USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Үй-іші, отбасы туралы

Фото: Elana.kz

Үй-іші, отбасы туралы мақал-мәтелдер.

Әйел – үйдің көркі,

Еркек – түздің көркі.

***

Еріншек қатынның

Етегі жыртық,

Ерке қатынның

Еріні тыртық.

***

Ерлі-байлы ұрысар да, керісер,

Көрісер де келісер.

***

Сұлу сұлу емес,

Сүйген сұлу.

***

Әркімдікі өзіне,

Ай көрінер көзіне.

***

Жақсы әйел

Жаман еркекті түзетеді.

Жаман әйел

Жақсы еркекті жүдетеді.

***

Жаман әйелдің мінезі қиық келер,

Сөзі сұйық келер.

***

Атасы жаман алғанын жамандайды,

Туысы жаман туғанын жамандайды.

***

Қатын қырық шырақты.

***

Отқа барған қатынның

Отыз ауыз сөзі бар.

***

Үйді қырық еркек толтыра алмайды,

Бір әйел толтырады.

***

Төркініне сенгеннің

Төбесі – жарық.

***

Қапқа түскен – қатындікі.

***

Келін – келін, келін – бақ,

Келмей жатып, сөзін бақ.

***

Долы қатын жылауық,

Сұғанақ қатын – сұрауық.

***

Жаман қатын алғанның

Жауы үйінде.

Екі қатын алғанның

Дауы үйінде.

***

Төркіні жақын қатынның

Төсегі жиылмайды.

***

Олақ қатын оймақшыл,

Салақ қатын сауықшыл.

***

Келіннің бетін кім бұрын ашса,

Сол ыстық.

***

Қапияда қатын ақыл табады.

***

Айлас қатын – мұңдас.

***

Қатын көп болса,

Шөмішті ит жалар.

***

Күндестің күні де күндес,

Күлі де күндес.

***

Бір қатын сылаумен қатын,

Бір қатын қынаумен қатын,

Бір қатын сынаумен қатын.

***

Астыңда атың болса,

Арғымақ не керек?

Жақсы қатының болса

Ұжмақ не керек!

***

От жақпаған үй – қорамен тең,

Кісі кірмеген үй – моламен тең.

***

Қатынның қоры – табашыл,

Еркектің қоры – тобашыл.

***

Қатыны жоқ,

Ханның қызын алам дейді.

***

Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт,

Алған жары жақсы болса мың бақыт.

***

Жақсы жұбай – жарым бақыт.

***

Әйел сырын әйелден сұра.

***

Бұлттан шыққан күн ащы,

Жаман қатынның тілі ащы.

***

Бір үйде екі әйел болса – ойран,

Бір үйде екі сиыр болса – айран.

***

Көшерде жұрт жаман,

Айрыларда әйел жаман.

***

Салақ қатынның үйінен,

Сабақты ине табылмас.

***

Байсыз қатын – баусыз оймақ.

***

Ұл таппас қатын болмас,

Тұрарын айт.

Мал таппас жігіт болмас.

Құрарын айт

***

Жақсы әйелдің қолы ұзын,

Жаман әйелдің тілі ұзын.

***

Олақ қатынның пісірген сүті іріп кетер,

Илеген терісі шіріп кетер.

***

Жалқау қатынның төсегі

Тал түске дейін жиылмас.

***

Бардың қатыны өлсе,

Төсегі жаңғырар.

Жоқтың қатыны өлсе,

Басы қаңғырар.

***

Қатының жақсы болса – шырағың,

Атың жақсы болса – пырағың.

***

Қатын мен қатын

Құдық басында кездесер,

Су мен отын

Ошақ басында кездесер.

***

Қарыздан да қатын ал,

Қатының қалар жаныңда.

***

Әйел – үйдің ажары,

Бала – үйдің базары.

***

Екі қатын алғаның –

Өзіңді отқа салғаның.

***

Ұрыспай айрылған

Ұялмай қосылар.

***

Аш итке ас берсең,

Анаңа тартқаның.

Жаяуға ат берсең

Атаңа тартқаның.

***

Керенауды күлісінен білерсің,

Сүр бойдақты жүрісінен білерсің.

***

Аты шабан болса,

Қатыны жаман болса,

Жігіттің көрген күні құрысын.

***

Қасық асым -

Қайғысыз басым.

***

Қатыны би жігіттің

Қайын елі қадірлі.

***

Екі жарты – бір бүтін,

Ерлі-қатын – бір түтін.

***

Еркек дауысты әйелдің ісі болмас,

Қатын дауысты еркектің күші болмас.

***

Бір қатын тамағымен тойғызар,

Бір қатын қабағымен тойғызар.

***

Қатыны өлген

Қызды ауылға қарап жылайды.

***

Тоқал байғұс тоғына мәз,

Бәйбішенің жоғына мәз.

***

Салақ қатынның етін құрт жейді,

Терісін ит жейді.

***

Қартая келгенде,

Қатын жақын болады.

Күшің басым болса,

Жатың жақын болады.

***

Сараң қатын

Майын тығумен құртар.

Жаман қатын

Кірін сығумен жыртар.

Ұқсас сілтемелер:
09 Желтоқсан 2016, 09:39
Әйелін ұратын еркектер
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады