Бүгін абыз Абайдың туғанына 173 жыл толды - Атаулы күн|10 Тамыз 2018, 11:49
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Бүгін абыз Абайдың туғанына 173 жыл толды

Бүгін қазақтың біртуар ақыны, философ, ағартушы, композитор Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының дүниеге келген күні, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақтың бас ақыны Абай 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

Абай ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды. Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Байрон мұраларына ден қояды.

Ал, 13 жасында Абай әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.

1860 жылдары Абай шығармашылықпен айналыса бастады. Бірақ, өз өлеңдерін басқа аттармен жариялап, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі қазақтың әлеуметтік жағдайынан хабар береді. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік - шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Одан бөлек, Абай Крыловтың бір топ мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегинінің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығармаларын қазақ іліне аударған.

Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері халық жадында алтын әріптермен жазылған.

Өмірінің соңғы жылдары Абай қара сөз жазуды қолға алды. Абай поэзиясының арқауы болған ғылым, білім, еңбек тақырыбы қара сөздерде де жалғасын тапқан. Жалпы саны қырық беске жететін қара сөздер тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Қара сөздер алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көріп, кейінірек орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Бүгінде Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер