BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Министр ерлік көрсеткен 20 баланы марапаттады

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 батыр баланы салтанатты жағдайда марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл іс-шараның мақсаты – «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.

Марапаттау рәсіміне еліміздің әр түпкірінен 20 батыр бала шақырылған болатын. Олар - ерлік әрекеттері үшін ешқандай марапат алмаған балалар.

«Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Еліміздің жүрегі – Астана биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналды. Астана тек еліміздегі қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығы емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің жүрегі саналады», – деді Қалмұханбет Қасымов марапаттау рәсімінде.

– Елорданың туған күні қарсаңында Астанаға еліміздің әр түкпірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз! – деп атап өтті министр.

Қалмұханбет Қасымов барлық балаға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, қырағы, рухы күшті, ержүрек қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне ағалық тілектестігін жеткізді. Бұдан соң Қ. Қасымов батыр балаларды өз қолымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалдарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды.

Салтанатты іс-шара барысында балалар құрметті қарауылдың өнерлерін, әскери оркестрдің орындауында патриоттық және әскери композицияларды тамашалады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер