BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Павлодарда музей жәдігерлері «тірілді»

Фото: Автор

Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Музейдегі түн» шарасында жәдігерлер «тірілді», деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Дәстүрлі шара барысында қала тұрғындары тас дәуіріндегі адамдар, Павлодар өңірін мекен еткен алғашқы адамдар, Қазақ хандығының жауынгерлері, Кеңес дәуірінде өмір сүрген азаматтар мен Ұлы Отан соғысында ел үшін отқа түскен майдангерлерді көріп, қолмен ұстау мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, музей 1896 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Бұл – сол заманда Ертіс өңірінде тұрған көпес А.Деровтың сауда үйі. Кейінгі жылдары ғимарат саяси, мәдени, тіпті, медициналық бағытта қызмет атқарған. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдары бұл ғимараттың бірнеше бөлмесінде эвагоспиталь орналасыпты. Ал 1977 жылы 100 шаршы метрді алып жатқан екі қабатты нысан халық депутаттары Кеңесінің шешімімен музей иелігіне берілді.

Биылғы жылы ауқымды шара Павлодар облысының 80 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналды.

Шара барысында әр жәдігер өз тарихы туралы әңгімеледі. Музей түнінде Қыпшақ қағанатының жауынгерлері мен патшайымдары музей ішінде серуендеп жүрді. Бұл рольдердің барлығын музей қызметкері шебер сомдады.

Тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық-бұқаралық бөлім жетекшісі Күләш Шайдуллинаның айтуынша, шараны ұйымдастыруға 200 адам атсалысты. Олардың қатарында мәдениет мамандары, студенттер мен оқытушылар бар.

«Осы жолы түрлі дәуірлерге тиесілі жәдігерлер тірілді. Сонымен қатар, біз Павлодар облысының киелі жерлерін таныстырдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Екібастұз өңіріндегі Әуликөл ескерткіші, Мәшһүр Жүсіп мешіті туралы кеңінен айтылды. Осы шара барысында тұрғындар XIX ғасырда өмір сүрген діни ағартушы Исабек Ишан және өзге әйгілі тұлғалармен танысты», - дейді маман.

Айта кетейік, биыл «Музейдегі түн» шарасы барысында келушілер Ертіс өңірінде 18 ғасырда есімі қазақ даласына мәшһүр болған Сұлтанбет сұлтан тұрған қыстақтың көшірме ғимаратымен танысты. Ә.Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың аумағында орын тепкен тарихи нысан жанынан екі ғылыми зертхана ашылды. Айта кетейік, сұлтан тұрған нысанды үш ғасыр бұрын испан патшаларының ұрпағы Яков Де Кастро Ласерда салып берген.

Орталық маманы Еңлік Әбеуованың айтуынша, үш ғимараттан тұратын мемориалды кешен тарихи тұлғаның өмірі туралы сыр шертетін шағын мұражайға айналды.

«Сұлтанбет сұлтан – Қазақ хандығының Ресеймен ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатқан дипломаттардың бірі. Сонымен қатар, Қазақ-Қытай арасындағы келіспеушілікті шешуде мәмілегер ретінде танылған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде оның мұрындық болуымен 50 мың қол әскер жинап бергенін тарихи деректер дәлелдейді», - дейді маман.

Еске сала кетейік, «Музейдегі түн» осымен 11-рет ұйымдастырылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер