USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Ата-ана, ұл мен қыз туралы

Ата-ана, ұл мен қыз туралы мақал-мәтелдер.

Анасын сүйгеннің

Баласын сүй.

***

Ананың көңілі балада,

Баланың көңілі далада.

***

Жалғыз баласы атқа шапса,

Атасы ауылда тұрып

Тақымын қысады.

***

Ана жақсылығын,

Ауырсаң білерсің.

Қайын жақсылығын,

Қыдырсаң білерсің.

***

Баланың өзі болғандай,

Келіннің өзі келгендей.

***

Торғай

Жаңбыр жауса,

Баласын қорғайды,

Бұршақ жауса,

Басын қорғайды.

***

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің,

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

***

Ақ шашты ана:

«Жастығым – балам» дейді.

Ақылды бала:

«Ай-күнім – анам» дейді.

***

Ана алдында – құрмет,

Ата алдында – қызмет.

***

Малды баққан өсірер,

Баланы тапқан өсірер.

***

Бала –

Ананың бауыр еті, көз нұры.

***

Мылқаудың тіліне анасы түсінеді.

***

Ананың алды – ақ жайлау.

***

Бесіктегі баланың

Күлгенін көрген бір мұрат.

Алдынан түсіп ананың

Жүргенін көрген бір мұрат.

***

Өз кемеріңнен шыққан баланы

Бал сұтіңмен бағарсың.

Бал сүтіңмен бақпасаң,

Қайтіп көңілін табарсың?!

***

Мейірімі мол ананың –

Жүрегі жылы, қолы кең.

Кең пейілді атаның

Жүзі жылы, жолы кең.

***

Ақ жаулығы ананың –

Ақ көрпесі баланың.

***

Ағайын – алтау,

Ана – біреу.

***

Ана алақанының аясы –

Ақ шынардың саясы.

***

Анадан артық дос бар ма?

Ашудан жаман қас бар ма?

Жиырма бестен жақсы жас бар ма?

Қымыздан тәтті ас бар ма?

***

Ананың сүті – бар,

Баланың тілі – бал.

***

Бала тентек болатыны – үйінен,

Ердің тентек болатыны – биінен.

***

Көне киім жаңаны сақтайды,

Кәрі кемпір баланы сақтайды.

***

Ананың сүйген жері,

Отқа күймейді,

Оқ та тимейді.

***

Ананың ойы ұяда,

Баланың ойы қияда.

***

Жетімге жеті бидай да тамақ.

***

Анаңа ауыр сөз айтпа!

Атыңа ауыр жүк артпа!

***

Ана сүтін ақтамағанды

ешкім мақтамайды.

***

Балапанды торғайлар

Өрт болмасын тілейді.

Балаларға аналар

Дерт қонбасын тілейді.

***

Баласыз ана – гүлсіз алма.

***

Әзілің жарасса,

Атаңмен ойна.

***

Ата балаға сыншы.

***

Ата баласының

Ат меңіндей белгісі болады.

***

Атаңа не қылсаң,

Алдыңа сол келер.

***

Ілгері басатын жасты

Кері тартқан кәрі қайтарады.

***

Үлкен бастар

Кіші қостар.

***

Ата баласы

Азарында асық ойнайды.

***

Әкең өлсе өлсін,

Әкеңді көрген өлмесін.

***

Атадан бала туар,

Атасының жолын қуар.

***

Әкенің жақсылығы жездедей-ақ.

***

Жаман да болса ұрпақ қалсын,

Ошағыңда отың жансын.

***

Атадан жақсы ұл туса,

Есіктегі басын төрге сүйрер.

Атадан жаман ұл туса,

Төрдегі басын жерге сүйрер.

***

Ата – бәтерек,

Бала – жапырақ.

***

Атаның өспес ұлы

Өнбес дауды даулайды.

***

Аталы ұл – қожалы құл.

***

Атасыз ұлдың ауызы үлкен.

***

Әр атаның өз ұлы бар,

Әр бұтаның өз гүлі бар.

***

Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,

Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без.

***

Жақсы әке жаман балаға,

Қырық жыл азық.

***

Баланың бас ұстазы – ата-ана.

***

Бала өсірген ата-ана

Бала болып ойнайды.

Бала оқытқан ұстаздар

Бала болып ойлайды.

***

Әкеден безген ұл болмас,

Анадан безген қыз болмас.

***

Әкенің қадірін,

Балалы болғанда білерсің.

***

Ананың салған жолы бар,

Ананың тіккен тоны бар.

***

Атасы жоқ – мас жетім,

Анасы жоқ – қас жетім.

***

Сайына қарай – саласы,

Әкесіне қарай – баласы.

***

Әкеге баланың алалығы жоқ.

***

Атаңда болғанша,

Алақаныңда болсын.

***

Әкесі бардың ырысы бар,

Інісі бардың тынысы бар.

***

Әке тұрып бала сөйлесе,

Ер жеткені.

Шеше тұрып қыз сөйлесе,

Бой жеткені.

***

Баласынан айрылған әке

Таяғына сүйенер.

***

Атаңнан мал қалғанша

Тал қалсын.

***

Әкеден – ақыл,

Анадан – мейір.

***

Бала анаға аян,

Атаға күмән.

***

Жас бала құстың көлеңкесіне де тоңады.

***

Бала,

Баланың ісі шала.

***

Жыламаған балаға,

Емшек бермейді.

***

Тісі шыққан балаға,

Шайнап бергене ас болмас.

***

Балалы үй – базар,

Баласыз үй – қу мазар.

***

Бала күлкіге тоймас,

Болбыр ұйқыға тоймас.

***

Ұл туғанға –

Күн туған.

***

Итпен ойнасаң – үрерсің,

Баламен ойнасаң – күлерсің.

***

Ат болатын құлынның,

Бауыры жазық келер,

Адам болатын баланың,

Маңдайы жазық келер.

***

Жылайын деген баланың

Үш күн бұрын көзі қышиды.

***

Нар баласын қарпып сүйер.

***

Алты жасар бала атқа мінсе,

Алпыстағы шал

Алдынан шығып атын ұстар.

***

Балалы үйрек көлден кетпес,

Балалы жесір елден кетпес.

***

Болатын елдің баласы

Бірін-бірі

«Батыр!» дер.

Болмайтын елдің баласы

Бірін-бірі

«Қатын!» дер.

***

Ашаршылықты көп көрген,

Өзі тоймай «мә» демес,

Жетімдікті көп көрген,

Үш шақыртпай «ә» демес.

***

Жаманға айтқан ақылың –

Далаға атқан оқпен тең.

Талабы жоқ жас ұлың –

Жалыны жоқ шоқпен тең.

***

Қазанға тиме, қарасы жұғар,

Балаға тиме, бәлесі жұғар.

***

Мал балада қалды,

Бай далада қалды.

***

Атадан жақсы ұл туса,

Елінің қамын жейді;

Атадан жаман ұл туса,

Елінің малын жейді.

***

Боранды күні бала құтырар,

Желді күні ит құтырар.

***

Балалы үйдің ұрлығы жатпас.

***

Жақсы бала қонаққа үйір,

Жақсы тай атқа үйір.

***

Күлшелі бала – сүйкімді.

***

Қыз «қуыршақ» дейді,

Бала «құлыншақ» дейді.

***

Келіннің сөзі кетпендей,

Баланың сөзі батпандай.

***

Болатын бала – пысық,

Жауатын күн – ыстық.

***

Өлетін бала молаға қашады.

***

Жылайын деген бала,

Әкесінің сақалымен ойнайды.

***

Өз балаң,

Өзекке тепсең де кетпейді;

Кісі баласы,

Кісендесең де тұрмайды.

***

Үш баланы өсіргенше,

Үш шаһар апат болады.

***

Баласы бардың өңі ойнар,

Балтасы бардың қолы ойнар.

***

Қарға баласын «аппағым» дейді,

Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.

***

Бала өз несібесін ала туады.

***

Күндес көргеннің қызын алма.

***

Бір бала, атаға жете туады,

Бір бала, атадан өте туады,

Бір бала, кейін қарай кете туады.

***

Жалғыз баласы бардың

Шығар-шықпас жаны бар.

Екі баласы бардың,

Өкпе, бауыр, жалы бар.

Үш баласы бардың

Бұқарада пұлы бар.

***

Бала ханнан үлкен,

Ашамай нардан үлкен.

***

Немере етінжеп, сүйегін береді.

***

Жетімнің ризығы – жұрттан.

***

Бала – бауыр,

Дос – тамыр.

***

Көргенсіз бала – көкірек,

Өнерсіз бала – өкірек.

***

Ерке бала – екі жылар.

***

Ат болар тай саяққа үйір,

Адам болар бала қонаққа үйір.

***

Үй баласымен базарлы,

Қонағымен ажарлы.

***

Қамшыға бүлдіргі

Балаға үлгі керек.

***

Болар бала

Бесігінде бұлқынар.

Болар құлын

Желісінде жұлқынар.

***

Бесіктен түскен бөпеге

Есікке дейін ен дүние.

***

Көргендінің баласы,

Жөргемді келеді.

***

Аға ішкен бұлақтан,

Іні де су ішеді.

***

Жастық көкке,

Кәрілік жерге қаратады.

***

Ұлың үйленсе – ырысың,

Қызың орын тапса – өрісің.

***

Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,

Адам баласы үшін азапқа түседі.

***

Бесік баласы

Бес түлейді.

***

Бала жетіге келгенше

Жерден таяқ жейді.

***

Өкпелегіш балақай

Өз сыбағасынан құр қалар.

***

Ағадағы мал – аспандағы мал,

Інідегі мал – ін түбіндегі мал,

Баладағы мал – даладағы мал.

***

Бала – қымбат,

Немере – ыстық.

***

Кіші баланың ұятын

Үлкен бала көтереді.

***

Ініден ізет.

***

Бала ішегін

Шұбатып жүріп ойнайды.

***

Тентек баланы теке сүзеді.

***

Бала, баланың ісі – шала.

***

Анасын көріп қызын ал,

Аяғын көріп, асын іш.

***

Ата даңқымен қыз өсер,

Мата даңқымен бөз өтер.

***

Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?!

***

Қыздың көзі қызылда.

***

Қызды ауылдың иті жатпас.

***

Қызы бар үйдің жеңгегі сүйкімді.

***

Күйеу келсе қыз тұрмас,

Бесін келсе күн тұрмас.

***

Өзі болған қыз

Төркінін танымас.

***

Арпа берсең, атқа бер,

Қатыр-құтыр шайнасын.

Қызды берсең жасқа бер,

Құшақтасып ойнасын!

***

Көшермен болса жұрт жаман,

Кетермен болса қыз жаман.

***

Отырған қыз орын табар.

***

Қызым үйде, қылығы түзде.

***

Суды шым бөгейді,

Дауды қыз бөгейді.

***

Ыржық қызға – тыржық күйеу.

***

Қалыңдығына өкпелеген күйеу,

Қайнысына сәлем бермейді.

***

Үйінде ұл-қызы бардың,

Көгінде сөнбес жұлдызы бар.

***

Туғаным – туырлығым,

Қарындасым – қазынам.

***

Қотар қызға – қола сырға.

***

Қызы бардың назы бар.

Қысы бардың жазы бар.

***

Төркініне келген қыз

Төрге секірер.

***

Қызғыш құсқа көл пана,

Жетім қызға ел пана.

***

Қызың кер әдеп болса – қорлық,

Балаң бейәдеп болса – қорлық.

***

Бір жақсы қыз,

Екі жаман ұлға татиды.

***

Қыз кетсе – қуаныш,

Тұрақтаса – жұбаныш.

***

Қыз жоқ жерде – қызық жоқ.

***

Апасы киген сәукелені,

Сіңлісі де киеді.

***

Теңін тапсаң – тегін бер.

***

Жетім қыздың жеңгесі көп.

***

Қызғаншақтың қызы

Күйеусіз қалады.

***

Үкісіз қыз болмас,

Тікенсіз гүл болмас.

***

Ұл баланың

Үй күшік болғаны жараспайды,

Қыз баланың

Қыдырма болғаны жараспайды.

***

Қызыңды құтты орынға қондырғанша күт,

Ұлыңды отау иесі болғанша күт.

***

Қызым, қызым, қыз кісі,

Қызыма келді жүз кісі,

Жүз кісінің ішінен

Таңдағаны бір кісі.

***

Күйеу – жолдасымен,

Қыз – жасауымен.

***

Таза сабаның қымызын іш,

Мейірбан ананың қызын ал.

***

Жақсы қыздың жасауын

Жақын-жаран жасайды.

Жаман қыздың жасауын

Сұран-тілен жасайды.

***

Қызды сөкпе,

Тұзды төкпе.

***

Сақау қыз,

Май сұраймын деп,

Шай сұрайды.

***

Қыздың аңқауынан сақта,

Ұлдың жалқауынан сақта.

***

Сұлу гүлдің сарғайып,

Солар кезі болады.

Сұлу қыздың әр тайып,

Оңар кезі болады.

***

Қырын алған жігітті

Қыз қасынан ит қабар.

***

Астың дәмін тұз келтірер,

Ауылдың сәнін қыз келтірер.

***

Отаулап берген қыздың

Отын, суы аз болмас.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады