BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Астананың байырғы тұрғыны сол жағалаудың қалай салынғанын айтып берді

Биыл Астана 20 жылдығын атап өтті. Осы уақыт аралығында елорда күрделі саяси мәселелер талқыланатын, маңызды халықаралық жиындар өтетін алаңға айналды. Сонымен қатар бас қала – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің ордасы. Арқа төсінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын елорданың қалыптасуы – Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесі. Осы орайда Baq.kz тілшісі елорданың дамуына өз үлесін қосып жүрген жастармен сұқбаттасты.

Алғашқы кейіпкеріміздің есімі – Айнұр Абдрахманова. Ол – Астана қаласының байырғы тұрғыны. Кейіпкеріміз бас шаһардағы сол жағалаудың қалай салынған айтып берді.

«Менің Астанада тұрғаныма 27 жыл болды. Қаланың бұрынғы атауы – Целиноград. Ол шағын қала болатын. Бұрын оң жағалауда тек Жастар, Встреча аудандары ғана болды. Тек уақыт өте келе шаһар үлкейіп, оң және сол жағалау деп бөлінді. Сол жағалаудың қалай салынғаны есімде. Ол жақта ең бірінші салынған ғимарат – Бәйтерек. Кейін «ҚазМұнайГаз», Сыртқы істер, Қорғаныс министрліктерінің мекемелері тұрғызылса, уақыт өте министрліктер үйі, Ақорда салынды», - деді ол.

Сонымен қатар, Астана тұрғыны сол жағалауда жолдар болмағанын да еске алды.

«Алғашқы жылдары сол жағалауға Қабанбай батыр даңғылымен ғана баратынбыз. Басқа жол болған жоқ. Ал Бәйтерекке тек нөмірі 117 маршрут баратын. Әрине, сол жағалаудың адам танымастай болып өзгеретініне бала кезімде сенген жоқпын. Бірақ уақыт өте келе сол жағалау – сәні мен салтанаты жарасқан ауданға айналды. Елорданың қарқынды дамуы – Қазақстан халқының еңбегінің нәтижесі», - деді Айнұр Абдрахманова.

Бүгінде ол Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Баспа және баспа ісі кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді. Осы орайда Айнұр жастарға тек сапалы білім беруге тырысатынын атап өтті.

«Еуразия ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда аталған университеттің Журналистика және саясаттану факультетінде жұмыс істеймін. ЕҰУ – еліміздегі беделді университтердің бірі. Мұнда мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен келген жастар білім алады. Сондай-ақ біздің университте грантқа түсу өте қиын. Сондықтан түлектер осында оқу үшін бар күшін салады. Сондықтан мен де жастарға сапалы білім беруге тырысамын», - деді оқытушы.

Келесі кейіпкеріміздің есімі – Мақсат Хабаров. Ол – Астанаға арман қуып келген жастардың бірі. Бүгінде ол қаладағы №66 мектеп-лицейінде қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ береді.

«2008 жылы елордаға Қызылорда қаласынан келдім. Ондағы мақсатым – білімімді шыңдау. Осылайша, сол жылы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Оны бітіріп, 2014 жылы магистратурада оқыдым. Қазіргі таңда мектепте қызмет атқарамын», - деді ол.

Әңгіме барысында Мақсат Астанаға көшіп келгеніне еш өкінбейтінін, әрі мұғалім болуды бала кезінен армандағанын айтты.

«Астанада тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Осы шаһарға қоныс аударғаныма еш өкінбеймін. Қаланың болашағы зор. Осы уақыт аралығында шаһардың аумағы кеңейді. Халқының саны еселеп өсті. Экономикалық және саяси тұрақтылықтың арқасында дамуға қол жеткіздік. Мектеп бітірмес бұрын болашақ мамандығымды таңдап қойдым. Балаларға сабақ үйреткен өзіме ұнайтын, сондықтан осы салаға өз өмірімді арнаймын деп шештім. Қазіргі таңда өзім армандаған салада қызмет істеп жүрмін. Ұстаз болғаныма еш өкінбеймін», - деді мұғалім.

Болашағын Астанамен байланыстарған жастың бірі – Азамат Тілепов. Ол – «Қазақ радиосының» редактор-жүргізушісі.

«2009 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Онда журналистика мамандығы бойынша білім алдым. 2013 жылы оқу орнын бітіріп, маусым айында Астанаға келдім. Сол жылы «Қазақ радиосында» жұмысқа орналастым», - деді ол.

Әңгіме барысында Азамат өзінің өмірлік жарын Астанадан кездестіргенін қуанышпен айтты.

«Елордада өмірлік серігімді кездестіріп, отбасын құрдым. Астанада екі балам дүниеге келді. Мен үшін осыдан артық бақыт жоқ. Балаларым астаналық болып өсіп жатыр. Болашағымды тек осы қаламен байланыстырамын. Кәсіби шеберлігімді одан сайын шыңдай түскім келеді», - деп түйіндеді сөзін журналист.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер