Кім кінәлі: тағдыр ма, әлде терезе? - Ашық әңгіме|07 Тамыз 2018, 16:11
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Кім кінәлі: тағдыр ма, әлде терезе?

«Бүгін бесінші қабаттан үш жасар сәби құлап, көз жұмды», «Кеше екінші қабаттан құлаған сәби ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», «Өткен аптада төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде ажал құшты»... Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында осындай сипаттағы жаңалықтар көбейіп кетті. Бұған себеп үйде баласын қараусыз қалдырып кеткен ата-ананың салғырттығы ма, әлде екінші қабаттан бастап барлық терезеге темір тор орнатуды міндеттемеген заңның әлсіздігі ме? Baq.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде мамандардың пікірін біліп, мәселенің мәнін ашуға тырысып көрді.

«Басқаның баласы құлағанмен, менің балам құламайды»

Былтыр Сарыарқа ауданының әкімі аппаратының бастамасымен, ауданның ІІБ ЖПҚ бірлесе отырып, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мақсатында «Терезені жап – үйде бала бар» науқаны өткізілді. Науқанның мақсаты – ата-аналарды пәтер ішінде қырағы болуға және баланы көзден таса қылмауға, терезелері ашық жерлерді баланы қараусыз қалдырмауға шақыру болатын. Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қараусыз қалу мен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша рейдтер өткізілді, тұрғындар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ балалар терезені өз беттерімен аша алмайтындай терезелерге арнайы қорғаныс жүйелерін орнату қажеттілігі туралы хабарландырылды. Қандай шара қолданылса да сәбилердің терезеден құлап кету жағдайы азайған жоқ.

Биыл осы уақытқа дейін басқа облыстарды есептемегенде Астана қаласының өзінде ғана 17 рет терезеден сәбидің құлап кетуі жағдайы тіркелген. Мұндай оқыс жағдайға тап болған сәбилердің бірін періштесі қағып тірі қалса, бірі көз жұмыс, енді бірі тірі қалса да мүгедек болып қалады. Ең өкініштісі, ата-ана мұндай жағдай өз баласының басында болуы мүмкін екеніне мән бермейді, сөйтіп терезеге темір тор орнатпай жүре береді.

Астана қаласының тұрығыны Мадина Райханова көршісінің баласы терезеден құлап кеткенін көргенде ғана өз үйінің терезесіне темір тор орнату туралы ой келгенін айтты.

- Осыдан бір-екі ай бұрын екінші қабаттағы терезеден екі жасар қыз бала құлап кетті. Ол бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатып шықты. Беті енді бері қарады. Өзімнің екі кішкентай ұлым бар, сол жағдайды көргендіктен терезеге темір тор салғыздым, - дейді ол.

«Терезеге темір тор орнатуға билік тарапынан қолдау жоқ»

stroiremdoma.ru

Сәбилер терезеден құлауының ең басты себебі – ата-ананың салғырттығы. Енді еңбектеп жүре бастаған, «көрсем-білсем» деген ниетпен әр нәрсені ұстап көретін жастағы баланы терезесі ашық тұрған бөлмеде қалай жалғыз қалдырып кетуге болады? Мұндай жағдайда ата-анаға заң жүзінде шара қолдануға бола ма? Бұл сұрақтарға заңгер Айнаш Нәкешбаева жауап берді.

- Осындай жағдайға тап болған ата-ананы жазалау мәселесімен ешкім алдыма келіп көрген жоқ. Әр ата-ана сәбиінің өмірі үшін жауапты, сол үшін қайғылы жағдайдың орын алуынан сақтау үшін терезеге темір тор орнатыңыз. Терезеге темір тор салуға қаражатыңыз жоқ па, онда балаңыздың терезеге шығып кетпеуін барынша қадағалаңыз. Баласының терезеден құлап кетуіне жол беріп алған ата-ана Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 119-бабы, яғни «Қауіпті жағдайға қалдыру» бойынша жазаланады, - дейді ол.

- Ал құрылысы басталған үйлердің терезесіне темір тор орнатуды сметалық жобаға енгізу қаншалықты мүмкін? Қайғылы жағдайдың орын алуының алдын алатын ең дұрыс жол осы сияқты.

- Бұл мәселені көпқабатты үйлердегі архитектуралық қызмет арқылы ретке келтірмесе, басқа шешім жоқ. Осыған ұқсас көптеген әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар бар, бірақ олардың бәрін мемлекет қаржыландыра бермейді. Яғни, құрылыс компанияларының бірі үй тұрғызғанда міндетті түрде екінші қабаттан бастап терезелеріне темір тор қою керек деген бастаманы көтерген жағдай болған, бірақ ол бастаманы қолдаған ешкім болмаған. Тіпті болмағанда қауіпсіздік шараларын сақтау жайлы дәрістер оқылып, баннерлер ілінсе – халық кішкене назар аударатын еді.

«Өз-өзін жазғыратын ата-ана көп»

melodiya.biz

Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай оқыс жағдайдың болуына ең алдымен ата-ана кінәлі. Мұндай жағдайды ешкім басына тілеп алмасы анық, бірақ оқыс жағдай екен деп жауапкершіліктен қашу да дұрыс емес. Осындай оқиғаға тап болған ата-ана заң алдында болмаса да, іштей өз-өзін жазғырумен өтетіні сөзсіз. Мұндай жағдайда не істеуге болатыны туралы психолог маман Анастасия Савельева пікір білдірді.

- Менің қабылдауымда әртүрлі себеппен баласынан айырылып қалған ата-аналар болды. Олардың жанайқайын ешкім түсінбегендіктен, өз-өзіне қол жұмсауға баратын ата-аналар да болады. Кейде оларға не айтып, қалай жұбатарыңды да білмей қаласың. Іштей өз-өзін жеп, қайғыға батқаннан гөрі, арнайы маманның көмегіне жүгініп, көмек алғаны әлдеқайда дұрыс, - дейді ол. Савельева.

2018 жылы сәбилердің терезеден құлауына байланысты оқиғалар тізбегі:

3 наурызда Астана қаласындағы «Изобилие» тұрғын үй кешенінің 9-қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесінен құлап кете жаздаған 4 жастағы сәби құтқарылды.

2 мамырда Ақтау қаласында 4-қабаттағы терезеден құлап кеткен қыз бала әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

28 мамырда 4-қабаттағы терезеден құлап кеткен бес жастағы бала бассүйек-ми жабық жарақатын алып, миы шайқалған күйде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

7 маусымда Шымкентте 3-қабаттың терезесінен құлаған үш жасар қыз бала көз жұмды.

12 маусымда Жамбыл облыстық балалар инфекциялық ауруханасының 2-қабатынан екі жасар бала құлап кетті. Бұл Таразда бірінші рет болып отырған қайғылы жағдай емес. Бір ай бұрын, яғни 12 мамырда ол жақта тағы бір қайғылы жағдай болды: екі қабатты жеке тұрғын үйде ата-анасының қарауынсыз қалған кішкентай қыз терезеден құлап кеткен еді. Ол да ауруханаға жатқызылған.

15 маусымда төрт жастағы бала бес қабатты үйдің 5-қабатындағы терезеден құлап кетті.

1 шілдеде Қарағандыда төрт жастағы бала көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы терезеден құлап, қайтыс болды. Тағы бір оқыс оқиға Абай қаласында орын алды. 30 маусым күні 2017 жылы туылған сәби 5-ші қабаттан құлаған. 28 маусымда Теміртауда 3 жастағы бала 6-шы қабаттағы терезеден құлап кеткен. Екі бала да ауруxанада.

2 шілдеде Қарағандыда үлкендердің қарауынсыз қалған 2 жасар сәби 8-қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, көз жұмды.

9 шілдеде Павлодар облысы, Екібастұз қаласында 6 жасар бала 2-қабаттан құлап кетті.

19 шілдеде Өскемендегі көпқабатты үйлердің бірінде 3-қабаттағы ашық тұрған терезеге шығып алған сәби жұртты дүрліктірді.

Біздің анықтама

ҚР Қылмыстық Кодексi

119-бап. Қауiптi жағдайда қалдыру

1. Өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi жағдайдағы және сәбилiгiне, қарттығына, науқастығына қарай немесе өзге де дәрменсiз күйi салдарынан өзiн-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкiндiгiнен айырылған адамды көрiнеу көмексiз қалдыру, егер кiнәлi адамның сол адамға көмек көрсету мүмкiндiгi болған немесе сол адамға қамқорлық жасауға мiндеттi болған не оны өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күйге өзі түсірген жағдайларда бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгі мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Көмексiз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, көмексiз қалдырылған адамның абайсызда өліміне әкеп соққан іс-әрекет –

үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Аягөз ТҰРСЫНХАН

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер