BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Альпинистер Қазақстанның 20 шыңын бағындырды 

Астананың 20-жылдығына арналған "Қазақстанның 20 шыңы" экспедициясы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырмасымен Қазақстанның 20 шыңына экспедиция ұйымдастырды. Альпинистер бағындырған (3446 м) Түркістан облысының Сайрам-Өгем Ұлттық паркінде орналасқан соңғы 20-шы шың елорданың 20 жылдығына орай «Астананың 20-жылдығы» атауын алды.

"Осы экспедицияны ұйымдастыру барысында туристік, экстремалдық спорт түрлерін дамытуға, экотуризм және трекинг бағдарларын ұйымдастыру үшін әлеуеті жоғары 3 өңір таңдалып алынды. Олар - Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары. Экспедиция аясында осы бағдарлардың барлығы тыңғылықты зерттелді. Ол үшін кәсіпқой альпинистер шақырылған болатын. Жалпы алғанда шараға 100-ден астам адам, оның ішінде кәсіби альпинистер және тәжірибелі саяхатшылар, танымал интернет блогерлер қатысты", - деп хабарлады «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Экспедиция Тянь-Шань тауларының солтүстігінен Нұрсұлтан шыңынан басталды. Оның биіктігі - 4330,9 метр. Мұнан кейін олар Тұйықсу мұздығында 10 шыңға шығып, шара барысында қамтылған 20 шыңның арасындағы ең биігі - Мұзтау шыңын (4506 м) бағындырды. Сондай-ақ, Өгем жотасындағы 9 шыңғы шықты.

"Альпинистер қазақ билерінің атауы берілген Әйтеке би, Төле би және Қазыбек би атаулы шыңдарға алғаш рет жол ашып берді. Себебі бұған дейін аталған шыңдарға ешкім шықпаған. Енді осы экспедицияға қатысушылардың арқасында жаңа маңызды маршрут пайда болды. Экспедиция қорытындысы бойынша жаңа туристік және альпинистік маршруттарды жасауды көздейміз. Ал жиналған суреттер мен бейне қор халықты ішкі туризмге және альпинизмге ынталандыруға ықпал етеді», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуәқасов.

Оның айтуынша, экспедиция нәтижесі бойынша «Астананың 20-жылдығы - Қазақстанның 20 шыңы» жобасын ұйымдастырушылар еліміздің туристік картасын кеңейтуді көздеп отыр. Жиналған материалдар интернетке, альпинистік маршруттардың тізіміне енгізіледі және шыңдарды бағындырғысы келетін туристер сол бойынша өз еркімен жоспар құра алады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер