Астананың 20 жылдығына орай салт аттылар сапарға шықты - Астанаға 20 жыл|12 Маусым 2018, 14:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.71 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 411.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.38
Астана:

Астананың 20 жылдығына орай салт аттылар сапарға шықты

Астана қаласының 20 жылдығына орай «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана-Бұйратау-Баянауыл-Қарқаралы бағыты бойынша көпкүндік атпен сапарға шығу бүгін Астана шетіндегі «Ақбозат» ОДО-да басталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Астана - Ұлы дала елордасы" атты экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарына қарасты Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық саябақтары арқылы өтеді, турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырым. Шараға мұрындық болып, ұйымдастырып жүрген Берік Ақылбеков есімді азамат.

«Бұл іс-шара қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға және қазақстандықтардың қоғамдық санасында еліміздің Тәуелсіздігінің даму жолындағы Астанамыздың тарихи рөлін нығайтуға бағытталған. Он адам жолға шығып барамыз. Сегізі еліміздің әр өңірінен келген азаматтар. Екеуі – Венгриядан. Сапарымыз 21 маусымға дейін жалғасатын болады. Күніне 60-70 шақырым жол жүріп отырсақ, он күнде 600 шақырымды еңсеруге болады. Өзім осы жобаға екінші рет қатысып отырмын» - дейді атпен сапарға шығып бара жатқан Айдос Нұрақышев.

Өткен жылы бұл атпен сапар Баянауылға барған. Сапарға кез келген адам қатысуына болады.

«Бұл жобаға қатысу үшін ешқандай төлем жасаудың керегі жоқ. Қатысқысы келген адам өз ынтасымен келуіне болады. Дегенмен жолға мінер атыңызды өзіңізбен бірге ала келуіңіз керек. Жатар орын, тамақ барлығы да жол бойы ұйымдастырылады. Әрине, қазақтың кең дастарханы қайда барсаңыз да алдыңызда жаюлы. Сондықтан да жол бойы ауылдарға тоқтап, демалып, кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Тіпті ауыл кездеспей жатса, өзіміздің алып жүрген шатырларымыз бар» - дейді ол.

Бұл топтағы ең жас қатысушы 14 жаста. Оның айтуына қарағанда ат үстінде жүруге жастайынан үйренген.

«Сегіз жасымнан бері атпен сапар жасауға қатысып келемін. Бұған дейін Астанадан Ерейментауға, Бұйратауға, Баянауылға барғанбыз. Ең алғаш жүрген кезімде аздап шаршағаным рас, дегенмен кішкене кезімнен бәйге атына шауып өскендіктен онша қатты қиын болған жоқ» - дейді 14 жастағы Арна Берікұлы.

Бұл жолғы сапарды халықаралық деңгейге көтерілді деуге де болады. Себебі бұған дейін әлемдік деңгейде атпен сапар жасап, ЭКСПО көрмесіне атпен келген венгриялық мадияр – Еуразия бірлестігі ассоциациясының президенті, Түркі халықтары ұлттық спорт түрлері халықаралық ассоциациясының мүшесі Иштван Бенца жолсерігімен бірге осы топқа қосылған.

«Біздің сапар басталғалы біраз жыл болды. Өткен жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне атпен келіп, сапарымыз осы Астанада тоқтаған болатын. Енді биыл сол сапарды қайта жалғастыра бастадық. 21 маусымға дейін осы топпен бірге Баянауылға барсақ, одан ары Шығыс Қазақстанға өтіп, Марқакөлге дейін ат басын тіремекпіз. Шекарадан атпен өткізбейтіндіктен, біз Қошағаш айналып Баян-Өлгейге өту, одан ары Күлтегіннің басына бару жоспарда бар» - дейді белгілі жиһанкез Бенца.

Салт аттыларды жолға салу үшін Астанадағы бірқатар зиялы қауым өкілдері, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының қызметкерлері, Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани және Астана қаласы ардагерлер ұйымының басшысы Өмірзақ Озғанбаев бастаған қариялар қатысты.

Алыс жолға аттанған азаматтарға Өмірзақ Озғанбаев ақ батасын беріп аттандырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер