BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Ақылбек Күрішбаев: "Әйтеуір бір диплом алсам болды" деп келетін студент көп Эксклюзив

Қазақстандағы аграрлық салада мамандар тапшы. Бұл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевтың пікірі. Дегенмен осы сала бойынша маман даярлаудың өзіндік базасын құрып үлгерген университет ректорымен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

- Қазіргі кезде ауылшаруашылығы мамандары жетіспейді деген пікірді көп естиміз. Сіздер дайындап жатқан мамандар қайда кетіп жатыр сонда?

- Ол рас ақпарат. Ауылшаруашылық саласындағы ең өзекті мәселе – кәсіби мамандардың жетіспеушілігі. Дегенмен әр түйткілдің шешімі болады. Біз осы мақсатта жұмыс берушілермен келісім жасап жатырмыз.

Біріншіден, біз серіктесіміз Калифорниядағы Devis университетімен бірлесе отырып біршампа оқу-тәжірибелерімізді өзгерттік.

Екіншіден, оқытушылардың сапасын көтеруді қолға алу керек. Ол үшін біз не істеуіміз керек? Қазіргі кезде университеттерге академиялық мүмкіндік берілді. Соған байланысты біз өндірістен ең мықты, ең үздік деген мамандарды өзімізге шақыра аламыз. Солар келіп университетте сабақ береді. Біз әзірге 50 маманды шақырып отырмыз. Олар өздерінің тәжірибесінде бар, нақты қазіргі таңдағы ғылымды студенттерге беретін болады.

Мұның сыртында біз өз студенттерімізді шетелдік үздік аграрлық университеттерге жібереміз. Оның сыртында, біздің университет өз тарапымыздан енгізген тағы бір өзгерісіміз: Мысалы, көп оқытушы теорияны біледі, бірақ тәжірибеде көп жұмыс істемейді. Осыған байланысты 5 жылда бір рет ең үздік шаруашылыққа барып тәжірибеден өтіп тұрады. Яғни, білімін шыңдайды. Осы бағытта қолға алынған тағы бір тың өзгерісіміз – студенттердің тәжірибеден өту мерзімі. Бұрын бізде студенттер үш-ақ ай өтетін тәжірибеден. Қазір біз оны 5-6, тіпті 8 айға дейін ұзарттық. Яғни, студент тұқым себуден бастап, орақ уақытына дейін өз көзімен көреді.

Әрине, мұндай ұзақ мерзімді тәжірибеден өтуде ең таңдаулы шаруашылықтармен келісім жасап, соларға жібереміз. Ал тәжірибеден өтетін студенттің өндірістік-жетекшісі сол шаруашылықтың басшысының өзі болады. Болмаса сол өндірістегі ең алдыңғы қатарлы кәсіби мамандары жетекшілік етеді. Оларға біз өз оқытушыларымыз секілді жалақы төлейміз. Ал студенттерге бағаны сол жетекшілері қояды.

- Жақсы, осылай барлық жағдайын жасап оқытқан студенттерді бітірген соң, ауылға қалай апарамыз? Олар бармайды ғой.

- Бұл енді екінші мәселе. Бұған дейін айтып отырғанымнан да маңызды мәселе деуге болады. Мамандар ауылға баруы керек. Қазір өкінішке қарай, аграрлық университеттерге қаланың балалары көп келеді. Бітіріп шыққан соң олар өндіріске бармайды. Себебі біздің елдегі грант берудің жүйесі солай қалыптасқан. Кім көбірек балл жинасса, сол грант алады. Тіпті, тек әйтеуір бір ЖОО-ның дипломын алсам болды деп келетін студенттер де көп.

Дегенмен осы мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл өте бір жақсы ұсыныс жасады деп ойлаймын.

- Ол қандай ұсыныс?

- «Ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша грантпен оқып шыққан балалар міндетті түрде үш жыл ауылға, шаруашылыққа барып жұмыс істеу керек» деген ұсыныс. Меніңше бұл қолдауға тұрарлық ұсыныс. Өйткені мемлекет ақша төледі ғой. Сондықтан бітірушілер ауылға баруға міндетті болуы керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана аграрлық университеттерге ауылға баратын балалар келеді. Ауыл тіршілігімен таныс балалар келеді. Сонда ғана біз нақты агро саласының мамандарын даярлай аламыз. Бұл ең негізгі мәселе деп ойлаймын.

- Бұл заң қашан іске асады?

- Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл заңды ұсынды мәжіліске. Алдағы уақытта талқылайтын боламыз, барлық осы салаға қатысы бар ғалымдармен бірлесе отырып. Егер парламент бұл заңды мақұлдайтын болса, алдағы жылдан бастап қолданысқа енгізуге болады.

Қазіргі кезде Ресей осындай жүйеге көшті. Аграрлық университеттерді бітірген студенттерді міндетті түрде ауылдарға жібереді. Біз де солай істеуіміз керек. Тек аграрлық сала ғана емес, медициналық оқу орындарын бітірген студенттер де болмағанда үш жыл өз мамандығы бойынша ауылда қызмет істеуі керек. Сол кезде ғана мәселенің барлығы өз-өзінен шешімін табады деп ойлаймын.

- Ауылшаруашылық салада маман жетіспейді дегенді өзіңіз де айтып отырсыз. Нақты қандай мамандар жетіспейді?

- Біраз мамандықтар жетіспейді. Дегенмен мәселе маманда ғана емес. Себебі дайындалып, ЖОО-дан оқып шыққан мамандар ауылға бармай қалады. Мысалы, біздің университетті алып қарайтын болсақ, бітірген студенттің 80 пайыздайы сол жылы-ақ жұмысқа орналасып кетеді. Бұл біздің мәлмет емес, БЖЗҚ-ның мәліметі. Әрине, жұмысқа орналасып, өз еңбегін жасағаны жоқсы, бірақ, оның көбі ауылға бармай қалады. Ал біз жаңағы жоғарыда айтқан заңды қолданысқа енгізетін болсақ, студенттер бітіре салысымен ауылға баратын болады.

- Аграрлық салаға қыздардың көптеп келуі, ауылға баратын маманның санын кемітіп отыр деген пікірге не айтасыз?

- Қыздар мен ұлдарды бөліп қараудың керегі жоқ шығар. Себебі, менің білетінім, қыздар жақсы оқиды. Олардың білімдері де жақсы. Дегенмен мәселе кім болса да, бітірген соң ауылға бара ма, бармай ма? Мәселе осында ғана. Егер де жаңағы заң жобасын қолданысқа енгізетін болсақ, бізге алдын ала келісіп, бітірген соң ауылға барып, шаруашылықта жұмыс істейтін студенттер ғана керек болады. Яғни, дипломы қолына тиген соң ол бірден ауылға баруы керек.

- Ал сіздер оқытып шыққан маманға өндіріс төтеп бере ала ма? Яғни заманауи технологиямен қамтамасыз етілген өндіріс бар ма?

- Бұл үлкен мәселе. Мысалы шетелдегі дамыған мемлекеттерде әрбір университет – білім тарату орталығы. Бізде, өкінішке қарай, бұл дамымаған. Сондықтан біздің университет осыны қолға алып отыр. Атап айтар болсам, балық шаруашылығы бойынша, жылыжай бойынша, т.б. салалар бойынша білім тарату орталығын аштық. Қызығушылық өте үлкен.

Оның сыртында Ауыл шаруашылық министрлігінің тапсырмасы бойынша егінге тұқым себу технологиясын енгізіп жатырмыз. Биылғы жылдың өзінде 9 шаруашылық пилоттық жоба ретінде қолға алды. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысы қатарлы өңірлерде осы жоба бойынша алғашқы тәжірибелік жұмыстар басталды. Жаңағы 9 шаруашылық осы өңірлерде орналасқан. Біз оларға технологияны дәлме-дәл енгізіп, өнімін алуға қол жеткіздік. Нәтижесі өте жақсы.

Осы жоба негізінде 400-ге жуық жас маман білім алды, технологиямен жұмыс істеудің, оның тиімділігін түсінді. Мысалы, «ғалымдар теориямен көп айналысады, тәжірибеде жоқ» деген пікір бар ғой. Біз биыл соған көз жеткіздік. Қарағанды облысында биыл біз астықтан тарихи рекорд орнаттық. Осакаровка ауданындағы бізбен бірлесіп егін салған шаруашылық бір гектардан 50 центнер астық жинады. Қатты бидайдың жоғары сортты өнімі. Ол шаруашылық біздің ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқан шаруашылық болатын. Және жоғарыда айтқанымдай, дәлме-дәл технологияны енгізген болатын.

- Алынған өнімнің сапасы қандай болды?

- Сапасы өте жоғары. Егін алқабын облыс басшылары да барып көрді. Жоғары өнім берген алқапты кез келген адам барып көруіне болады. Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар да барып көріп, жақсы бағасын берді. Бұл біздің университетте қызмет істеп жүрген агроном мамандардың еңбегінің жемісі деп айтуға әбден болады.

Ал біз осы бағыттан танбай жұмыс жасай беретін болсақ, еліміздегі бидай сапасын көтеруге мүмкіндік алатын боламыз.

- Бұл жұмысты дамыту үшін шаруашылық базасы қажет қой. Бұл бойынша сіздердегі жағдай қалай?

- Жоғарыда Калифорниядағы Devis университетімен бірлесе жұмыс істеп жатқанымыз туралы айттым ғой. 5 жылдан бері ғылыми байланысымыз жақсы жолға қойылды. Сол оқу орнының ғалымдары айтады, «сендер студенттерді тек қана мәлімет алуға үйретесіңдер. Ал мәліметтерді іс жүзінде көрмегендіктен, саналарынан тез өшіп қалады. Сондықтан олар біліп, қолмен істеп үйренулері керек» дейді. Расымен, біздің университеттер оқытумен ғана айналысқаны болмаса, тәжірибеге онша мән бере бермейді. Осыған байланысты біз өз университетімізде төрт технологиялық платформа аштық. Әзірге бізде барлығы бар. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу цехы, лобраториялар, оқу кмпусымыз бар. Кампуста 1200 га жеріміз бар. Сол жерде біздің ғалымдарымыз өзінің жетістігін енгізіп, студенттерге сол жерде сабақ береді, тәжірибелерімен бөліседі.

Осылайша біз шетелдегі дамыған университеттерден бір де кем емес тәжірибелік базаны жабдықтап отырмыз. Солардың білім стандартына, тәжірибелік базасына теңестік. Егер осыны дамыта алсақ, бізде сапалы, білімді мамандар дайындап шыға алатынымызға күмәнім жоқ.

- Бітірушілерді ауылға апарғанда оларға жағдай жасала ма?

- Менің де айтқым келіп отырғаным осы жайт. Заңды шығарып, студенттерді бүгін-ақ міндеттеуге болады. Бірақ, өзің айтпақшы, біздің ауылдарда жас маман өмір сүріп кете алатындай жағдай бар ма деген заңды сұрақ туындайды. Өздеріңіз білесіздер, еліміз бойынша «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Осы бағдарлама бойынша өткен жылы біз сараптама жасап көрдік. Біздің университеттен бітірген 100 ветеринар аталған бағдарламамен ауылға барса, соның 25-і ғана үстемақы алған. Бұдан бөлек тағы да екі адам жеңілдетілген несие алған. Ал шын мәнісінде қанша адам осы бағдарлама бойынша барса, сонша адамға тиісті жеңілдіктер жасалуы керек еді.

Осындай олқылықтардың орнын толтырып, ауылға баратын жастардың жағдайына көңіл бөлгенде ғана біз ауылшаруашылығы саласындағы маман тапшылығынан құтылатын боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер