USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы - 2

Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы мақал-мәтелдер.

Ар қайда болса,

Ұят сонда.

***

Құрмет етсең,

Құрмет көрерсің.

***

Әдептің не екенін,

Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.

***

Жаста берген тәрбие –

Жас қайыңды игендей.

***

Жердің үстімен барып,

Астымен қайтыпты.

***

Жөн білмеген ағалар:

Бүлініп кетсең қуанып,

Сүрініп кетсең табалар.

***

Ананың ізін қыз басар,

Атаның ізін ұл басар.

***

Аға әдепті болса, іні әдепті,

Апа әдепті болса, сіңді әдепті.

***

Ағасына қарай інісі,

Апасына қарай сіңлісі.

***

Жер басқанға мәз болма,

Жерде ізің қалмаса.

***

Елгезек екі айттырмас.

***

Желге желіндеген

Мұзға бұзаулайды.

***

Тайып жығылған,

Таянып тұрады.

***

Жүйрік алысқа,

Жігіт намысқа шабады.

***

Пенде пейілінен табар.

***

Алғыс алған арымас,

Қарғыс алған жарымас.

***

Мал жан үшін керек,

Жан ар үшін керек.

***

Қуды қу табады,

Шұқанақты су табады.

***

Жұмсақ ағаш құртқа жем,

Жұмсақ адам жұртқа жем.

***

Өзіңді зор тұтпа,

Өзгені қор тұтпа.

***

Озған – мұрат.

Қалған – ұят.

***

Сараңдықтың соңы –

Арамдық.

***

Ашумен басталған іс

Абыройсыз аяқталады.

***

Өзінің қисықтығын білмеген

Өзгенің түзулігін білмейді.

***

Ата балаға сыншы.

***

Жас жемісті жұлма,

Жас баланы ұрма.

***

Жығылмай, жыламай бала өспейді,

Қарамай, сыламай тал өспейді.

***

Әркім сыйласқанның құлы.

***

Мыңның түсін танығанша

Бірдің атын біл:

***

Көп қараған табады,

Көп үрлеген жағады.

***

Ағадан – ақыл,

Ініден – ізет.

***

Біреу бетінен жазады,

Біреу ниетінен жазады.

***

Асу бермес асқар жоқ.

***

Қанағат қарын тойғызады,

Қанағатсыздық жігіттің

Жалғыз атын сойғызады.

***

Мылтық атқанның бәрі

Мерген емес.

***

Ант бұзған оңбайды,

Салт бұзған сорлайды.

***

Сабыр түбі – сары алтын,

Сарғайған жетер мұратқа,

Сабырсыз қалар ұятқа.

***

Көз көрсе, жүз ұялады.

***

Өз ағасын ағалаған –

Қолда барды бағалаған.

***

Көңілден қайыр,

Көзден мейір.

***

Аға адасса, іні із кеседі.

***

Өмір өтер, жас өсер.

***

Ағадан қалғанды іні киіп өседі,

Ападан қалғанды сіңлі киіп өседі,

Көргендерін бойына түйіп өседі.

***

Аға ініге ұстаз,

Апа сіңліге ұстаз.

***

Шоқпар ұстаған жерінен сынбайды.

***

Жасы кіші ініні

Ақылы артса, аға тұт.

Жасы үлкен ағаны

Жақсы сыйлап, жаға тұт.

***

Жердегі – жетімдікі.

***

Жүзігің алтын болғагша,

Жүзің жарқын болсын.

***

Лақтырылса –

Сорлының басына,

Ақсақтың аяғына тиеді.

***

Аңғырт аузындағысын алдырар,

Аңқау абайсызда шылдырар.

***

Әр айдың аты басқа.

***

Қисықтың көлеңкесі де қисық.

***

Ұқпасқа айтпа,

Толмасқа құйма,

Тоймасқа берме.

***

Әдеттің озығы бар,

Тозығы бар.

***

Өте қу болсаң,

Мойныңнан асыларсың,

Өте момын болсаң,

Аяққа басыларсың.

***

Ашу дұшпан, ақыл дос,

Ақылыңа ақыл қос.

***

Шындық бар жерде

Өтірік байқап жүреді.

Шындық жоқ жерде

Шіреніп, шайқап жүреді.

***

Шындық жоқ жерде

Сұмдық көп.

***

Алаңғасар атқа мінсе,

Тұра шабар.

***

Жырдың жыртығы,

Күйдің кетігі болмас.

***

Жел жетпейтін жүйрікті,

Жүзден біреу мәпелер.

***

Мәпелесе жүйрікті,

Бас жүлдені әперер.

***

Өтпес пышақ

Жүйкеңді құртар,

Құрғақ қасық

Аузыңды жыртар.

***

Елгезек екі айтқызбайды.

***

Азын-аулақ малың болсын,

Орта ғана халың болсын,

Кіршіксіз арың болсын,

Жүк көтергіш нарың болсын,

Басың аман, денің сау болсын –

Бақыт деген сол.

***

Оңай олжа тұрмас қолда.

***

Жеңілдігі қаңбақтай,

Ширақтығы жаңғақтай.

***

Ымға түсінбеген

Дымға түсінбейді.

***

Ұялған тек тұрмайды.

***

Оң қолың ұрыс бастаса,

Сол қолың арашашы болсын.

***

Тасада тұрып тас атпа.

***

Күш білекте емес, жүректе.

***

Алғыс алған жігіттің

Аты бәйгеден келеді.

***

Көз көрмей, көңіл сенбейді.

***

Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ.

***

Сол көзің оң көзіңе қарауыл болсын.

***

Жылтырағанның

Бәрі алтын емес.

***

Қолмен істегенді

Мойнымен көтереді.

***

Құтырғаннан

Құтылғанның өзі олжа.

***

Епетейсіз асыққан

Етегіне сүрінер.

***

Айды етегіңмен жаба алмассың.

***

Аш ақылмен тоқ болмайды.

***

Арзанға келген ардақталмайды.

***

Жаураған үйде қалған тонын мақтайды,

Адасқан жоғалтып алған жолын мақтайды.

***

Жел дауылды шақырады,

Бұлт жауынды шақырады.

***

Қиял қыр асырады.

***

Епсіз бір асағанша

Епті екі асайды.

***

Құтырған ит иесін қабады,

Құтырған торғай бүркітке шабады.

***

Жақсының қолы ұзын,

Жақсылықтың жолы ұзын.

***

Талабы жоқ жас –

Қанаты жоқ құс.

***

Алып – алтау болмас,

Жеп – жетеу болмас.

***

Кебекті үрме, көзіңе түсер.

***

Шаққан өлтірер,

Мақтаған жеткізер.

***

Саны бар, сапасы жоқ.

***

Тесік моншақ жерде қалмас.

***

Тар киім тез тозады.

***

Керенау жігітке

Кесепет жолдас кез болар.

***

Шапшаң жүргенге

Шаң жұқпас.

***

Жетім жеті қырдың

Астындағы жеті үйден тамақтанады.

***

Жетімнің қарны – жетеу.

***

Құлыптың қожасы – кілт.

***

Сыпырғың жаман болса,

Шаңға өкпелеме.

***

Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе,

Соңғы дөңгелек сонда жүреді.

***

Ештен кеш жақсы.

***

Алтын тастан шығады,

Ақыл жастан шығады.

***

Сәті түскен түймеге –

Сабақты ине.

***

Іске шорқақ,

Тамаққа ортақ.

***

Аш құлақтан – тыныш құлақ.

***

Көңіл кірі айтса кетер,

Көйлек кірі жуса кетер.

***

Шешеге қарап қыз өсер,

Әкеге қарап ұл өсер.

***

Қарғыстың ең ауыры – «Нан ұрсын».

***

Келін кейін отырар болар,

Көтерілуге бейім отырар болар.

***

Бал тамған өтіріктен

Қан тамған шындық артық.

***

Адам болар ұлының

Арқа-басы кең келер.

Ана болар қызыңның

Ақыл-есі тең келер.

***

Жақсы аға – орман,

Жақсы іні – қорған.

***

Өсер жастың алдын кеспе,

Өсер ағаштың басын кеспе.

***

Жас жүрген жер – мереке.

Қарт жүрген жер – береке.

***

Өзінің шарқын білген,

Өзгенің нарқын біледі.

***

Игіліктің ерте, кеші жоқ.

***

Мың мәртебе тыңдап, бір-ақ айт,

Ісің бітсе, үйіңе қайт.

***

Әдепті бала

Ата-анасын мақтатар.

Әдепсіз бала,

Ата-анасын қақсатар.

***

Қызық қой жас шағыңда ойын, күлкі,

Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі.

Ұқсас сілтемелер:
02 Желтоқсан 2016, 15:23
Егіншілік туралы - 2
02 Желтоқсан 2016, 15:07
Егіншілік туралы - 1
02 Желтоқсан 2016, 13:42
Жапон халқының даналығы
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады