USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қарағандыда Назарбаев оқулары өтті

Фото: автордікі

Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығында онлайн түрде өткен Назарбаев оқуларына мемлекет басшысының қызметтестері, студент жастар мен кітапхана қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

«Назарбаев оқуларының мақсаты Елбасының жарқын өмірі мен қызметі үлгісінде жастарды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу. Халқымыздың торқалы тойы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген онлайн тәртібіндегі республикалық Назарбаев оқулары – еліміздегі мәдениет және білім ошақтарының Елбасының өмірі мен қызметін насихаттау бойынша ынтымақтастықтағы қызметін көрсететін елеулі оқиға», - дейді Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары Нәзира Ілиясова.

Тұңғыш Президент күніне арналған республикалық Назарбаев оқуларына Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Қарағанды қаласының М.Әуезов атындағы Орталық кітапханасы және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері қатысты.

«Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіз елімізді дамыту бағытында атқарған істері жастар үшін үлгі-өнеге. Мемлекет басшысының өмір жолын білу арқылы біз де болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан істерге сенім білдіріп, Ұлт Көшбасшысының саясатына қолдау білдіргіміз келеді», - дейді Қарағанды индустриялық университетінің студенттері.

Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан 2050 Стратегиясын, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын, «5 институционалды реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы жастар саясаты туралы пікірлерімен бөлісті.

Елбасының қызметтестері мен үзеңгілес достары жастарға Н.Ә.Назарбаевтың еңбекқорлығы, білімге деген құштарлығы және отансүйгіштігі туралы әңгімелеп берді. Студент жастар өз кезегінде Мемлекет басшысының еліміздің келешегі болған өскелең ұрпақ үшін атқарып жатқан игі істерін атап өтті.

Суреттер автордікі

Ұқсас сілтемелер:
03 Желтоқсан 2016, 22:23
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 25 ЖЫЛ...
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады