BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Жанат Жақиянов: Бала кезімде тезірек ер жетіп, ақша тапсам ғой деп ойлайтынмын  

Қазақтың маңдайына бұйырта салған бір берекелі спорт болса, ол - бокс. Ұландарымыз олимпиада ойындарынан алтынсыз оралмайды, кәсіпқой бокста да намысымызды жанып жүргендер жетерлік. 2000 жылдардың бас жағында кәсіпқой бокс десе Василий Жиров пен Марат Мәзімбаевтың есімдері ауызға ілігетін. Қазір кәсіпқой шаршы алаңнан нәсіп терген ер тұлғалары жігіттеріміз көбейді. Жалғыз Геннадий Головкиннің өзі Қазақстанның қандай ел екенін айдай әлемге танытып тастады. Головкиннің табысы мен жеңісті жолы қуат берді ме, әуесқойға айналсоқтап жатпай-ақ, бірден кәсіби боксқа кірісіп кеткен жігіттердің де қатары көбейген. Бірақ, кәсіпқой бокс дегеніңіз - ұзақ жылғы қан мен тердің төгілуін талап ететін, бір жекпе-жектің өзінің жыры бірнеше айға созылатын, қазіргі кезде ақша мен шоу таразы басын басқан күрделі спортқа айналды. Сол жолда шаршамай, шалдықпай, аз бокстасса да саз бокстасып, маңызды титулдарға иек артып жүрген қазақ баласы - Жанат Жақиянов.

Жанат жайлы дерек:

Жанат Жақиянов – жеңіл салмақта (53,5 келі) бокстасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы. WBA супер және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы (2015-2017), EBU тұжырымы бойынша Европа чемпионы (2014-2015).

Алматыға Қанат Исламмен бірге жаттығу жасауға келген жерінен Жанатпен кездесіп, сұхбаттасып қалған едік.

– Жанат, 2007 жылдан бастап кәсіпқой шаршы алаңда жұдырықтаса бастадыңыз. Неге әуесқой бокста өз бағыңызды сынап көрмедіңіз?

– Бұл жерде мені әуесқой бокста жұдырықтаспады деп айтуға негіз жоқ. Себебі мен сегіз жыл бойы бағым жанып қалатын шығар деп үміттендім. Бірақ, бірден айтайын жолым болған жоқ. Мүмкін бабым келіспеген болар, әлде бақ шаппады ма. Мен ол кезде 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бокстасып жүретін едім. Ел ішіндегі менің қарсыластарым өте мықты болды және маған да олардан асып өту оңайға соққан жоқ. Мысалы, 2008 жылы Қанат Әбутәліпов Бейжің олимпиадасына қатысты. Ал Қанат 54 келіде сол кезде еліміздегі нөмірі бірінші боксшы болатын. Ал мен екінші нөмірлі боксшы болып жүргім келген жоқ. Сондықтан бірден артынып-тартынып Американы бетке алдым. Ол жақта да ә дегеннен өмірім жайнап кетті деп айтсам өтірік болар еді. 4 жыл бойы мардымды жетістікке жете алмай жүріп қалдым. Тек 2011 жылы ғана Швецияда өткізген жекпе-жегім кезінде әйгілі чемпион Рики Хаттонның көзіне түсіп, сол жылдан бастап Хаттон промоутерлік компаниясымен бірге жаттыға бастаған болатынмын. Қазіргі уақытқа дейін ұстазым Рики Хаттоннан тәлім алып жүрмін.

– Сіз бірақ шетелдік промоутерлік компанияның аясында жұдырықтасатыныңызға қарамастан елге де жиі келіп тұрасыз. Негізінен жаттығу жұмыстары қайда жүргізіледі?

Мен елге белгілі бір жекпе-жек аяқталғаннан кейін, бапкерлерімнің рұқсатыман ғана келемін. Онда да көпке емес, 1-2 айға ғана. Негізгі жаттығу жұмыстары Ұлыбританияда өтеді. Алайда елге келгенде де құр ел аралап, қыдырғанды жақтырмаймын. Сол себепті бокс үйренемін деген балаларға сабақ беріп, өзім де олармен бірге жүгіріп, жаттығым физикалық дене дайындығымды шыңдай түсемін. Мен тұратын Петропавл қаласының табиғаты шыныққанға, жаттыққанға өте қолайлы. Қыс уақыттарында тауға шығып, шаңғы теуіп, сергисің. Бірақ, жекпе-жек алдындағы дайындық кезеңінде міндетті түрде промоутерлік компаниямдағы бапкерлерімнің көмегі керек. Олар қарсыласқа қарсы қалай дайындалу керек екенін, қандай тактика ұстану қажеттігін тәппіштеп түсіндіреді. Солар құрып берген бағдарлама бойынша жаттығамын.

– Осы жылдың қыс айында әйгілі америкалық Роушен Уорренді сабасына түсіріп, бүкіл әлемді таңғалдардыңыз десек болады. Ендігі мақсат қандай?

– Промоутерлерім қазіргі таңда менің келесі жекпе-жегіме қатысты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Олар қалай айтады, мен солай дайындыққа кірісіп, сосын жекпе-жекке шығамын. Мен көп ретте менеджерлерімнің жұмысына араласа бермеймін. Қандай қарсылас таңдайды, жекпе-жек қай жерде өтеді, оның қаламақысы қалай белгіленеді, қандай титулдар сарапқа салынады барлығы компания мамандарының атқаратын жұмысы. Ал менің жұмысым - шаршы алаңға шығу және қарсыласты қалайда жеңу. Дегенмен, өзімнің жапониялық Синсукэ Яманакамен біріккен жекпе-жек өткізгім келетінін жасыра алмаймны. Ол өте тәжірибелі қарсылас. 28 жекпе-жектің 26-сында жеңіске жеткен. Әйтеуір, жыл аяқталамын дегенше бір жекпе-жектің болатыны анық.

– Жұрт мақтаған Роушен Уоррен қаншалықты мықты екен? Сескендіңіз бе басында?

– Әрине мықты боксшы екеніне ешқандай дау жоқ. Мамандар да, жанкүйерлер де мені жеңеді деп ойлаған жоқ болатын. Бәрі Уорреннен тек жеңіс ғана күткен. Ол да соның күшімен мені ногдаунға да жіберген. Алайда мен бойымды тез түзеп алдым да, қалайда оның осал тұсын табуға тырыстым. Оның соққылары өте мығым, әрі өзіне сенімді жұдырықтасады. Бірақ, бапкерлерімнің кеңесі бойынша мен оған мейлінші жылдам жақындап келіп, жиі-жиі соққылар, іштен соққылар жасауға тырысып бақтым. Соның нәтижесі болар, төрешілер ұпай саны бойынша жеңісті маған берді. Әрине, нәтижеге қарамастан жекпе-жектегі көп қаламақыны америкалық боксшы алады. Бірақ, мен үшін бастысы ақша емес, бастысы кәсіпқой бокстағы осы бір титул, абырой керек болды. Және мен оған қол жеткіздім деп айта аламын. Шындығында Уорренді жеңгенім үлкен табыс болды. Ол ұзақ уақыт бойы әуесқой бокспен шұғылданған. Үш олимпиада ойындарына қатысқан. Бірақ, оның әуесқой бокстағы жолы соншалықты табысты болды деп айта қоюға келмес. Дегенмен кәсіпқой боксқа келе сала өзін жақсы қырынан танытып үлгерген боксшы. Жалпы саны 17 кездесу өткізіп, оның 14-інде жеңіске жетіпті. Бірақ, оның ат-атағы мені еш сескендірген жоқ.

– Титул демекші, осы жекпе-жектен соң БАҚ беттерінде сіздің белдіктен айырылып қалғаныңыз туралы ақпараттар қаптап кетті. Мұндай шу неге байланысты туындаған еді?

– Соңғы жеңісім маған WBA супер тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы деген атақ сыйлады. Бұл тұжырымға қажетті жарнаның барлығы төленген. Ал біздің команда IBO тұжырымына жарнаны төлемеген. Сол себепті ол тұжырымның басшылары маған тиесілі белдікті тартып алды. Бірақ, бұған өкініш жоқ. Бұл енді промоутерлерімнің айналысатын мәселесі. Мен онша бас қатырғым келмейді. Ендігі менің алдыма қойылатын міндет - WBA супер тұжырымы бойынша белбеуді әрі қарай қорғап қалу.

– Материалдық жағдайыңыз қалай? Кәсіпқой бокстан қаншалықты пайда тауып жүрсіз?

– Асып-тасып бара жатқан ештеңем жоқ, материалдық жағдайым шүкір етерлік. Уорренді жеңгеннен кейін облыс әкімі үш бөлмелі пәтер берген. Әрине, жекпе-жектерім де тегін өтпейді. Өзіме тиесілі гонарарды аламын. Ал басқа спортшылар секілді жарнамаға түсуге құмар емеспін. Жалпы, өзімді көп жарнамалай бермеймін. Тып-тыныш өз жұмысымды істей бергім келеді. Әзірге тек ойлайтыным бокс ғана. Әлі біраз жетістікке жеткім келеді. Бала кезімізде қиындық көрдік. Әкеміз ұзақ уақытқа алыс-алыс ауылдар мен қалаларға жүк көлігін айдап кетіп қалатын. Анамыз еңбек етіп бізді барынша асырауға тырысты. Біз ағам екеуміз ата-анамызға көмектесіп, тезірек ер жетіп ақша әкелсек дейтінбіз. Шүкір, қазір бәрі ұмытылды. Азамат деген егізім бар. Ол да осы спорт, оның ішінде бокс саласында. АИБА деңгейіндегі төреші қызметін атқарады.

Осы ретте туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы да білгіміз келеді?

– Туған жерім – Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл округі. Бірақ, 1998 жылдан бастап Петропавл қаласында тұрдық. Алғашқы кезде күреске қызығатын едім. Кейін сыныптастарымның қолқалауымен бокс үйірмесінен бір-ақ шыққан жайым бар. Жалпы, боксқа тым кеш келдім десем болады. 11-сынып дегеніңіз менің 17-ге толып, аяқ-қолымның жетіліп қойған кезі. Өзімді сол жаста бокс әліппесіне баулу оңайға түспеді. Бірақ, ең бастысы көкейде арман болды. Ең алғашқы бапкерім- Владимир Александрович Чернешков деген кісі. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы болатын. Ол кісі өкінішке қарай мені бір жыл жаттықтырғаннан кейін қайтыс болды. Одан кейінгі негізгі бапкерім – Александр Николаевич Лебедев. Бұл мамандардың менің бокстағы мансабыма тигізген оң әсерлері орасан. Олардың алдындағы құрметім ерекше және өмір бойы қарыздармын деп есептеймін.

– Алдағы уақытта Қазақстанда жекпе-жек өткізуіңіз мүмкін бе?

– Әрине, ондай мүмкіндік туындап жатса мен тек қуанышты болар едім. Себебі өз жанкүйерлеріңнің алдында шаршы алаңға шығу спортшыға ерекше мақтаныш сезімін сыйлайды әрі бір жағынан екі есе жауапкершілікті де жүктейді. Қыркүйек айында болатын Қанат Исламның жекпе-жегі аясында кездесу өткізу туралы ойлар айтылды. Бірақ, тап басып қазір бұл мәселеге қатысты нақты ақпарат айта алмаймын. Себебі бәрі оңай шешіле салатын шаруа емес. Егер, расқа айналып жатса мен сіздерге өзім хабарлаймын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер