BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қазақстан поштасының 25 жылдығына арналған пошталық маркаларға арнайы белгі қойылды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін 9 қазанда бүкіләлемдік пошта күнінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазпошта» АҚ бірлесе Қазақстан поштасының 25 жылдығына арналған мерейтойлық және атаулы күндер сериясынан тұратын пошталық маркаларға арнайы белгі қою салтанатын ұйымдастырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Салтанатты рәсімге Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Құрметті пошта қызметкерлері, ең алдымен сіздерді, отбасыларыңызды бүгінгі пошта күнімен шын жүректен құттықтаймын. 25 жыл мерейтойларыңыз құтты болсын. Бүгін мен білетіндей дүниежүзілік пошта ұйымының да күні, сондықтан да барлықтарыңызға тек жақсылық, табыс, жұмыстарыңыз әрқашан да оң болсын деп тілеймін», - деді Абаев.

Министр «Қазпошта» қызметкрелерін құттықтай отырып, ұйым алдында цифрландыру міндеті тұрғанын атап өтті.

«Сіздердің тарихтарыңыз, дәстүрлеріңіз өте бай. Сіздер секілді еліміздің барлық бұрышында мекемесі бар ұйым көп емес. 25 жыл ішінде үлкен жұмыс істедіңіздер. Уақыт талабына да сай өзгердіңіздер. Қазір алдымызда цифрландыру міндеті тұр. Сіздер де соған сай табысты өзгеріп жатырсыздар. Сәлемдемелерініңіз өз уақытында жіберіліп, көрсеткіштеріңіз тек жоғары болсын», - деп айтты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов ұйымда жұмыс істейтін 23 мың қызметкерді бүгінгі мерекемен құттықтады.

«Бүгін дүниежүзілік пошта күнінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазпошта АҚ-пен бірлесіп, Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары блогын айналымға шығаруға дайын. 4 маркада Қазақстан поштасының жарқын беттері бейнелеген. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш маркасы – «Алтын сарбаз», Қазақстандағы бірінші пошта телеграф үйі, поштаның соңғы жетістіктері бейнеленген және болашақ Қазақстандық поштаның балалар көзімен көрсетілген маркалары. Бүгін енгізіп отырғанымыз жәй ғана маркалар емес, біз мақтаныш ететін нышандарымыз. Бүгін біз қос мерекені дүниежүзілік пошта күнін, әрі «Қазпоштаның» 25 жылдығын атап өтіп отырмыз. Мен «Қазпоштаның» 23 мыңнан астам қызметкерінің әрқайсысын осынау айтулы оқиғамен құттықтаймын. Болашақта атқаратын жұмыстар көп, оларды сіз бен біз жұмыла атқаратынымызға сенімім мол», - деп құттықтады «Қазпошта» төрағасы.

Алғысөздерден соң Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов екі маркаға белгі басып, қолдарын қойды. Содан соң 1977 жылдан 2018 жылдың тамыз айына дейін пошта саласында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, осы жылы құрметті еңбек демалысына шыққан, 2008 жылы «Астана қаласының 10 жылдығына» және «Құрметті байланысшы» төсбелгісіне ие болған пошта саласының ардагері Светлана Цветова және осы салада еңбек жолын бастағанына небәрі үш ай болған жас маман Әлішер Сатыбалдин да маркаға белгі соғып, қол қолдарын қойды.

Айта кестек, «Қазпоштаның» 25 жылдығына орай арнайы 4 марка шығарылды. Марка көлемі – 52х36 мм, марканың номиналы - литер S, Қазақстан аумағында 50 грамға дейінгі салмақтағы тапсырысты хаттың тарифіне сәйкес келеді.

Фотолардың авторы: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер