BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Шетел фотографтары Астананы әртүрлі қырынан суретке түсірді

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астананың 20 жылдық мерейтойына орай елордада шетелдік және отандық кәсіби фотографтардың қатысуыменен ІІ «PPHOTOfest.KZ» халықаралық фотофестивалі басталды. Шара аясында «Бәйтерек» монументінің алдында «Астана әлем фотографтарының объективінде» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астанаға арнайы келген фотографтар 5-8 шілде аралығында Қазақстан елордасы Астананың көрікті жерлерін суретке түсірді. Биылғы фестивальдің ерекшелігі 20 фотограф нақты 20 бағыт бойынша жұмыс істеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбетін жан-жақты қамтыды.

Көрмеге Қытай, Жапония, Франция, Италия, Германия, Англия, Ресей, Армения, Әзербайжан сынды елдерден келген және отандық кәсіби фотографтардың ең үздік шыққан 200-ге жуық туындысы қойылды.

«Бүкіл әлемге танылған рейтингі өте жоғары шетелдік фотографтар Қазақстанға келіп, бірнеше күннің ішінде Астанамыз туралы жақсы туындылар шығаруға мүмкіндік алды. Біздің мәдени, рухани өмірімізде болып жатқан жағдайларды, Елорданың табиғаты мен осындай ғимараттарды өз көздерімен көріп түсіргеннен кейін сол туындыларды бізге паш етеді. Фестивальде шетелдік фотографтардың көзімен түсірілген Астананың жаңа көріністерін интернет арқылы жариялап, Астананың 20 жылдығында болып жатқан іс-шараларды кеңінен көрсетуге, бүкіл әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік туып тұр. Бұл байқаудан күтеріміз өте көп. Өнер туындылары болған соң оларды өзге мемлекеттерге апарып, Астананың көріністерін көрсету мүмкін болмақ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.

Ал фотофестивальдің сараптау комиссиясының мүшесі фотограф Андрей Мартынов былтырғы табысты өткен фестивальден соң биыл шараның географиясы кеңейгенін атап өтті.

«Былтырғы өткен алғашқы фестивальде ілгерілеу жоғары болды. Биыл одан да көп фотографтар келіп шараның ауқымы кейейе түсті. Олар Астананың тыныс-тіршілігін фотоға түсірді. Бұдан бөлек әрқайсысы елдеріне барған соң Қазақстанның елордасы туралы алған әрселерін айтатын болады», - деді ол.

Фестиваль қатысушыларының арасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше суретін түсіріп, танымалдылыққа ие болған Армения Президентінің жеке фотографы Давид Акопян мен суретті түсірудің ерекше әдістерімен өз брендтерін қалыптастырып үлгерген мәскеулік Валера және Наталья Черкашиндер бар.

«Мен дін тақырыбында фотоға түсірдім. Мешіт пен шіркеуді, Назарбаев университеті объективіме ілінді. Университет маған қатты ұнады. Сіздерде сондай ғажап, үлкен университет бар екен. Дін маған қызықты, шығармашылық тақырып сияқты көрінеді. Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері бейбіт әрі достық қарым-қатынаста өмір сүреді. Соны көрсеткім келді, себебі барлық елде олай емес», - деді Акопян.

Черкашиндер болса Қазақстан тарапынан фестивальге шақыру алған соң Астана туралы фильм көргендерін, шақыруды ойланбастан қабылдағандарын айтты. Олар түсірген суреттерді PhotoShop-пен өңдейтіндерін атап өтті.

Шараның ресми ашылуында фотофестивальдің сараптау комиссиясы әлемдік фотографтаға елеулі еңбектері үшін алғыс білдіріп, оларға арнайы сертификаттар табыстады.

Іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өтіп жатыр. Халықаралық фотокөрме 1 ай жалғасады.

ФОТО: Бауыржан Жуасбаев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер