BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Түркістан облысының жәрмеңкесіне астаналықтар не үшін асығады

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада елорданың 20 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысының тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары 11-12 тамызда «Қазақстан» спорт кешені алдындағы алаңда оңтүстік өнімдерін төмен бағада сатып ала алады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша жәрмеңкеде тауарлар белгіленген бағадан 15-30%-ға төмен бағада сатылып жатыр.

«Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен биыл үшінші рет жәрмеңке өткізіп отырмыз. Қала тұрғындары мен қала қонақтарына Түркістан облысының өндіріп жатқан өнімдерін, өсіп жатқан көкөністері мен жемістерін 15 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетіп сатудамыз. Айта кететіндей, Түркістан облысында 2800 га интуитивтік бауы, 29000-ға жуық көкөніс бауы, 1325 га жылыжайымыз бар. Әкелінген 411 тонна өнім 101 миллионға жуық қаржыға алынып, осында саудаланады. Астана қаласының әкімдігі бағаны қояды, біз сол бағамен келісіп, тауар өндірушілердің басын біріктіріп алып келіп, сол бағамен сатамыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, жеміс-жидекке, көкөніске, қауын-қарбызға тұрғындар үлкен қызығушылық танытып отыр», - деді Мырзахметов.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Ал Түркістан қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінде сектор бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Бимахамбет болса облыс орталығының жәрмеңкеге көкөніс, жеміс-жидектен бөлек жергілікті сүт өнімдерін әкеліп отырғанын атап өтті.

«Әр келгенде 25-30 тонна жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдерін әкелеміз. Адамдар келіп, жақсы сатып алып жатыр. Өнімдердің бәрі сапалы, тиісті мекемелер талапқа сай екенін анықтап, тексеріп кетті. Түркістан өзі өндіретін сүт өнімдері, соның ішінде «Тұран» шаруа қожалығы пастерленген сүт, қаймақ, сүзбе, ірімшігін әкеліп отыр. Жақында бізде Қытай мен Қазақстан кәсіпкерлері бірлескен халықаралық деңгейде түйе сүтінен құрғақ және таблетка түріндегі сүт өңдейтін зауыт ашылайын деп жатыр», - деді ол.

Жәрмеңкеге таңертеңнен келген жұрттың қарасы көп. Олардың оңтүстіктің жеміс-жидегі мен қауын-қарбызын алуға асығып келгені жасырын емес. Солардың бірі қала тұрғыны Серік Қылышұлы тосап қайнатуы үшін 10 келідей жеміс алғанын айтады.

«Түркістан облысы жаңадан құрылып жатыр. Сол үшін де құтты болсын айтамын. Астанаға келіп халыққа сол жердің жеміс-жидегін, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып жатқандарыңа рахмет. Әрі арзан, халық бір қуанып қалатын болды», - деді қала тұрғыны.

Айта кетсек, жәрмеңкеге 35-тен астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып жатыр. Астанаға сонау Түркістан облысыныңн құны 101 миллион теңгені құрайтын 411 тонна азық-түлік өнімдері әкелінген. Соның ішінде ет өнімдері – 66 тонна, көкөніс – 137 тонна, жеміс-жидек – 39 тонна, сүт өнімдері 27 – тонна, картоп – 20 тонна, жұмыртқа – 5 мың дана, балық – 5 тонна, бал – 4 тонна, кептірілген жеміс – 5 тонна, түрлі консервілер – 4 тонна, басқа да өнімдер – 28 тонна.

Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер