BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Медет Тұрғамбаев: Робототехника саласындағы өнертабыстарымыз медицинаны дамытып жатыр

Фото: автор

Соңғы жылдары Қазақстанда да робототехника саласының жетістіктері жиі айтылып, көңілге медеу боларлық жаңалықтар жарық көре бастады. Қазақтың ұл-қыздарының қолынан шыққан құлтемірлердің де кереметтігін көз көрді. Әрине, әлде де жетілдіре түсуді қажет етеді. Бірақ, ең бастысы талпыныс бар. Осы саланы індете зерттеп, күн сайын түрлі тәжірибелер жасап көруден жалықпайтын Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің коммерциялық директоры Медет Тұрғамбаев мырзадан робототехниканың қазіргі жәй-күйі туралы егжей-тегжейлі сұраған едік. Маман бұл салада ұландарымыз қол жеткізіп жатқан ерекше жетістіктерге де тоқталды.

Дәл қазіргі сәтте робототехника саласын алға жылжыту үшін IT университет қандай шараларды қолға алып жатыр?

  • Біздің университет робототехниканы дамыта түсу үшін Алматы қаласындағы алты бірдей мектепте өзінің зертханасын ашты. Әр мектепке 16 LEGO Education жиынтықтары берілді. Және біз робототехника саласы бойынша арнайы оқу бағдарламасын дайындадық, оны біздің білім және ғылым министрлігі ресми түрде бекітіп берді. Сол министрліктің мақұлдауынан кейін оқу жобасы жаңағы айтқан алты мектепке өткізілді. Республика бойынша орта мектептер, колледжер мен жоғарғы оқу орындарының ұстаздарының білімдерін жетілдірумен айналысатын «Өрлеу» компаниясы бар ғой. Сол компанияның мамандарын біз осы робототехниканың оқу бағдарламасы бойынша оқытып шықтық. Жалпы алғанда жыл басынан бері біздің жасаған бағдарлама бойынша 80-ге жуық «Өрлеу» маманы оқып шықты. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Біріншісі Arduino деп аталады, ал екіншісі - lego. Айырмашылығы сол, lego дегеніңіз дайын ойыншықтар арқылы, робот құрастыруға мүмкіндік береді. Ал Arduino бұл компьютердің ішіндегі арнайы схема секілді. Оған мотор, түрлі қозғалтқыштар, температураны реттеуші механизмдерді, жарық тетіктерін қосуға болады. Біздің "Арман" және "Шолпан" роботтарымыз осы негізде өмірге келді. Енді осы бағдарлама бойынша бағанағы айтқан "Өрлеу" мамандары еліміздің мұғалімдерін оқытып, оларға робототехниканың не екенін ұғындыратын болады. Енді біртіндеп мектептерде де осы сала қанат жаятын болса, онда оқушыларымыз робот жасаумен ерте бастан шұғылдану мүмкіндігіне ие бола алар еді. Енді біздің ашқан зертханаларымыздың арқасында Алматы қаласындағы №159, 146, 28, 165 деген қарапайым орта мектептің балғындары өз қиялдарымен бетпе-бет келіп, армандарын жүзеге асырады деп үміттенеміз.

Ал сіздердің студенттеріңіздің деңгейі қалай? Мақтанып айтар көрсеткіштер бар ма?

  • Біздің университетте 2011 жылдан бері арнайы зертхана ашылып, өзіміздің студенттердің еркін білім жетілдіруіне жол ашылды. Және біз олардың шеберліктерін ұштай түсу мақсатында жыл сайын робототехника бойынша өткізілетін әлемдік чемпионатқа жіберіп тұрамыз. Мысалы, биыл Токиоға барады. Негізі Тынық мұхиты дивизионы бойынша арнайы чемпионат болады жыл сайын. Біз оған 2011 жылдан бастап қатысамыз. Әр жылда біз ол чемпионатқа 15 шақты студент жіберіп тұрамыз. Ал негізінде командада үш студент, бір капитан болады. Ал қалған студенттер сол жарысты тамашалап, жанкүйер болып, бақылап, тәжірибе жинап қайтады. Оның өзі олар үшін үлкен көмек, үлкен мүмкіндік. Көпшіліктің ықыласына ие болған "Арман", "Шолпан" роботтарымызды да осы чемпионатқа қатысқан біздің студенттер жасап шықты. Чемпионатты ұйымдастырушылар алдын ала түрлі тапсырмалар беріп, өз талаптарын қояды. Мәселен, олар әр роботтың биіктігі 1,5, ені 1 метрдей болу керек, салмағы 20 келіден аспау қажет деген сияқты талап қойылады. Осы талап негізінде әр мемлекет әртүрлі, функциялары әрқилы роботтарды дайындап апарады. Жалпы алғанда, орта есеппен 33-35 мемлекеттің арасында біз 12-15 орындардамыз.

Халықаралық жарыстарда өзгелерді тәнті ету үшін өз ішімізде де бәсекелестік жоғары болуы керек шығар. Бұл тұрғыда не айтасыз?

  • Иә, дұрыс айтасыз, бізде жақсы дамып жатыр дегенмен де, әлі де болса бәсекелестік төмен. Мәселен, өзге елдердің өзара ішінде 200-300 команда сайысқа түсіп, тек жеңгендері ғана халықаралық бәйгелерге ғана қатысады. Болашақта бізде де сондай бәсекелестік болу үшін біз қазірден дайындалудамыз, яғни, Алматы қаласындағы мектептер арасында жыл сайын арнайы чемпионат өткіземіз. Жылдың басында мектептердің барлығына өзіміздің тұжырымдамамызды ұсынамыз. Соның негізінде біздің ресми сайтымызға тіркеліп, сондағы жазылған ережелермен, шартпен танысады. Кейін арнаулы демеушілеріміз мектептерге 200 мың теңге көлемінде қаржы бөлген соң, оқу орындары қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Сосын 3 ай мен 6 ай аралығында чемпионатқа дайындалады. Енді осы мектептің оқушылары алдағы 2-3 жыл ішінде бітіріп шығып, кейін жоғарғы оқу орындарында да осы бағытты жалғастыратын болса, онда біздің еңбегіміз жемісін берер еді. Ең басты мақсатымыз - халықаралық талаптарды еркін орындайтын, ойы ұшқыр, жаңа технологияны жетік меңгерген ұландарды дайындап шығу.

Осыдан бірер жыл бұрын «Арман» мен «Шолпан» есімді роботтарды шығарған едіңіздер. Атағы алысқа кеткен ол роботтардың қазіргі жағдайы қалай? Жетілдіріліп жатыр ма, әлде тоқтап қалды ма?

  • "Арман" мен "Шолпан" роботтарының қызмет көрсету функцияларын жетілдіре түстік. Оны қоғамдық орындарда, түрлі мемлекеттік мекемелерде тұратын, пайдасы тиетін роботтарға айналдырғымыз келген. Бірақ, бәрібір қаржылық қолдау қажет. Қазір күтіп отырған жайымыз бар. Жақында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке де көрсеткенбіз. Ол кісі жылы қабылдап, жобаны ұнатты. Енді алдағы уақытта инновациялық жобалар қатарына енгізіп, ақша бөлдіреміз деген еді, соны асыға күтіп отырған жайымыз бар. Дегенмен, оны күтіп ғана отырған жоқпыз, студенттермен бірігіп түрлі жобаларды іске асырып жатырмыз. Олардың ой-қиялдарын қағазға түсіріп, керекті материалдарды сатып алып, жүзеге асыруға тырысып жүрміз. Әзірге бізде қазақ тілінде де, орыс тілінде де робототехниканы бүге-шігесіне дейін түсіндіретін кітаптар жоқ. Бірақ, оқу бағдарламасы бар. Меніңше, бұл тақырыпта кітап жазғаннан гөрі осындай сайт арқылы жаңарып отыратын бағдарламаның қолданыста болғаны дұрыс шығар. Себебі күніне қырық құбылған технологиялар дәуірінде, инновациялық жаңалықтар ай сайын өзгеріске түсіп отырады.

Келешекте роботтар барлық қызмет түрлері бойынша адамдарды алмастырады деген болжам мен қатар қауіп те бар. Мұнымен қаншалықты келісуге болады?

  • Роботтарды барлық салада пайдалана беруге болады. Бізде ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Василий Сергин деген кісі бар. Ол қазір Жапония астанасы Токиода жүр. Сол кісі айтады, қаланың бүкіл тыныс-тіршілігінде роботтардың атқаратын қызметі мен қосатын үлесі орасан деп. Айтуынша, банкке барса да, қонақүйге бас сұқса да, ең аяғы кафеге барып тапсырыс берсе де бәрін роботтар қабылдайтын көрінеді. Олар толыққанды адамның қызметі мен міндетін алмастырып тастайды деп айтуға келмес, десе де дәл қазіргі заманда оларды пайдаланудың пайдасы жоғары болатыны түсінікті. Робот – дегеніміз жасанды ақыл-ойдың иесі. Оны жасаған кезде сен оған арнайы ақпарат орнатып, сұрақтар мен олардың жауаптарын қатар енгізіп қоясың. Ал кейін дами келе, жетіле келе робот өзі білмейтін сауалдарға да жауап іздей бастайды. Яғни, жасанды интеллект дамиды. Бұл да жасанды интеллектің бір бағыты.

Қазір ерекше қабілетімен көзге түсіп, келешегінен үміт күттіреді деген қандай шәкірттеріңіз бар?

  • Данил Дроздов деген жігіт бар. Ол жігіт пилотсыз ұшақтар жасаумен айналысады. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі "Айбын" әскери фестивалі бар. Сол Қарағандыдағы полигонда өткізілетін фестивалге жыл сайын қатысамыз. Мәселен, былтыр көлемі 4 метрге дейін баратын, аспанда 4 сағат тоқтаусыз ұша алатын ұшақтарды қатыстырдық. Ол пилотсыз ұшақтар 5 шақырым биіктікке көтеріліп, сағатына 50 шақырым жылдамдықпен зулай алады. Енді олардың сондай қатты жылдамдықпен ұшуы басты мақсат емес. Ең бастысы аспанда қалықтай қозғалып, сәтті әуе бейне түсірілімін жасай алса, ойымыздың орындалғаны. Бұл фото, видео түсірілім жасаумен қатар барлау жасауға да қолайлы. Бұрын мұнай компаниялары әуеден барлау жасап, жер-жердегі құбырларды сүзіп шығу үшін тікұшақтарды пайдаланатын. Оған жанармай құю керек, басқа да техникалық шығындары бар дегендей. Ал мынандай ұшқышсыз ұша беретін әуе транспорты ол жұмысты әлдеқайда жеңіл орындайды. Сондай-ақ, оның картасына ұшу траекториясын енгізіп қоюға болады. Әуелі Қаскелеңге барып, сосын Алматыға келіп, содан кейін Талғарға бару керек деп белгілесең, ол сол маршрутты айна-қатесіз орындап шыға алады. Содан соң Мәулен Бектұрғанов деген шәкіртіміз бар. Ол бионикалық робототехникасын мықтап қолға алып, қазір жетістіктерге де жете бастады. Мәселен, ол протез қол жасаумен айналысады. Қазірдің өзінде бір протез қол жасап, қолынан айырылып қалған мүгедек балаға сыйладық. Мысалы, шынтақтан төмен қарай жоқ болса, ол сол адамның қолының және саусақтарының өлшемдерін алып, сол бойынша жасайды. Ол протезге арнайы тетіктер орнату арқылы, жасанды бұлшық ет қызметін қалыптастыратын процесті іске қосып қояды. Яғни, адамның қолы жоқ болса да, оның қызметін сол қалпында әрі қарай жалғастырып алып кетуге қабілетті «бұлшық еттер» бар. Ал протезде орналасқан тетіктер мидан келген сигналды қабылдау арқылы, қозғалысқа жан бітіріп, саусақтарды арлы-берлі жылжытады. Сөйтіп, адам 1-2 ай бойына бионикалық қолды үйретіп шығады қозғалысқа. Егер нәтиже жақсы болып жатса, сондай қолмен жазу жазуға, амандасуға, тіпті бөтелке сынды заттарды ұстап пайдалануға да мүмкіндік туындайды. Қазіргі таңда Мәулен сондай бионикалық қолдың үшінші моделін жасау үстінде.

Расында робототехниканы медицинаны дамыту мәселесімен ұштастырса, пайдасы мол болар еді...?

  • Иә, реті келіп тұрғанда айта кетейін, біздің тағы бір Ердәулет Беков есімді студентіміз бар. Ол қант диабетімен ауырады. Соған байланысты ондай науқасқа шалдыққан адамдар күніне қанын тексеріп, оның құрамы мен ондағы жағдайды өлшеп тұру керек екен. Қазіргі медицинаға сүйенетін болсаңыз, олар саусағыңыздан қан алып, оны арнайы приборға құйып, сосын барып оның жәй-күйін анықтап диагнозды айтады. Ал біздің студент болса, бұл мәселеге басқа қырынан қарап жатыр. Ол қандағы қант деңгейіне бақылау жасап отыратын «Gluco Ways» деген бағдарлама құрастырған. Ол бойынша кәдуілгі клипса құрылғысын құлаққа жапсырып қояды. Ол бір қарағанда жәй ғана сырға секілді зат. Сосын құрылғыны қосады. Одан кейін LED сигналды күту керек. Осыдан соң клипса автоматты түрде қосылып, қандағы қант мөлшерін анықтай бастайды. Сосын сол ақпаратты ол ұялы телефондағы мобилді қосымшаға жібереді. Ердәулеттің бұл өнертабысы 2015 жылы 26 қыркүйекте Tech Garden Fest 2015 фестивалінде "Ақылды индустрия және инфрақұрылым" аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 5 000 000 теңгені жеңіп алды. Сөйтіп, өзіңнің смартфоның арқылы қанның ішінде қанттың көлемі қанша екенін оңай көре аласың. Бізде қазір ол балаға қолдау көрсетіп жатырмыз, тіпті денсаулық сақтау министрілігінің өзі қызығушылық танытып жатыр. Бізде өз тарапымыздан жобаға демеушілік танытатын инвестор іздеудеміз. Одан бөлек қазір біздің студенттер қоғамдық көлік навигациясын реттейтін «City Router» қосымшасын құрастырып шығарды. Және тағы бір студенттер тобы «I see you» деп аталатын бейнебақылау үшін бағдарламалық қамтамасыз ету жобасын ойлап тапты. Ол бойынша түрлі қылмыстарды, оқиғаларды ізін суытпай ашуға мүмкіндік туындайды. Әлібек Жақыпов есімді студентіміз «ecoStation» деп аталатын экологиялық автобус аялдамаларын салуға ниетті. Оның ұсынып отырған тұжырымы бойынша, аялдама күн батереяларымен жабдықталып, мобилді электроника (смартфон, планшет, ноутбук) құрылғыларын қуаттауға мүмкіндік береді. Және ол жерде тегін Wi-Fi интернеті де қарастырылған.
  • Фото: автор

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер