеген құжаттық деректер, фотосуреттер, жазба және бейнетаспалар жинақталған. Бұл мұрағатты жинастыруға Елбасының өзімен бірге жұмыс жасаған, оқыған қызметтес достары көптеп көмек көрсеткен дейді мұражай қызметкерлері.

Мұражайдағы тағы бір қызықты экспозиция ретінде Н.Назарбаевқа сыйланған кәдесыйларды айтуға болады. Мұнда Өзбекстан, Ресей, Үндістан, Қырғызстан және т.б. елдердің Елбасымызға сыйлаған сыйлықтары қойылған. Олардың көбі қолдан жасалған бұйымдар. Мұражайда ерекше көзге түсетін тағы бір зат – жас Нұрсұлтанның өзі қолданған шахмат. Мұражай қызметкерінің айтуынша, тарихи-мәдени орталыққа шахматты Н.Назарбаевтың қурстасы сыйлаған.

«Елбасымен бір курста оқыған Виктор Никонов осы шахматты орталыққа әкеліп табыстаған болатын. Ол кісінің айтуынша, студенттік кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы осы шахматпен талай ойнаған. Бұл жерде сондай-ақ домбыра мен гармонь тұр. Елбасымыз домбыра мен гармонға осы жерде, Теміртауда үйренген», - дейді экскурсия жетекшісі ҚуанышТыныбекұлы.

Суреттер автордікі

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады