BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Астанадан үш облысты аралауға салт аттылар экспедициясы жолға шықты

Фото: astana.gov.kz

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және Астана қаласының 20 жылдығын тойлау аясында «Астана – ұлы дала елордасы» атты көпкүндік салт атпен жүріп өту экспедициясы бастау алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды ​​ облыстарындағы ұлттық парктер Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді. Турдың жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайды. 10 адамнан құралған еріктілер тобы бүгін бас қаламыздан бағыт алып Сарыарқаның сары төсін басып өтіп, 10 күннен соң ат басын Қарқаралыға тіремек. Топ құрамында екі жасөспірім және екі мажарлық бар.

Сапарға аттанушы азаматтарды шығарып салу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаев шерушілерге ақ жол, сәт-сапар тілесе, Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы бата берді.

Ал Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш сөз сөйлеп, қазақ пен мажарлықтардың туыстас халық екенін, Мажарлықтар өздерін ежелгі қыпшақтардан тарағанбыз деп есептейтіндігін айта келе бабаларының ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту олар үшін мақтаныш екенін айтты.

«Біз 10 күннің ішінде Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне тоқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы, сапардың ұзындығы шамамен 600 шақырымды құрайды. Мен мұндай жобаға екінші жыл қатысып отырмын. Осы жобаға мұрындық болып отырған Берік Ақылбек ағамыз. Биыл біздің қатарымызда екі венгрлік азамат бар. Ата-баба жолымен жүріп өту, елдегі ішкі туризмге үлес қосу. Болашақта осындай салт атпен жүріп өтетін туристік бағыттар болады деген ойдамын», - дейді сапарға қатысушы Айдос Нұрақышев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер