USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Туыс-туған, көрші-қолаң туралы

Туыс-туған, көрші-қолаң туралы мақал-мәтелдер.

Ағайынның аты озғанша,

Ауылдастың тайы озсын.

***

Итің жақсы болса – ырысың,

Көршің жақсы болса – тынысың.

***

Ағайының бай болса,

Асағаның май болар.

***

Алыстағы ағайыннан,

Алдыңдағы артық.

***

Ағайын бірде араз, бірде тату.

***

Әйелінен сескенген

Ауылдасына шай іш демейді.

***

Орынсыз мақтау

Орға жығады.

***

Үйірінен айрылған айғыр

Ат болады.

Көңілді қалдырған ағайын

Жат болады.

***

Атың жақсы болса – қанатың,

Ағайын жақсы болса – санатың.

***

Қонағы бар үй қоңырсып тұрады,

Қонағы жоқ үй бозымсып тұрады.

***

Құдаң құрдасыңдай болсын,

Құдағайың сырласыңдай болсын.

***

Аға алдында пейіліңді көрсет,

Іні алдында мейіріңді көрсет.

***

Үйдің жылы-суығын,

Қыс түскенде білерсің.

Ағайынның алыс-жақынын

Іс түскенде білерсің.

***

Жайды білмеген жақыннан,

Жайды білген жат артық.

***

Асыл аға, алғыр іні.

***

Сыйлы қонақ босағада отырмайды.

***

Туысы бірдің – уысы бір.

***

Аға – алғанша,

Жеңге – жегенше.

***

Жақынның жаманын мақтама,

Көршіңнің ала жібін аттама.

***

Құдаңның түйесін сұра,

Қорыққанынан биесін берер.

***

Қонымды киіміңді өзің ки,

Айналып қарасын көргендер,

Тәтті тамағыңды қонағыңа бер,

Айта жүрсін жегендер.

***

Бір тойда екі жар жоқ.

***

Қонақ келсе – құт,

Қарақшы келсе – жұт.

***

Иесіз үйдің оты жанбайды.

***

Қонақ қазанға бір қарайды,

Қожасының қабағына екі қарайды.

***

Сараңның салғанын қазаны жейді,

Қалғанын қонағы жейді.

***

Алыстағы ағайыннан,

Ауылы бірге көрші артық.

***

Өзі қонақ болып көрмеген,

Қонақты сыйлай да білмейді.

***

Ауыздың қайда екенін қол біледі,

Ауылдың қайда екенін жол біледі.

***

Қойыннан төгілген – қонышқа.

***

Ағайынның аразы болса да,

Азары болмайды.

***

Отты үрлей берсең, өшіресің,

Көршіні күндей берсең, көшіресің.

***

Бедері жоқ қамқадан,

Бек тоқыған бөз жақсы,

Бейкемі жоқ туғаннан

Бек сөйлескен сөз жақсы.

***

Көңіл кең болса,

Үйдің тарлығы білінбес.

***

Әділ айтсаң,

Ағайынға жақпайсың,

Әзіл айтсаң,

Маңайына жақпайсың.

***

Ағайын бір өліде,

Бір тіріде керек.

***

Тұзсыз тамақ піссе де,

Тұздықсыз тамақ піспейді.

***

Жақсы да болса – өз үйім,

Жаман да болса – өз үйім,

Кең сарайдай боз үйім.

***

Күншіл сорлы көре алмай өледі,

Сараң сорлы бере алмай өледі.

***

Туысқан өкпеге тепсе де,

Өлімге қимайды.

***

Сыйласайық,

Сырласайық, сыбайлас!

Сыйлы көңіл,

Сыршыл көңіл мұңаймас.

***

Тойлы ауылда тойлап тоймаған,

Ойнап тояды.

***

Құм үстінде ине сабақтама,

Түсіп кетсе, табылмас.

Қонар үйді бір күнде адақтама

Қоналқы ертең табылмас.

***

Өз ауылымның түтіні түзу шықсын.

***

Үй болған соң,

Шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды.

***

Қожасы жуас үйдің қонағы билейді.

***

Үйлері қоңыр екен деп,

Көп ауылдан кетпеңіз.

Үйі аппақ екен деп,

Оңаша үйге түспеңіз.

***

Сараңның асын сары ит ішсін.

***

Сұмырай келсе – су қат.

Ашаршылық келсе – ағайын жат.

***

Сараңның етін сасыған соң

Сары күшік жейді.

***

Тату үйдің

Табағы салдырламайды.

***

Күбі де май,

Күбінің түбі де май.

***

Не еріншек өлер,

Не келіншек өлер.

***

Шайнаған бұйырған емес,

Жұтқан бұйырған.

***

Қолды жуып тұрып,

Құр қалғаннан сақта.

***

Қрнақ келсе, ет қызарар,

Ет қызармаса, бет қызарар.

***

Жақыннан жаман жат жоқ.

***

Тауда туып, таста өскен,

Ағайыннан басқа өскен.

***

Туғаныңмен туыспасаң

Кең дүниеге сыйыспайсың.

***

Ауылын көріп,

Азаматын таны.

***

Қонақ қолын тигізбеген ас арам.

***

Қонаққа қозы сойса, қозы өледі,

Қозы соймаса, өзі өледі.

***

Шай ішіп, үйренген,

Қымыз деп қыстамайды.

***

Дастарқанда нан жоқ –

Тамақта мән жоқ.

***

Асты сұрап бергенше, сабап бер.

***

Жаяу қонақ, жайласып ұйықтайды.

***

Алдыңа ас қойдым,

Екі қолыңды бос қойдым.

***

Ұялмаған бұйырмағанды ішеді.

***

Ауыл аймағымен,

Бота тайлағымен.

***

Айтысқан ауыл болмас,

Болыспаған бауыр болмас.

***

Ағайынға кәдірім жоқ,

Бетімді көреді.

Әйеліме кәдірім жоқ,

Етімді көреді.

***

Балалығыңды сағынсаң,

Нағашыңа бар.

Жігітіңді сағынсаң,

Қайныңа бар.

***

Қатты айтсаң,

Қарындасыңа жақпайсың,

Жай айтсаң,

Жақыныңа жақпайсың.

***

Төрге бұрын шыққан

Тілеген жеріне отырар.

***

Қалыңдығың сиықсыз болса,

Қайын енеңнің сұлулығынан не пайда?

***

Ағайын барында,

Аузыңды жалайды,

Жоғыңда желкеңнен қарайды.

***

Бір күндік тойдың,

Мың күндік өкпесі бар.

***

Соғымды сайлының – қазаны майлы.

***

«Арық» деген жаман тай,

Жазға ілінсе – ат болар.

Бастан бақ, қолдан мал кетсе,

Жаман жұрат жат болар.

***

Адассаң, руыңмен адам.

***

Жақында да, жақын бар,

Жақынға бергісіз жатың бар.

***

Қазанына қарай шөміші,

Ағашына қарай жемісі.

***

Әдепті келін – ауылдың көркі.

***

Төрдегі күлсе,

Есіктегі ыржияды.

***

Бірге тумақ бар да,

Бірге өлмек жоқ.

***

Отбасында ұйытқы болмаса,

Үй ішінде түрткі түлейді.

***

Қарызды берген батыр емес,

Алған батыр.

***

Берген қарыз – бедел өсіреді

Қайтқан қарыз – мерей өсіреді.

***

Бір көрген – біліс,

Екі көрген – таныс.

***

Көрші көршімен

Базарда көрісер.

***

Үйінде не барын,

Көршіңнен сұра.

***

Ауылдас,

Ауылдаспен қауымдас.

***

Салулы ауызға ас тиер,

Сабырсыз ауызға ас тиер.

***

Үйі бірдің – күйі бір.

***

Күнде келсе, күйеу жаман,

Жымысқы болса, келін жау.

***

Ұрысқақ болса, ұлың жау,

Керіскек болса, келін жау.

***

Үш ағайынды жігіттің

Отарда малы бар.

Екі ағайынды жігіттің

Кере қарыс жалы бар.

Жалғыз басты жігіттің

Шығар-шықпас жаны бар.

***

Ағайыныңмен алыстан сыйлас.

***

Жаман туыстан

Жақсы таныс артық.

***

Қанша қамыс жақсаң да шоғы болмас,

Қанша қара су ішсең де тоғы болмас.

***

Қылышты қынап сақтайды,

Суды мұрап сақтайды.

***

Аштың ойы тамағында,

Жаяудың ойы табанында.

***

Қырдағы қырман,

Ойдағы орман,

Күнде той, күнде думан.

***

Қорықсаң – от жақ.

Қарның ашса – от жақ.

Жаурасаң – от жақ.

***

Күншілдің күнін итке берсін.

***

Той тоянасымен қызық.

***

Атыңды сат, тоныңды сат,

Жатарыңда бір тойып жат.

***

Сыныққа – сылтау,

Кереңге – мылқау.

***

Қазанға түскен

Қапқа түспейді.

***

Бас – бөріктің қалыбы.

***

Қадіріңді білгің келсе,

Көршіңнен қарыз сұра.

***

Инең болса – иінің бүтін.

***

Шаш – бастың көркі

Тұз – астың көркі.

***

Алтыда тісім түсті,

Алпыста ағайынға ісім түсті.

***

Табақ тартқан

Тамақ сұрамайды.

***

Жетіскен жеті көсеумен көсейді.

***

Алғанға бар,

Бергенге жоқ.

***

Төркіні тентек келіннің

Тілі ұзын

Төркіні момын келіннің

Жібі ұзын.

***

Шақырмаған қонаққа

Шайдан артық тамақ жоқ.

***

Дәуден үлкен көп екен,

Дәмнен үлкен жоқ екен.

***

Өзі қаңбақ болсын,

Онда қандай салмақ болсын?!

***

Жұт – жетеу, содырмен сегіз,

Салақпен – тоғыз, олақпен – он.

***

Өткелім саяз деме,

Таяғыңды салып бойлат.

Ісім мақұл деме

Ағайынға салып, ойлат.

***

Балықшының үйіне қонсаң,

Қарма жерсің.

Тарышының үйіне қонсаң,

Жарма жерсің.

***

Ерінбеген, елекпен су ішеді.

***

Ұялмас бетке,

Талмас жақ береді.

***

Сараңның қолы қалтырауық.

***

Қонақ аз отырып, көп сынайды.

***

Ақылы елден артылған,

Ақылың болса, бір мақтан.

Жұрттығы жұрттан артылған

Жақының болса, бір мақтан.

***

Жаныңды қинасаң,

Ерлік оңай.

Жақыныңа бұрмасаң,

Билік оңай.

***

Бетің қисың болса,

Айнаға өкпелеме!

Ниетің қисың болса,

Ағайынға өкпелеме.

***

Базарға теңгесі бар барсын,

Тойға теңдесі бар барсын.

***

Жақсы көрші тапқаның

Мол олжаға батқаның.

***

Атың жаман болса,

Сатып құтыларсың,

Көршің жаман болса,

Қайтіп құтыларсың?

***

Туысы жақын жақын емес,

Қонысы жақын – жақын.

***

Үйіңе қонақ келсін,

Алыстан сұрап келсін.

***

Той шашуымен қызық.

***

Үй болған соң,

Белбау да керек,

Желбау да керек.

***

Көрген жерде ауыл бар.

***

Қонақ иесі мейірлі отырса,

Қонақ көңілді отырады.

***

Қолының ебі бардың –

Көршілеріне себі бар.

***

Ағайыныңды іске шақырма

Асқа шақыр.

***

Жақыныңды жат етсең

Жатқа күлкі боласың.

***

Келіні жақсы үйдің –

Керегесі алтын.

***

Біреудің жанбасын жесең,

Өзіңнің ұшаңды сайла.

***

Қожасына қарай – үйі,

Қонағына қарай – сыйы.

***

Барға – береке.

***

Алты малта ас болмас,

Өзіңнен туған жат болмас.

***

Ескі көшеде

Ежелгі көршілер тұрады.

***

Сыпайы қонақ сыйыңды жейді,

Мылжың қонақ миыңды жейді.

***

Түскенше қонақ ұялар,

Түскен соң қонақ иесі ұялар.

***

Үйден ұзап шықпасаң,

Қатынға қадірің болмайды.

Ауылдан ұзап шықпасаң

Жақынға қадірің болмайды.

***

Бір ауылда мың туысың болғанша,

Әр ауылда бір туысың болсын.

***

Құтты қонаққа

Тәтті тамақ.

***

Түтін шыққан үй – жылы,

Төскейлей шыққан күн жылы.

***

Сыпайының үстінде шаң тұрмас

Сақының көгенінде мал тұрмас.

***

Қуыс үйден құр шықпа.

***

Ардагер аға алдында тұрсын,

Әдепті іні артыңда тұрсын.

***

Тойған үйге тоғыз бар.

***

Көршің қолайлы болса, қораң кең.

***

Ағайын ала болса,

Ауыздағысынан айрылар.

***

Әзірейіл барда,

Жаным бар деме.

Барымта барда

Малым бар деме.

***

Әркімнің өз қолы – өзіне иілер.

***

Ойда, қырда той мен ас,

Бөрісі ере, иті мас.

***

Тірісінде сыйласқан

Өлгенінде жыласады.

***

Той көкпармен қызықты,

Ойын-сауық дос-жарыңмен қызықты.

***

Әр үйдің өз қонағы бар.

***

Ертеңгі қонақ, шай ішер.

***

От жағылмаған үй – қора,

Кісі келмеген үй – мола.

***

Өз басына іс түспеген,

Өзгенің қайғысын білмейді.

***

Тамағы тоқ,

Көйлегі көк.

***

Таудың басын көр де,

Қасына барма,

Туысқанның ықыласын көр де,

Асына барма.

***

Қатының жаман болса – бір қорлық,

Атың шабан болса – бір қорлық,

Ағайының жаман болса – мың қорлық.

***

Әркімнің өз жейдесі етіне жақын.

***

Абысын-ажын не керек.

Аңдысып күні өткен соң.

Алмауыт ұстап не керек,

Артынан жабы жеткен соң.

***

Бажаны бажа көрсе, басы қышиды.

***

Ағам алғанша,

Жеңгем жегенше.

***

Қойдың басы –

Құданың асы.

***

Қонақ қойдан да жуас,

Май берсең де жей берер.

***

Түбі берге тебісер де табысар.

***

Соңғы көш, алғашқы көштен

Әудем жер ары қонады.

***

Анамды жақсы көргендіктен

Келісін түйдім.

Ауылымды жақсы көргендіктен

Желісін сүйдім.

***

Қайыптан тапқан алтыннан

Ақсақал берген бата артық

Қайыры жоқ жақыннан

Жаны жақсы жат артық.

***

Тоқ қонақты сыйлау оңай.

Ұқсас сілтемелер:
06 Желтоқсан 2016, 12:47
Сақтықта қорлық жоқ
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады