BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Астанада медиа саласындағы бірқатар халықаралық шаралар өтеді

Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай 2018 жылдың 10-12 шілдесі аралығында Астанада «Азия медиа диалогы» жалпы лозунгының аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өтеді. Олардың шеңберінде семинарлар, конференциялар, сонымен қатар Азия радиосының ән фестивалі бар, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Медиа саласындағы басшыларға арналған семинарлардың күн тәртібінде нөлден бастап радио форматын жасауға, аудиторияны және оны зерттеу құралдарын бағалауға, Еуропа мен Азияның медиа нарықтарының интерактивті үлгілерін және озық тәжірибелерін көрсету арқылы контентті әртүрлі аудиторияға тарататын көп платформалы және бір платформалы бағдарламаларды қолдануға қатысты мәселелер көтеріледі. Бұдан басқа, алғаш рет Қазақстанда ең ірі салалық конференциялар өткізілетін болады, олардың бірі Азия радиосының мәселелеріне арналған. Азия мен Еуропа медиасына ортақ мәселелерді талқылау мақсатында түйіндеуші оқиға «Media-2020» конференциясы болады. Аустралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай және Еуропа мен Азияның басқа елдерінің жеке әрі ұлттық теле- және радиокомпанияларының жетекші өкілдері модератор болады.

Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінің жыл сайынғы ән сайысы болып табылатын, «Еуровидение» сайысы секілді ABU Radio Song Festival ән фестивалі АТМХТО-ның Астана мерейтойын тойлау құрметіне орай елорда тұрғындарына арналған ерекше сыйлығы болады. Биыл Орталық Азияда осы фестивалді қабылдайтын бірінші ел Қазақстан болып отыр. Фестивальға Түркия, Непал, Мальдив аралдары, Қазақстан және тағы басқа елдердің өкілдері қатысады. Іс-шара Қазмедиа орталығының киноконцерттік залында ұйымдастырылады.

2017 жылы қыркүйекте Қытайда өткен АТМХТО Бас Ассамблеясының қатысушыларына өз үндеуінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев атап өткендей, Қазақстан барлық әлемнің көрнекті медиа өкілдерін жинап, өзін Еуропа мен Азия арасындағы маңызды коммуникациялық торап ретінде көрсетеді. Іс-шараның аса маңызды қонақтары беделді медиалық үкіметтік емес мекемелердің басшылары болады, олардың ішінде АТМХТО және COPEAM (Жерорта теңізі хабар таратушыларының қауымдастығы) бас хатшылары, Араб хабар таратушылары қауымдастығының басшылары, әлемде тыңдаушылар аудиториясы ең үлкен радио – Үндістан радиосын қоса алғанда, Азия мен Еуропаның телерадио хабар тарататын компаниялары. Осылайша, АТМХТО желісіндегі іс-шаралар Қазақстандағы оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған аса маңызды имидждік жоба болады.

АТМХТО 3 миллиардтай адам аудиториясын қамтитын әлемнің ең ірі және тығыз орналасқан өңірі – Азия мен Океанияның 69 елінің 292 хабар тарату ұйымдарын біріктіретін коммерциялық емес кәсіби қауымдастық болып табылады. Хабар таратушылардың өңірлік және халықаралық достастығын нығайтуға және олардың қызығушылықтарын ілгерілетуге себептесетін мұндай беделді ұйыммен ынтымақтастық жасау Қазақстанның отандық өнімінің сапасын жоғарылатуға және бағдарлама жасау мен жаңалық алмасу бойынша әлемдік тәжірибені үйренуге жол ашады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер